Биыл Тәуелсіздіктің алтын шамы жанғанына 19 жыл толып отыр. 19 жыл – белсенді белес пен айшықты ақиқаттың нақты көрінісі. Әр жолы тарих жылнамасына алтын әріптермен жазылар жақұтты жылдар екеніне ешкім де қарсы уәж айта алмас. Ал бүгінгі таңда сол бір 1991 жылы туған тәуелсіздіктің құрдастары кәмелеттік жастан өтіп, жаңа өмірге қадам басуда. Осыған орай, жастардың ой-пікірін тыңдап, сөз сөйлеуге шақыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Астана қаласының әкімдігі мен «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ бірлесе отырып ұйымдастырған жасөспірімдер мен жастар форумының пленарлық мәжілісі елордадағы «Көрме» орталығында өтті. «Біз – Тәуелсіздіктің құрдастарымыз! Біздің Отанымыз – Қазақстан» атты тақырыпты барынша аша білген Жастар конгресінің кездесуі үш бірдей үнқатысу алаңы мен пленарлық мәжілісті қамтыды. Мақсат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығын атап өту арқылы жасөспірімдер мен жастар арасында патриотизмді арттыру және Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың ерліктерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсету.
Форумның негізгі бөлігі үнқатысу алаңдарында қызу талқыға түскен ұсыныстарды жариялаумен байланысты болды. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және патриоттық тәрбие беруді жоғарыға қойған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жас саясаттанушылар» клубының жетекшісі Кәрібек Дәулет: «Аға буын жасап кеткен жұмыс нәтижесін кіші буын алып кетуі қашанда қиын. Өйткені, жаһандану мәселелеріндегі өзгерістер ұлттық мүддемізге үлкен қайшылықтар туғызуда. Осыған байланысты, жастар мен жасөспірімдердің басын қосқан «Қазақстан жастарының конгресі» баршамызды бір арнаға салып, Отан алдында маңызды жұмыстарды атқарып келеді. Форум нәтижесінде мемлекеттің ертеңі бүгінгі жастар екендігін ескеріп, елдік қасиеттерді бойға сіңіріп, Қазақстанды сүю мен оны одан әрі әспеттеуге, ұлтжандылық сезімнің ұлтшылдыққа ұласуын болдырмауға мүмкіндік болатынына сенемін!», – десе, «Астана жастарының – Қазақстан жастарына үндеуін» ЕҰУ-дің 3-курс студенті, Тәуелсіздіктің құрдасы Мақсат Хабаров баяндады. Ол: «Біз – жастар, Қазақстанды ХХІ ғасырда гүлденген, іргесі берік, әлемдік қоғамдастықтағы мәртебелі мемлекетке айналдыруға бағытталған Елбасымыздың саясатын мақтаныш тұтамыз. Біз өз Отанын шексіз сүйетін, еңбекке құштар, спортты өмірлік салтына айналдырған санаулы да саламатты ұрпақ сабақтастығын жалғастырамыз. Біздің жастық жігеріміз бен еселі еңбегіміз, басты құндылығымыз – Тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағытталған!», – деді. Форумның үндеуі мыңдаған жастың отансүйгіштік сезімін арттырып, мыңдаған ұл-қыздың намысын қорғап, талай өрендердің өр кеудесіне оттан да ыстық жалын сыйлап, ой-өресіне өнеге өретіндей өсиет болды.
Қай заман, қай елде болмасын заңғар талап пен асқақ арманды, ар мен намысты бәрінен жоғары қоя білетін халықтың негізгі бөлігі – жастардың үлесінде екендігі баршаға мәлім. Осыны ардақ тұтып, елі үшін жаны күйзелетін, тәуекелшіл жастардың форумына республикалық және қалалық жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділерінен құралған 150-ге жуық делегат қатысты. Сонымен қоса, Астана қаласының әкімдігі мен жастар арасындағы үкіметтік емес ұйым өкілдері басқосты. Форум – жастармен оң үдерістегі үнқатысу ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында әрбір жастың қызметінің маңызы зор екендігін айқындай түсті.
Жұлдыз БАЙДІЛДА. Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.