Жуырда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау бөлімінде Тәуелсіздік күніне орай физика пәнінен аймақтық олимпиада болып өтті. «Біліммен болашаққа» тақырыбындағы пән жарысын өткізуге «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы бастама көтеріп, Кентау трансформатор зауыты мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ және «Нұр Отан» ХДП КФ мен Кентау қаласының әкімдігі ұйытқы болды. Оған Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандарындағы мектептерінің 11-сынып оқушылары қатысты.
Олимпиада екі бөлімнен тұрды. Алғашқы күні тест тапсырған қатысушылар, келесі күні әртүрлі деңгейлі есеп шығарып өз білім деңгейлерін көрсетті.
Олимпиаданы салтанатты түрде ашқан Кентау трансформатор зауытының атқарушы директоры Әнуар Әйтен, «Нұр Отан» ХДП КФ төрағасының орынбасары Самат Расул, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ КБ директоры Бақытжан Мұхамеджанов қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз жыл сайын облысымыздағы мектептермен бірге жұмыс жасаймыз. Биыл жұмысымыз өзгеше болсын деп пән олимпиадасын өткізіп отырмыз, – деді Кентау трансформатор зауытының атқарушы директоры Әнуар Әйтен. – Физика мен математика пәнін жақсы оқитын жастардың басын қостық. Оған Кентау трансформатор зауытының шешімімен 1,5 млн. теңге қаражат бөлдік. 100-ге тарта талапкер қатысып отыр. Мақсатымыз «Alageum Electric» компаниясы бойынша инженерлік қабілетті көтеру. Оның ішінде оңтүстік өңіріндегі қазақ жастарына бүгінгі күн талабына сай мамандық беру. Басқа ұлт өкілдері бұл салада көп жұмыс істеген. Ал, қазақ жастары көбіне заңгер, мұғалім және өзге де мамандықтарды таңдауға құмар. Сондықтан бізге қазір инженерлер жетіспейді. Себебі, ел егемендігін алғалы 20 жылдың көлемінде бұл мамандыққа ешкім мән бермеді. Осы энергетика мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түскен талапкерлер, бізде төрт жыл бойы ақылы тәжірибеден өте алады. Ақшаны олар емес, зауыт студенттерге 25000 теңгеден төлейді. Ал оқуын бітіргеннен соң, біз жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Алғашқыда 40 000 теңгеден жалақы береміз. Кейіннен аттестациядан өткізіп қызметін де, жалақысын да жоғарылатып отырамыз.
Бұл білім бәсекесіне «Кентау трансформатор зауыты» бас жүлдеге 120 000, бірінші орынға 95 000 (екеу), екінші орынға 70 000 (екеу), үшінші орынға 50 000 (үшеу) теңге жүлде тағайындаса, Кентау қаласының әкімдігі 30 000 теңгеден екі арнайы сыйлық ұсынды.
Сонау Алматыдан Кентауда жұмыс істеуге мамандар келе бермейтіндіктен зауыт әкімшілігі жақсы маманды Оңтүстік аймақтан іздегенді жөн көріпті. Егерде осы пән олимпиадасына қатысушы жастардың жартысынан көпшілігі энергетика саласын таңдап жатса, мұндай игілікті бастамаларды жыл сайын өткізіп тұруды да жоспарлап отыр.
Қазылар алқасының төрағасы, Алматы энергетика және байланыс университеті физика кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты, Т. Байпақов екі күнге созылған олимпиадаға қатысушы жастардың дайындығы жоғары, бұл талантты оқушыларды анықтауда жақсы бастама екендігін айтып өтті.
Сайыс өткізілген алғашқы күні олимпиадаға қатысушы жастар Кентау қаласының тарихи-мәдени орындарына және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ экскурсия жасады. Зауыттың жұмысымен танысты.
Қазіргі кезде зауытта 1000-нан астам адам жұмыс істейді. Ал жалпы Қазақстан бойынша 5000 адам тұрақты қызметпен қамтылған. Елбасының кәсіпкерлерді қолдауының аясында өндіріс орнында үлкен жұмыстар жасалған.
Тәуелсіздік күніне орай өткізілген «Біліммен болашаққа» атты физика пән олимпиадасының қорытындысында Түркістан аймақтық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының оқушысы Өмірәлі Сеңгірбай бас жүлдені және «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы дайындаған арнайы сертификатты жеңіп алды. Бірінші орынның иегері болып №3 Кентау аймақтық «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары Әйгерім Өтепберген мен Баймен Файзулла танылса, екінші орынды №3 Кентау қазақ-түрік дарынды ер балалар лицей-интернатының оқушылары Ислам Изатуллаев пен Тұрмаханбет Нұртаев иеленді. Үшінші орынға Түркістаннан келген Ғабит Усейнов, Жадыра Мырзахмет және кентаулық Ардақ Смат ие болды. Кентау қаласы әкімі тағайындаған «Тәуелсіз елдің төл перзенті» ынталандыру сыйлығын түркістандық Жасурбек Абдуллаев жеңіп алса, «Жас физик» сыйлығы №3 Кентау аймақтық «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Сунатилла Ақсақаловқа бұйырды. Жүлделерді қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әлиманов табыс етті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Кентау қаласы.