Еліміздің мерейлі мерекесі алдында Нұра ауданының Изенді ауылы тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді. Біраз жылдан бері бос тұрған мәдениет үйі тәуелсіздік күні қарсаңында қайта есік ашты. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 26,4 миллион теңге толық игеріліп, ол адам танығысыз күйде ауыл көркін сәндендірді. Жыл басында жергілікті тұрғындармен кездесуінде ғимаратты қалпына келтіру жөнінде уәде еткен аудан әкімі Серік Шайдаров сөзінде тұрды.
Ерлан Кенжебаев басқарған құрылысшылар 6 ай ішінде нысанды бастан-аяқ жөндеп шықты. Төбесі ашылып, қайта жабылды, жылу жүйесі жаңартылып, жарық беру желісі жүргізілді, еденге керамогранит төселді. Көрнекті материалдармен қапталған іші-сырты көз тартады.
Ғимараттың ашылу салтанатына қатысушылар атынан сөз сөйлеген ұстаз Меруерт Жалмағамбетова.
– Бұл ауылдастарым үшін айтулы оқиға. Осы мәдениет үйі 10 жылдан астам қаңырап тұрған еді. Елбасының ауылды көркейтуге арналған тапсырмаларының нақты іске асырылуының бір айғағы санаймыз. Жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне енді барлық жағдай туды. Біз мұғалімдер, ата-аналар соған қуанамыз, – деді.
Спорт орталығы, мешіті, пошта үйі, кітапханасы, наубайханасы, интернаты, қымызханасы, тойханасы бар аймақтағы көрікті әрі тұрмысы үлгілі саналатын Изенді ауылы ажарын мәдениет үйі одан сайын аша түсті.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Бикен АХМЕТОВА, «Нұра» газетінің редакторы.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы.