Ұлттық мереке –Тәуелсіздік күні қарсаңындағы қарбаластың қуанышты сәттері биыл көбейе түскені жан жадыратады. Жер-жерден үсті-үстіне келіп жатқан хабарлардан жаңа кәсіпорындардың іске қосылғанын, жаңа ғимараттарда қоныс тойлары болып жатқанын біліп, мерейіміз үстем болуда.
Тәуелсіздік тартулары мол болсын, ағайын!
Дүйсенбі күні Мәскеудің үлкен бір орамды алып жатқан, Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Нұрсұлтан Назарбаев: «РИА «Новостидің» тарихи таспасында» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Бұл Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшылығы мен «РИА «Новостидің» бірлесіп жүзеге асырған жобасы болып табылады. Полиграфия өнерінің соңғы жетістігімен түрлі-түсті қағазға әсем безендіріліп шығарылған 250 беттік үлкен пішіндегі кітаптың өн бойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметте болған уақытында жасаған аймақтық және әлемдік маңызы зор прогрестік бастамалары орын алған. Олардың бәрі туралы кезінде «РИА «Новости» дүние жүзіне әйгілеп, хабар берген болатын. Енді солар агенттіктің қорынан теріліп алынып, Баспасөз қызметі ұсынған сол кезеңдердің суреттерімен бірге берілген. Сөйтіп, шежіре-кітаптың сапасы мен оқырманға берер ақпараты ұтымды жолмен жеткізілген.
Мәселен, 1995 жылдың 28 қарашасында «РИА «Новости» Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995-1998 жылдарға арналған Үкіметтің бағдарламасын бекіткенін жазады. Дәл осы бетте Нұрсұлтан Әбішұлының Парламенттің отырысында қатты ойланып отырған суреті берілген. Соған қарағанда, депутаттардың әрі тарт-бері тарт деп толып жатқан, дұрыс және бұрыс пікірлерін тыңдап отырғанша Үкіметтің нақты іс-жоспарын бекіткен дұрыс болар деп ойлап отырған тәрізді әсер аласыз. Немесе тағы бір сурет: 2001 жылы Президент Н.Назарбаев астықты алқаптың ортасында тұр. Осы беттегі тағы бір суретте костюмін иығына асып, теңіз жағасында күлімсіреп тұрған суреті берілген. Бірақ сырты жаймашуақ болғанымен, іште арпалысқан үлкен қайшылықтар бар сияқты. Ал осы беттегі ең маңызды сурет, біздіңше, Президенттің Абай жинағын қолына ұстап қатты толғанып тұрған сәті. Елбасы данышпанның «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөздеріне терең бойлап тұрған тәрізді. Қатты толғаныс. Бір зор шешімге бел буардың алдындағы қиналыс. Кітаптың келесі бетін ашсақ... шынында солай екен. «РИА «Новости» келесі бетте Президенттің «Жер туралы» Заңға қол қойғанын айтып, әлемге жар салыпты. Демек... жер туралы шешімнің оңай болмағанын кітап суреттері осылай «әңгімелейді»...
«РИА «Новости» өз бастауын Кеңес Одағының ең басты насихат құралы – «Совинформнан» алады. Оның аумағына келгенде ақпараттар әлемінің империясына келгендей әсер аласыз. Көшенің бір орамын түгел алып жатқан он қабатты орталықтың әрбір қабатында дүние жүзінің барлық түпкірінен келген жаңалықтар жария етіліп жатады.
Біз ғимараттың алтыншы қабатына көтеріліп, осы жерде Ресейдің көптеген БАҚ-тарынан келген әріптестерімізбен бірге кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатыстық. Оны агенттік басшыларының бірі, белгілі саясаттанушы Алан Касаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөзін Қазақстанның және оның көшбасшысының табыстарын атап өтуден бастаған ол ресейліктердің Қазақстанға көзқарасын баяндай кетуді де ұмытпады. Қоғамдық пікірді зерттейтін Бүкілресейлік орталықтың (ҚПЗБО – ВЦИОМ) соңғы мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 34 пайызы Қазақстанды ТМД аумағындағы тұрақты және табысты ел деп санайды екен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 29 пайыз болыпты. Былтырғы жылы бірінші орында болған Белоруссия биыл екінші орынға (31 пайыз) сырғыпты. Ресейліктердің Қазақстанды өздерінің ең сенімді әріптесі санайтынын да осы сауалдама көрсетіп берген. Респонденттердің 37 пайызы осылай пайымдайды. Бұл көрсеткіш бойынша Беларусь екінші, Украина үшінші орында.
Көршілес елдердің көшбасшылары арасында да ресейліктер бәрінен де Қазақстан басшысына ең үлкен сенім артатын көрінеді. Сауалдамаға қатысқандардың 32 пайызы осылай ойлайды екен, ал екінші орындағы Украина президенті В.Януковичтің көрсеткіші 17 пайыз ғана. Міне, өзінің сөздеріне осындай фактілермен дәм бере сөйлеген Алан Касаев Президентке арналған кітап туралы алғашқы сөзді белгілі саясаттанушы, Ресейдің Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры, Қазақстанның досы Юрий Солозобовқа берді. Бұл кітапта Ресейдің ғана емес, сонымен бірге, халықаралық сарапшылар мен мамандардың да «РИА «Новости» арқылы білдірген пікірлері мен әсерлері де келтірілген. Бүгінде Қазақстан өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тұр. Мына кітапта сол жылдардың елеулі белестері айқын көрінеді. Мен өзім Қазақстанды зерттеумен көптен бері айналысамын. Сондықтан осынау жылдардағы республиканың табыстары ауыз толтырып айтарлық, өте толымды екеніне куәлік бере аламын. Қазақстанның 20 жылдық табысының негізі – президенттік билік екені де даусыз, деді ол.
Ресейлік мамандар Президент Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларын да тереңнен зерттейді, деп жалғады сөзін Ю.Солозобов. Өйткені, Н.Назарбаевтың Жолдаулары тереңге бойлайтын прогрессивтік мақсаттарды көздейді, соның ішінде жалғыз Қазақстан емес, ТМД елдерінің бәріне де индустрияландырудың дұрыс жолдарын көрсеткен. Біз әлі күнге таба алмай жүрген жолдарды Қазақстан іске асырып отырады. Өте биік деңгейдегі маман экономистер мен саясаттанушылар осыны үнемі айтып келеді. Қазақстанның ішкі ғана емес, сыртқы саясаттағы табыстары да әріптестерінен оқ бойы озық кеткені мәлім. Соның мысалы ретінде ЕҚЫҰ-ның жуырда Қазақстанда болған Саммитін атауға болады. Қазақстан төрағалығы оны «әлі ЕҚЫҰ-ның төрағасы болуға піспеген» деп жүрген скептиктердің аузына құм құйып, ең табысты төрағалықтардың бірі бола білді. Қазақстан мүмкіндігі болуы өте дүдәмал қиындықты да жеңіп, өзіне дейін 11 жыл бойы болмаған саммитті де табысты өткізді. Ең бастысы – бұл ел өзінің Батыс пен Шығыс арасындағы көпір екендігі туралы тарихи миссиясын танып, соны іске асырып келе жатқан мемлекет. Өз ішіндегі толеранттылық мәселелерін шешумен қатар, ол барлық Батыс, Шығыс елдерімен, соның ішінде Ислам әлемі, Қытай, Үндістанмен де жақсы қарым-қатынас орната білген абсолютті түрдегі текетірессіз мемлекет, деді политолог.
«Свободная мысль» журналының шығарушысы және бас редакторы В.Иноземцев те экономист ретінде Қазақстан экономикасының даму жолдары туралы жақсы пікірлер білдірді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан ТМД-да табыстың үлгісі болып отыр, деп бағалады ол. Ал Ұлттық стратегия институтының жетекшісі М.Ремезов Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының дамуына тоқталып, көптеген жетістіктерді санамалап берді.
Соңынан тұсаукесер рәсіміне қатысушылар журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Жақсыбай САМРАТ.