Кейде көнекөз тарихтың өн-бойында ұшырасар, өзегіне тұтасар түрлі қоғамдық құбылыстар мен әлеуметтік сілкіністердің әлдебірі бізге кездейсоқтың жемісіндей көрінетіні бар. Бірақ, әлемдік әлеуметтанушылардың пайымдауынша, сол көктен салп ете қалған құттай, не жерді жарып шыққан жіктей көрінер кездейсоқ уақиғалар мен төтемел жағдаяттардың өзі ғаламдық даму қисынының ырқынан серпін алып, жалпы адамзат қауымы жетігуінің заңды талабына ұласып жатады екен.
Мәселен, 1991 жылдың 19 тамызында жоғарғы билік тұтқасын ұстаған сегіз адамнан Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылып, әлі «көзі тірі» КСРО Президентінің міндетін атқаруға жолортадан киліккен Г.Янаевтың аузын ашқаннан он бес одақтас республиканы бір ноқтаға теліген мемлекет тұрмысындағы демократиялық-саяси еркіндік нышанына сес көрсете, тіс қайрай сөйлеуі ашық аспанда жай ойнатып, күн күркірегендей оқыс оқиға болғаны рас. Қақсай беретін «қайта құруы» мен қара басына қауіп бұлты үйірілгенін сезбестен, Қырымда қаннен- қаперсіз демалып жатқан КСРО-ның тұңғыш та соңғы президенті М.С. Горбачев тұрмақ, кеңес қоғамындағы демократиялық жылымықтың лебімен желпініп, саяси-идеологиялық жаңаруларға енді-енді байырқалай бастаған бұқара жұрт та бастапқыда есінен жаңылғандай, біраз теңселіп қалды. Кейбір тоталитарлық-автократиялық басқару ғұрпына тастай қатқан шет мемлекет басшылары Төтенше комитеттің бүкіл КСРО аумағына темірдей тәртіп орнатып, ұлттық-саяси аңсарды жалаулатқан қоғамдық қозғалыс атаулыға тасшеген тыйым салу, Сталин заманындағыдай «халықтар түрмесін» қалпына қайта оралту пиғылын құлшына қолдады. Ал, Одақ құрамындағы жекелеген республика басшылары заңсыз, кездейсоқ құрылған өкіметтік құрылым – Төтенше комитеттің билігін мойындамайтындарын батыл айтты.
Солардың бірі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол оқыс оқиғаның ертесіне, 20 тамыз күні, республика халқына арнап сөз сөйлеп, ТЖМК-нің мемлекеттік билікке бір бүйірден жармасқан әулекі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның қолданыстағы конституция қағидаттарына қайшы екенін ашық мәлімдеді. Тұтқиылдан төңкеріс жасау арқылы одақтас республикаларды билеу тізгінін қайтадан бір уысқа жиып, бұрынғыдан бетер тұқырта түсу мақсатын көздеген, алайда жұртшылықтан қолдау таппаған Төтенше комитет көп тұрмай, көктей солғанымен, ұлттық-азаттық аңсарды астамшылықпен жасқап, елдердің етене қақы мен табиғи еркін бұғаулап келген КСРО-ның дәурені өтіп, демі біткенін ақылы сараларға сол кезде-ақ аңғарта кеткен еді.
Осы оқиғадан кейін арыннан ада, ағыннан күде, ақаба судай іріп-шіріген, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңестер Одағының аумағында енді азаттық ұраны анық, әуелете айтыла бастады. Тіпті, Горбачев шұғыл Мәскеуге оралып, билік тағына қайта жайғасқанымен күнілгері белгіленген одақтық келісім-шарт жасалмай қалды. Жыртыққа жамау салып, құрыққа сырық жалғауға тиісті Новоогарев келісімі де жөргегінде тұншықты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер шағында аңғарған Қазақ КСР-інің Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігіне, шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалар ресми құжаттарға – «Қазақ КСР-інің Қауіпсіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы», «Қазақ КСР-інің сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы», т.б. жарлықтарға белгісіздіктің мұнарында, болашаққа апарар жол іздеген сол бір бейуақ күндерде қол қойған еді.
Интернационалдық уағыздар өрісінде төстері түйісіп, бастары тоқайласқан республикалардың дербес даму мұратына ғана емес, күллі Одақ халқының бостан тұрмыс кешу құқына балта қайрап, мылтық кезей келген «тамыз бүлігінен» кейін төгілген қан түсті ту көтерген коммунистік партия барды-жоқты беделінен жұрдай болды, 1991 жылдың 23 тамызында республика басшысы Н.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшелігінен өз ықтиярымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан Коммунистік партиясын тарату туралы шешім шықты. Бұл – жәй ғана уақиғаларды термелеп, моншақтай тізіп шығатын хроникалық-тарихи деректеме емес, ғасырлар бойы еркіндігін аңсап, дербестігіне талпынған еліміздің ертеңі таразы басын тайпалтқан, таңдау мен тәнжу, тәуекелшілдік пен нәуетектік, парасаттылық пен парықсыздық, отаншылдық пен көзқамандық шарпысқан алмағайып шақ, шешуші кезең еді.
Тәуелсіз тұрмысымызға жетер жолдағы төзіммен тоқтап, сабырмен аттар тарихи сәттер, табиғи белестер еді. Орталық басылым беттерінде одақтас республикалардағы қоғамдық-саяси өзгерістер мен оңғабыл жаңалықтарды мошқап, «егемендіктің елірме шеруі басталды» деп кекетіп-мұқатып баққанымен, «өзгенің еркін тежеу арқылы өзінің еркіндігіңе жету мұрсатынан айырылатынын» кеш ұққан орыс зиялыларының ойы озықтары Одақтың күйі кетіп, бағы тайғанын аракідік айта бастады. Ақырында, 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Белорусь басшылары Минск түбіндегі Беловежде оңаша бас қосып, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы келісім-шарттың күшін жою, оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына бірігуді көздеген құжаттарға қол қойды.
Сөйтіп, олар жетпіс жыл бойы әлемді қабағымен жасқап, қаһарымен ықтырған, таным-наным терезесіне темірден перде тұтып, құзырындағы ұлт пен ұлысты қасаң идеологияның қамағында ұстаған коммунистік-тоталитарлық режим тұяқ серпетін үкімді шығарды. Сол жылы 13 желтоқсанда Ашхабадта бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан басшылары Беловеж (Минск) келісімін қолдайтындықтарын білдірді. Содан бір апта өткенде бұрынғы Одақ құрамындағы 11 республика (Балтық жағалауы елдерінен басқасы) басшылары Алматы қаласында бас қосып, КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру, достасқан тәуелсіз мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты халықаралық құқықтық актілерге қол қойды. Шын мәнінде, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ғана емес, екі лагерьге бөлініп, бір-біріне қиғаш қарап, қырын шаптырумен келген мұқым жер-жаһанның саяси-идеологиялық бет-бедерін өзгертіп, көк құрсау тоңын жібіткен тарихи оқиға болды бұл.
Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыр көбелек айналып, посткеңестік ендіктегі басқа республикалар сияқты Қазақ елінде де Авдейдің атқорасын шайған қарғынды өзендей қоғамдық-саяси өзгерістер мен сілкіністер енді өзінің табиғи арнасын, жазмыш жалғасын тауып, алға қарай ағындай жөнелді. Ең әуелі, Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылдаған қаулының және арнаулы заңның негізінде 1 желтоқсан күні бүкіл халықтық сайлау өткізіліп, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті ретінде өз ұлтының асыл қасиеттерін, ізгі де данагөй болмысын бойына дегдарлықпен дарытқан сақи тұлға, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ел қалауы –тарих таңдауы жазбай түсті.
Араға аласапыранды ғасырлар мен алмағайып кезеңдердің тезін салып, азаттық таңымен қайтып оралған ақжолтай ғұрып бойынша Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолға алған күні, яки, 1991 жылдың 10 желтоқсанында, Жоғарғы Кеңес сессиясы республиканың ащы шектей шұбатылған ресми атауынан «кеңестік», «социалистік» деген жалқаяқ сөздерді алып тастап, «Қазақстан Республикасы» деп өзгертті. Содан көп ұзамай, бір аптаның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Дәл осы күні, 1991 жылдың 16 желтоқсанында, ұлттық атауының (этнонимінің) өзі «бостан», «азат» сөздерінің синониміндей Қазақ миллаты аспан асты, жер үстінде өзінің ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, байтағы тұтас, шекарасы бөлінбейтін бірегей, халықаралық қарым-қатынаста тең құқылық қағидатын ұстанатын демократиялық-құқықтық Һәм зайырлы, унитарлық мемлекет құрғанын салтанатпен жария етті. Дәл осы күні... иә, тап осы күні иісі қазақтың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Көксегені келіп, көкейдегісі орындалды; мерейі өсіп, мәртебесі биіктеді. Түрлі тарихи кезеңдерде елдің бірлігі, жердің тұтастығы үшін төгілген қан, жосылған тердің қарымтасы қайтып, нелер арыстар армандап, құрбандығына қиылған азат тұрмыс, тәуелсіз тірліктің гүлі енді ғана бүр жарып, шешек атты. Әрине, «Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі» еді (Н.Назарбаев, «Тарих толқынында», Алматы, 1999, 54-бет).
Расында да, ұлыс мұңы, ұрпақ қамы үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген» байырғы бабалар – Білге қаған мен Тоңыдық абыздардан бері тартып, күні кеше, 1986 жылғы желтоқсанның ызғарында төбеден тас домалатқандай Орталықтың өктемдігіне, саяси озбырлығына төзбей азаттықтың әнін шырқай алаңға атойлап шыққан өрімдей жастарды – қара көз, ақ жүрек, намысқой ұл-қыздарды жарық дүниеге әкелген қазақ ұлтының бес мыңжылдықта бастан кешкендерінің бәрі бүгінгі Тәуелсіздігіміздің тұтас тарихы, шынжыр лекті шежіресі еді. Ерте орта ғасырлар өтінде атадан мирас қонысын, мал-жанының өрісін бөгдеге шалдырмау, өзгеге алдырмау мұратымен бір тудың астына жиылған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, т.б. тайпалық бірлестіктерінің арғы баянын айтпағанның өзінде, әлемді тітіреткен Алтын Орданың дәргейінен бас тартып, әз-Жәнібек ханның ылауымен Ащыбас-Шат, Шыңғырлау асып, Үстірт үстіне «Есен қазақ түлейін» орнатуға асыққан Асан Қайғы-Абат косыны да тәуелсіздік мұратының соқталы соқпағында саз жалдап, тас кешкен еді. Ноғай Ордасының билігіне мойынсұнбай, азат тұрмыс, «қазақы» (еркін) болмысты көксеген ру-тайпаларды ілестіре, «Мен кетермін, кетермін» деп Ноғайлыдан жырыла көшкен Қарға бойлы Қазтуған да арман-аңсарындағы ұйық жер, тәуелсіз байтақты бетке алған-тұғын. Ақыры, ХV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақты билеп-төстеген Шайбани әулетінің әміріне қарсы шыққан Жәнібек хан мен Керей сұлтан өңкей елдің шетінде, желдің өтінде жүретін жауынгер, көшпенді жұртын Жетісудың батыс бөлігіндегі Шу, Қозыбас өңіріне жеткізіп, ешкімге тәуелсіз, дербес орда тігіп, тоқсан екі баулы ала туын көтерді.
Халқының бостан болмысы мен еркін тұрмысына бола қазақ атанған осынау хандық аумағына шығыстағы Моғолстан жерінен, оң тұстықтағы өзбек ұлысынан, тіпті сонау батыс шалғайда жатқан Ноғай ордасынан азаткер, арда мінез көшпелі ру-тайпалар толассыз ағылып, тұтаса қонып жатты. Қазақтардың дербес хандық құрып, бірөнжім ұлтқа тектесуі хақында Мұхаммед Хайдар Дулати жүз жылдан кейін (шамамен 1541-1546 жылдары) жазған «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «олардың (Жәнібек пен Керейдің – Т.Қ.) қол астына жиналған адамдардың саны көп ұзамай екі жүз мыңға өсті; оларды өзбек-қазақтар деп атайды. Қазақ сұлтандарының дербес билігінің дәуірлей (1465-1466 жылдары) бастауы 870 жылға татиды. Бәрі Алла тағалаға аян» деп дәйектейді.
Жалпы, жалпақ дала төсінде шаңырақ көтеріп, уығын шанышқан, ұлттық мемлекеттіліктің бастауына баланған Қазақ Ордасының екі жарым ғасырлық тарихы елдік мүдде үшін бүгілген саусақтай бірігіп, азаттық үшін аянбай айқасқан жаубасар ерліктің, дұспан қарасын бастан асырмаған азаматтық өрліктің өнегелі баяны іспетті. Ел жадында сақталған әңгімеде аң қағып жүріп, тұтқыңға түсіп қалған Абылай сұлтанды құтқаруға барған Қаз дауысты Қазыбектің қалмақ ханы – Қалдан қонтайшы алдында, енді бірінде Жауғашты-Шеркеш Қазыбек бидің өріске таласып, өрем қабысқан естек қардаштарға қарата айтқаны- мысқа саятын:
Біз – мыңғыртып мал баққан елміз,
Жүйрік жаратып, желіге бие байлатқан елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген,
Сыйластықты сақтай білген,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күлтелі үкі таққан елміз!
Дұшпанға еш бас ұрмаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз!
Астамсыған жан болса,
Азар салар хан болса,
Сөз ұқпайтын паң болса,
Қанға – қан, жанға – жан алатынымызды жасырмаған елміз! –
Атадан ұл құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз күң боламын деп тумайды,
Жерді нақақ талатып,
Елді жерге қаратып өткеннен өлгенді артық санап,
Ерліктің құтын қашырмаған елміз! – деген уәжінен Алтайдан Атырауға дейін көсілген алып кеңістікті ежелден еркін жайлаған ұлттың асқақ рухы мен адамшылық парқы, асау болмысы мен адал пайымы айқын аңғарылып тұр. Тіпті, бұл дәстүрлі қазақ қоғамының іргесін тұтастырып, босағасын беркінтер әскери-саяси доктринасы, этнопсихологиялық-гуманистік ұстанымы, әлеуметтік-мәдени һәм рухани идеалы іспетті естіледі.
Заманалар қатпарынан, ғасырлар тұңғиығынан тамыр тартқан осынау ерекше этномәдени феномен – азаткер сана-сезімге отаршылықтың ойранын бастан өткеріп, 260 жылдай тар жолда тайғақ кешулі тәуменқор тірліктің қамытын мойнына артқан кезеңдерде де селкеу түспегені қайран қалдырады. Тек бодан тірліктің бұлты айығып, тәуелсіздіктің күні көкке өрлеп, қыраны самғай ұшқанда ғана қазақтың аты да, заты да аспан асты, жер үстінен ешқашан жоғалып кетпейтінін ұқты. Өйткені, Тарих атаның тағлымы соны түйсіндіріп, діліне бояудай жұқтырған еді. Иә, Жәнібек, Керей хандар ХV ғасырда Өзбек ұлысынан бөліне шығып, Жетісу шүленінде тәуелсіз мемлекет, дербес хандық құрғаннан кейін ғана әркімнің дәргейінде шашырап жүрген тамырлас, тағдырлас ру-тайпалар арғы тарихтан еншілеген төл атауын – Қазақ атын қайтарып алғаны аян; тіпті, бір тудың астына жиналып, ортақ мүдденің төңірегіне топтасудың арқасында атын ғана емес, халықтығына – қорған, елдігіне – мерей, мемлекеттілігіне тірек болар затын да иемдену мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, Қасым, Тәуекел, Хақназар хандардың тұсында Қазақ Ордасы мемлекеттілігінің негізгі атрибуты – тиесілі жер аумағын кеңейтіп, біртұтас ұлт тіршілігінің ареалындай табиғи-географиялық кеңістікті – Қара Ертістен Ақ Еділге дейінгі атақонысты бауырына басты. Ең бастысы, халықтың рухани келбеті айқындалып, этномәдени құндылықтары екшелді, ұлттық санасы мен отаншылдық сезімі жетігіп, жарық дүние, жалпақ әлемдегі өзінің орнын (эго-«Менін») асқақ бағамдады.
Өкінішке қарай, жан-жақтан жау анталап, қапысын тапса талап тастардай төніп тұрған шақта Тәуке ханның ел билеу, мемлекетті басқару жосындарын тым әлеуметтендіріп, потестарлы билікке ырық беріп қоюы салдарынан біртұтас Қазақ Ордасы іштен іріп, бірнеше ұсақ хандықтарға бөлініп кетті. Бірлігі азған елдің тірлігі тозады екен. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген нақылдың айна-қатесіз ақиқаттығын қазақтарға басқа емес, бағзыдан бүйір түйістіріп, қоңсылас қонған құба қалмақтардың өздері-ақ дәлелдеп берді. Үй ішінен үй тігіп, бейғам жатқан ел тұтқиылдан келген отыз мың шақты шеріктің екпініне бас біріктіріп, төтеп бере алмай табандары ағарғанша босып, малы мен жанынан қарадай айрылып, аңыраған қалпы Алқакөлдің жиегіне сұлады. Ата жаудың зорлығына ғана емес, арзусыз атақ, мәнжусіз мансаптың буына бола қандасының қанатын қайырып, ағайынын өзекке тепкен ел билеушілердің алауыз пиғылы мен тасыр мінезінің қорлығына күйініп жылады ел; ертеңіне күмән шалдырған бұқара «бағы заман, болар ма баяғыдай тағы заман» деп байтақтың бастан бұл-бұл ұшқан берекелі-бейбіт кезеңін, бергектей мығым бірлігін тірек еткен тәуелсіз тірлігін аңсады. Ақырында, үш жүздің игі жақсылары сенім артып, бас сардар сайлаған Кіші жүз ханы, сайыпқыран қолбасшы Әбілқайыр баһадүрдің туы астына сап түзеген бүкіл қазақ жасағы қасақы жауға тас түйін қарсы тұрып, шешуші соққы беруге қамданды. Әсіресе, «1729 жылы Аңырақай даласында қазақ халқының өмірі тәуекелге тігіліп, бұдан әрі болу-болмауы екі талайға түскен тарихи шайқас болды. Біз бүгінге дейін осынау оқиғаның тиісті бағасын бергеніміз жоқ. Балаларымыз тұрмақ, тіпті өзіміз де бұл сынды халқымыздың қаһармандық кезеңін, қазақ халқының рухы аруақтанып, аспанға көтерілген тарихи жарқын сәтін жете білмейміз» (Н.Назарбаев, «Тарих толқынында», Алматы, 1999, 283-бет).
Сонымен, бір орталықтан басқару пәрменін қолдан беріп, билік тізгінін уыстан шығарып алған Қазақ хандығының тарихи қателігі қара халық, қалың бұқараның тағдырын талай тезге салып, кейінгі кезеңдерде де тайқы маңдайына таяқ болғанын еске салғымыз келген. Алауыздық пен жікшілдіктің салдарынан жерінің оңтүстік-шығыс бөлігін Қоқан билеушілеріне, бүкіл батыс, солтүстік және шығыс аумағын Ресей отаршыларына алдырған бұйығы қазақ халқының бұрынғы жасампаздық жігерін, жауынгерлік рухын көтеріп, ұлттық санасын ояту, бірлікке үндеу мұраты Абай, Шоқан, Махамбет, Ахмет тәрізді озық ойлы тұлғалардың тарихи миссиясына айналды.
Өзгенің табанында тапталып, аранына жұтылып кетпей, өзіндік болмысы мен дәстүрлі дүниетанымын, ұлттық рухын сақтап қалу үшін Сырым Датов пен Кенесары Қасымов және басқа да жаубасар жайсаңдар күллі қазақты ортақ жау – орыс отаршылдарына қарсы қарулы щайқасқа, бітіспес майданға бастады. Бір ғана Батыс Қазақстан өлкесін жайлаған қазақтардың патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына, озбыр билігіне қарсы Сырым, Барақ, Жоламан батырлар тұсында басталған ұлт-азаттық қозғалысы ұрпақтан ұрпаққа ауысып, 1868 жылғы «Ел ауа» көтерілісіне дейін үздіксіз, жүз сексен жыл бойы жалғасқан екен. 1916 жылғы «маусым жарлығына» мойынұсынбай, қару білеп, атқа қонған жалпы қазақ көтерілісінің жалыны да, «ақырып теңдік сұрау» үшін бас біріктіріп, арнайы бағдарламалар түзген «Алашорда» қозғалысы да бодандықта рахат көргеннен бостандығын жастанып өлгенді артық санаған, өр намыстан жаралған сол батыр бабалардың қаһармандық рухынан қуат алып жатқаны даусыз.
Тіпті, сталиндік-репрессиялық режімнің кәрін төгіп, қымс еткенді қайшыдай қырқып отырған кезеңі – 1940-жылдар шенінде Жалпақтал жеткіншектері құрған «Қазақ халқын құтқару қоғамының», одан бертінде, 1960-жылдар асуында Мәскеу, Ленинградта оқитын қазақ жастарының ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, дербес даму жолын көксеген «Жас тұлпар» ұйымының бағдарлы мұраттары да қазақ ұлтының қап түбінде жатпас алмас қылыштай азаттық аңсары кетілген сайын жетілгенін аңдатса керек. Ақырында, 1986 жылдың желтоқсанында екі шылбыр, бір тізгін биліктің иесі – Орталықтың өктемдігіне, өпірім шешіміне бүкіл Одақ бойынша тұңғыш рет өре қарсы шығып, республика таңдауымен санасу, әр ұлтқа өзін-өзі басқару құқын беру, т. б. мәселелерді өзек еткен де өрімдей қазақ жастары емес пе еді?!.
Міне, сөз басында тарихтың тал бойына біткен кездейсоқ нәрсе жоқтығын, тіпті төтеннен тап болар, көлденеңнен килігер уақиғалардың өзі де жазмышқа баланатын төңкерілмелі және ұласпалы даму дағдысының әлдебір тылсым заңдылықтарға бағынатынын тәптіштегеніміз де сондықтан. Иә, осыдан жиырма жылдай бұрын қолымыз жеткен елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі төбеден топ ете түскен сый, көлденеңнен тартылған бәсіре, оңайдан тапқан олжа емес. Сан ғасырлардың соқталы, соқтықпалы соқпағында сансыраған, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың көксеген мұраты, көздеген ұшпағы еді. Елінің бүтіндігі, жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-ағаларымыз бен апа-әжелеріміздің аққан қан, төккен терінің өтеуі еді бұл Тәуелсіздік!
Еркін өмір, егемен тұрмыстың иелері – бүгінгі ұрпақ, мына біз, арғы бабалардың аманаты ретінде зарығып жеткен, мерейімізді өсіріп, мәртебемізді өрлеткен, иншалла, болашақ буын, келешек күндердің нәсібіне ұзағынан бұйырар Тәуелсіздіктің киесін сыйлап, қасиетін ұғынуға, қадірін білуге, сол арқылы жеке басымыздың тарих алдындағы, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді жете сезінуге тиіспіз. Еліміз егемендік алып, дербес даму жолына енді ғана түскен, КСРО-дан мұраға қалған көл-көсір, күрделі проблемаларды еңсеруге бел шеше кіріскен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы нақ осы хақында: «Мемлекеттікке негіз салып берген халық ел ішіндегі ахуалдың бүгіні мен болашағы жолындағы жауапкершілікті арқалауға да дайын болуы керек... Егер біздің халқымыз бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырғандай жаңа мемлекеттің орнығар дәуірінде ұдайы болып тұратын қиындықтар мен мұқтаждықтарға... терең өзгерістерге төтеп бере алмаса, онда берік мемлекеттік туралы үмітіміздің күйреу қаупі алдымыздан шығады. Сонымен бірге ұлтымыздың да өзін-өзі ара-дара етіп, қожырап тынуы мүмкін», дегені есімізде (Н.Назарбаев, «Тарих толқынында», Алматы, 1999, 55-бет).
Тәубе, мемлекеттік тәуелсіздікті бекем бекітіп, нығайту жолында кездескен сан қилы кедергілерді – әлеуметтік аядағы мұқтаждықтар мен шаруашылық саласындағы қиындықтарды, тіпті, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің іргесін шайқалтқан қаржы дағдарысын табандылықпен еңсеріп шығып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ұзақ мерзімді даму стратегиясын белгілеген Қазақстан Республикасын бұл күндері әлемдік қауымдастық мойындап, құрмет тұтады. Бұл – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қай кезде де сан алуан ұлт пен конфессиядан құралған полиэтникалық қоғамдағы саяси тұрақтылық пен әлеуметтілік татулықты көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөліп, мемлекеттік саясаттың қызыл өзегіне айналдыра білген көрегендігінің нәтижесі.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.