Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды! 1991 жылғы 16 желтоқсанда сандаған ұрпақтың арманы жүзеге асып, әлемдік өркениетке қосылған жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының құрылғанына бүгін 19 жыл толып отыр. Азат елдің рухы кең көсілген ұлан-ғайыр даланың төсін ұлы тойдың дүбірі жаңғыртып жатыр. Бұл күндері туған еліміздің төл мерекесін бүкіл халық, барша ұлт пен ұлыс айрықша көңілмен атап өтуде. Әр азаматтың жүрегіне ертеңіне деген сенімді берік бекіткен – ел Тәуелсіздігі, шын мәнінде ең қымбат және ең басты елдік ұғым. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі. Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде Қазақстанда ортақ мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылған елдің бірлігі, қоғамдық келісім қалыптасып, баршамыз мемлекетімізді бірлесіп құруға тарихи мүмкіндік алдық. Еліміз тәуелсіздік жылдары Елбасы басшылығымен барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік мекеніне айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Мемлекетіміз дүбірлі дамудың сара жолына түсті. Біз экономикалық өсім, әлеуметтік игілік, саяси тұрақтылық, мәдени өркендеудің куәгері де, иегері де болдық. Осының бәрі біздің бірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктер. Дана халқымыз «берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген, біз осы жолмен жүріп елдің берекесін бірігіп еселей түстік. Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесіне айбынды абыроймен, толайым табыстармен келіп отырмыз. Қазақстан әлем қауымдастығы үшін айрықша маңызды оқиға болған – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет басшылары Саммитін өткізіп, жаһандық қауіпсіздік пен дамуға жаңа дем берді. Қоғамдық келісім және толеранттылықтың қазақстандық үлгісін ЕҚЫҰ кеңістігінде маңызды басымдық ретінде ұсынуды жүзеге асырды. Қазақстан барша әлемге кең пейілін, қонақжай көңілін, бейбітшіл ниетін паш етті. Осындай толымды жетістіктер Тәуелсіз Қазақстанның, Қазақстан халқының, Қазақстан Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделін асқақтатты. Біз, болашақ ұрпақтың игілігі үшін, Тәуелсіздікті баянды етуге, көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Бұл міндеттің орындалуы арман-тілегі бір Қазақстан халқының бірлігі арқылы жүзеге асатыны анық. Осы жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы қол жеткізген табыстар мен жетістіктерді сақтауға және оны нығайтуға күш салады. Қазақ елінің тарихындағы ең атаулы күн – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы баршаңызға, Қазақстанның әрбір азаматына шынайы көңілмен бақыт-береке, ынтымақ пен ауызбіршілік, молшылық пен шаттық тілейді! Еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2010 жыл, Астана қаласы
•
15 Желтоқсан, 2010
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды!
450 рет
көрсетілді