• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2010

Ұлы дала, жаңарған ел, жас елорда және айнала толған жаңалық

611 рет
көрсетілді

Журналист жазбалары Не нәрсенің болмасын артықшы­лы­ғы мен кемшілігі, жақсылығы мен жа­мандығы салыстырулар арқылы ашы­лады ғой. Ал салыстыру үшін көру, білу қажет. Көру, білу дегеніміз – үлкен бақыт. Қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі, тіпті адам басына артық байлықтың бітуі – өз алдына бір бөлек дүние. Ал көру, білу бақытының мәні одан гөрі де жоғары тұратынына ешкім шек келтіре қоймас. Еліміздің өз тәуелсіздігіне ие бо­лу­ына байланысты «Егемен Қазақ­стан­ның» журналистері осы бақыттан кенде қалмаған. Мен де осы газетте қызмет істеген жылдары АҚШ-та, Жапонияда, Еуропаның бірқатар елдерінде, ТМД-ның біраз мемлекеттерінде, Таяу Шы­ғыс­та, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Африкада болып, үлкенді-кішілі халық­аралық кездесулер мен форумдардан ақпарат тарату ісіне қатыстым. Мұның бәрін айтып отырған себебім, жуықта ғана болған ЕҚЫҰ-ның Ас­тана Саммиті ерекше есте қалар­лық­тай жағдайда өтті. Саммиттің ЕҚЫҰ, жал­пы халықаралық қоғам­дас­тық, Ор­та­лық Азия, Қазақстан үшін маңызы мен рөлі туралы біраз жа­зыл­ды, жа­зы­лып та жатыр, әлі жазылады да. Ал мен журналист ретінде өзім бай­қаған жекелеген жәйттерді, соның ішінде журналистер үшін жасалған қолайлы жағдайды осы уақытқа дейін көрген-біл­гендеріммен салыстыра отырып әң­гіме қозғамақпын. Өзім куә болған халықаралық форумдар арасында Вашингтонда өткен ядролық қарусыздану мәселесіне арнал­ған дүниежүзілік саммит, Минскідегі ТМД мемлекет басшыларының бас­қо­суы және Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті журналистерге жасалған қолайлы жағ­дай жөнінен басқаларға қарағанда біршама ерекшелене түсті деп ойлаймын. Енді осы үшеуін салыстырып көрейік. Вашингтонда өткен дүниежүзілік сам­­митке елуден астам елдің бас­шы­лары және бірнеше халықаралық ұй­ымның жетекшілері қатысты. Мұндай саммитке қатысу құрметіне Орталық Азия­дан тек Қазақстан ғана ие бол­ған­дығын айта кетсек, артық болмас. Бұл саммит Вашингтонның Кон­гресс-орталығында өтті. Осы орталыққа 5 мыңнан астам адам еркін сыйып кетті. Оның 2 мыңға жуығы журналистер бол­ды. Журналистер екінші қабаттағы баспасөз орталығына лайықталған екі-үш үлкен залға орналастырылды. Осы жерлерден Конгресс-орталықтың үлкен мәжіліс залында өтіп жатқан саммит барысын анда-санда тамашалап отыр­дық. Себебі, саммитті өткізіп отырған АҚШ қауіпсіздік мәселесін қатты ескергендіктен болар, жиынның бәрін бізге көрсете қойған жоқ. Саммит пен оның баспасөз орталығы бір ғи­ма­рат­тың ішінде жұмыс істегендіктен, жур­налистердің қозғалысы­на да «былай қа­рай жүруіңе болады, ал былай қарай жүруіңе болмайды» дегендей ішінара шектеулер қойылды. Әрине, журналистердің бәріне компьютер жете қойған жоқ. Көпшілігіміз өзіміздің алып келген ноутбуктерімізді пайдаландық. Телефондар жекелеген жер­­лерге ғана қойылды. Егер әрбір жур­на­листің қолында роумингі бар ұялы теле­фоны болмаған жағдайда ол телефон­дар­дың екі мыңға тарта БАҚ өкілінің мәсе­лесін шеше алмай­тындығы да анық еді. Дегенмен, қалай алып қарағанда да, бір сәтте бес мың адамның басын қо­сып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бера алатындай аса үлкен ғимараттың болуы мемлекеттің қуатын білдіретіндей. Бұл ғимараттың өзі ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болып, ұзақ жылдар бойы ауық-ауық жүргізілген жаңарту, қабырғаларын бекітіп, үстінен жаңа қа­баттар қосу нәтижесінде кеңейтіліп, қазіргі бейнесіне енген екен. Яғни, Кон­гресс-орталық пен оның салыну та­рихының өзі алып АҚШ-тың дәл осын­дай алып қал­пын­да бір күнде пайда бола қалмаған­дығын, Құрама Штаттар ретінде бір күнде құралмағандығын сездіретіндей еді. Бір қызығы – Минскідегі ұлттық орталық кітапхана да Беларусьтің жаңа тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Оны салу Беларуське онайлыққа түспеген. Құрылысы да бірнеше жылдар бойы жүргізіліп, ақыры 2006 жылы біткен. Қазір бұл ғимарат – ел басшылығының мақтанышы. Барлық мәртебелі жи­ын­дар осы жерде өтеді екен. Алайда ТМД саммитіне көп адам жинала қоймай­тын­дықтан, мұндағы журналистердің қарасы 100-150 адам мөлшерінде ғана болды. Сондықтан мұнда орнатылған компьютерлер толық жетті. Жалпы, осы ғимаратта бірнеше рет болып, қонақжай беларусь хал­қы­ның дәмін талай таттық. Ал енді осылармен салыстырғанда Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті өткен Тәуелсіздік сарайы мен оның баспасөз орталығы орналасқан «Шабыт» сарайы жаңалықтың, жеделдіктің, қазіргі заман сән-салтанатының символындай бол­ға­ны шындық. Ойлап қараңыз, ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммиті өткен Астана қа­ласы – бүкіл әлем бойынша алғанда ең жас та жаңа елорда. Саммиттің өзі өт­кен Тәуелсіздік сарайы мен оның бас­пасөз орталығы орналасқан «Шабыт» сарайы және ұйымдастыру комитеті орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайы – жаңа ғимараттар. Олардың іші­не орнатылған құрал-жабдықтардың бәрі жаңа. Бұл үш ғимарат бір-бірімен көрші орналасқандықтан, бір-біріне сән беріп, сәулеткерлік үлгілері ерекше жа­расым тауып тұрғандығы тағы ақиқат. Шабыт сарайындағы баспасөз орта­лы­ғының жұмысына шетелдік және отан­дық журналистер ерекше тәнті бол­ғандығын айта кету парыз. Журналистер отыратын барлық үстелдердің алды­на жеке-жеке компьютер қойылды. Оның үстіне, әрбір екі журналиске бір қызмет телефонынан және орнатылды. Осы ретте «Қазақтелеком» АҚ-тың мінсіз қызметіне алғысымызды айта кетсек, артық болмас. Әлемнің кез келген түк­пірімен интернет, халықаралық телефон желісі, факс арқылы ешбір тоқ­таусыз хабар алмасу, ақпарттар жөнелту жүйелі қамтамасыз етіліп тұрды. Әрбір залда осы қызметтердің мінсіз жұмыс істеуін бақылап, операторлар мен инженер жігіттер жүрді. Компьютерде немесе басқа да байланыс құралында сәл ақау білінсе, жетіп келіп жедел іске қоса қояды. Осы жағдайға журналистердің көпшілігі тәнті болып жатты. Баспасөз орталығындағы аспаздар мен даяшылар қызметі де бөлек бір әң­гіме. Олар да өз қызметтерін өте бір шеберлікпен барынша адал атқарды. Бір сәтте және екі тәулік қатарынан 1,5 мың журналиске бірден қызмет көрсету деген оңай ма? Ал енді олар тамақ жайған залдар мен дастарқанның тазалығы мен жинақылығы тұрғысынан айтсақ, тазалық жұмысының өзі конвейерге қойылғандай немесе осы­нау «Шабыт» сарайында бір сәтте 1,5 мың жур­налист бас қоспағандай әсерде бол­дық. Менің ойымша, бұл жолы қазақ хал­қы өзінің дәстүрлі қонақжайлығының ғана емес, сонымен қатар, оның қазіргі заман­дық мінсіздігінің үлгісін де көрсете білді. Ұлы дала, жаңа елорда, жаңадан жедел салынған көрікті ғимараттар, олар­дың мінсіз қызметі... Саммитте қа­был­данып, ЕҚЫҰ жаңа дәуірінің бастал­ған­дығын білдіретін Астана Деклара­циясының маңызын былай қойғанда, саммиттің осылайша ұйымдастырылуы мен өтуінің өзі бізді үлкен әсерге бө­леді. Біз ел жетістігін көріп, марқайдық. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, осының бәрін көрген шетелдік жур­налистердің де көңіліне көп мә­селені түйіп кеткені шүбәсіз.