Бұлар кімдер болды екен дейсіз бе?
Ендеше, біліп алыңыз: үлкені – Тұрсынжан, одан кейін Махмұт, ең кенжесі – Айтберген. Ағайынды үшеу, бәрі де Құлмановтар. Аталарынан дарыған ұсталық өнердің қыр-сырына тереңдей үңіліп, бабаларымыздан қалған мұраның жоғалғанын тауып, кетеуі кете бастағанын бүтіндеп, өз тірліктерімен өздері болып жүргенде қазақтың басына қара бұлт үйірілді. Өздерін Албан атаның балаларымыз деп есептейтін, соны ерекше мақтан көретін үшеуі бірдей атқа қонды. Тура табаны күректей жетпіс жыл бұрынғы аталары мен ағаларындай намысты ту етті. Жәмеңке батыр: «Бала өлгенше, шал өлсін! Орыс алғыш болса, біздің жанымызды алсын, бізді атсын!» деген ұранмен елдік туын тіктесе, бұлар: «Қазақты – қазақ басқарсын!», «Біз теңдікке жүрсек те, кемдікке көнбейміз!» деген тегеурінді талаппен алаңға барды. Ду-ду етіп, тұтанғалы тұрған өрттей елдің ортасына түсті. Оған бір кірген қазақтың намысы қыз-қыз қайнайды екен...
Ендеше, өздерін сөйлетейік!
– Қазақ жастарының Жаңа алаңға жиналып жатқанын жолда естідім, – дейді Махмұт. – Ұстазымның үйіне бара жатқан бетімнен бұрылып, бірдеңеден қалғандай алып-ұшып алаңға келдім. Сол уақыттың өзінде алаңның екі жақ бетіне мәшинелерді кесе-көлденең қойып, жауып тастапты. Ортада қырық-елудей ғана кісі тұр. Солардың арасына мен де бардым. Артынша айналамызды милиционерлер қусырып қыса түсті. Апыр-ау, не болар екен, қатарымыз көбейер ме екен, әлде... деп үрке қарап тұрғанымызда, зооветинститут жақ беттен бір қора елдің келе жатқанын, дабырлаған дауыстарын естіп қалдық. Қолдарында көтерген ұрандары бар. Тура Октябрь мерекесіне шыққандай лек, көрген кезде көңіліміз көтеріліп-ақ кетті. Олар тақай бергенде Желтоқсан көшесі жағын бекітіп, ешкімді жібермейміз деп тұрған солдаттар әлдекім бұйырғандай алдарын ашып жіберді. Бір кезде Достық даңғылы жақтан шыққан лек көрінді, оған Байсейітова көшесін өрлеп көтерілген ел үстемелей қосылды. Түс әлетінде атшаптырым алаң лықа толды. Содан алаң бір босамады-ау! Келіп жатқан жұрт көп, кетіп жатқан жұртта да қисап жоқ. Жұмыс күні болған соң, кесірі тимесін деп күнделікті нан жеп жүрген қызметі мен оқуын да ұмытпағандар ғой, олар.
Халықтың қарасы көбейіп, алаң лық толған сайын, Алматы көшелері наразы шерушілердің үнімен, қазақ әнімен асқақтаған сайын биліктің зәресі ұшты. Алматының ішіндегі милициясы, әскері, қала берді шекарашылар, өрт сөндірушілер училищесінің курсанттары аз көрініп, сырт жақтан адамдарды жазалаудың неше түрлі айла-шарғысын үйренген жасақтарын жүздеп, мыңдап әкеле бастады. Ол аз десеңіз, қасқыр иттерін абалатып және жеткізді. Бірақ, ит қанша жыртқыш, қабаған болғанымен, қалың халықтан ығады екен, оны да көрдік...
Желтоқсан батыры сөйлеп отыр. Көзінде от, тура дәл сол кездегідей. Бәрін көрген, ортасында ойнақ салған ердің сөзі...
– Су шашқан кезде басымдағы қазақы жалбағай тұмағым мұз болып қатып қалды, – дейді ол. – Пальтом да сауыс-сауыс мұз... Осыдан кейін, әй, бір ашындық-ау!.. Неге ашынбайық, тып-тыныш қана тұрдық, наразылық ойымызды әнмен жеткіздік, сөзбен ұқтырмақшы болдық. Мұның бәрі біздің Конституциямызда көрсетілген. Сөз, баспасөз, жиналыс бостандығын шектемейді делінген. Біз заңмен белгіленген сол шектен шыққан жоқ едік. Ал, мыналар бізді құдды жау көреді, соты да, прокуроры да, милициясының басшылары да құртамыз, аямаймыз, дейді. Айтатындары тек қана «кет!» Оған көне қоятын біз бар ма? Өйткені, кеңестік заң біздің жақта, ал мыналар соны көпе-көрінеу бұзып отыр, дейді заңмен жақсы қаруланған ағалар. Оның үстіне жастардың арасында жүрген атақтары дардай, ел білетін, қадірлейтін үлкен кісілер аз емес. Бірақ, бәрібір, үлкен үй жақ аямауға, қыз демей, ана демей қырып-жойып соғуға, қалайда алаңды тазартуға бұйрық берді. Олар бір соқса, біз де бір соқтық. Әйткенмен, қаруы күшті, қалқаны мықты әскерлер әскерлігін жасады... Біз де қайтпадық. Не болса да көрейік, көнбейік дегенге біржола бекіндік. Бұған дейін аузымыз буылып келді емес пе. Өздерін тәртіп сақшыларымыз, әскерміз деп момын елді қырып-жойып жүргендерге қол көтергенімізді, мәшинені өртегендердің жанында болғанымызды, оларды білетінімізді айта алмай келдік. Декорациялық ағаштарды сындырдық, көшелерге қойылған ұзын орындықтардың ағаштарын босатып алып, солармен қаруландық. Әйтпесе, оларға қарсы тұру мүмкін емес еді.
Адамнан айла артылмайды. Бір жігіттер қолдарындағы ұзын таяқтарын өрт сөндіргіш мәшинелердің двигателіне тыға қойып, шыр айналып тұрған қалақшасын кілт тоқтатып, жүргізбей тастады. Жүргізушілері кабиналарынан атылып шығып, тұра-тұра қашады. Осы аралықта «уралаған» үрейлі дауыс естілген. Прожектор жарығының астында сапер күректерінің жүзі жарқ-жарқ еткен. «Сойылдары төбемізде ойнайды. Біз де аямаймыз. Таспен ұрамыз. Сөйтіп, арпалысып жүргенде елдің арасынан Тұрсынжан көкемді көріп қалдым», – дейді ол.
– Махмұтжан, өз-өзіңді сақта, абай бол! – деп ағалық қамқор үнін естіртіп үлгерді, сол аралықта.
Бірақ, жазалаушы әскерді қусаң да – қауіп, олардан қашсаң да қауіп еді. Бір қарасам, Айтберген жүр жанымда. Қасында Хасен Қожахметов аға. Ол кезде танымадық.
– Әй, жігіттер, майлы шырша жақсы жанады. Қазір қарап тұрыңдаршы, – деп біреуінің түбінен от қойып жіберіп едім, лапылдаған жалын ойнақшып төбесіне бір-ақ шықты.
Өзімше мәз болып, екіншісіне жүгіре беріп едім, жанымызда жүрген әдеміше келген әлгі жігіт қолымдағы күкіртке жармасты.
– Мұндай бассыздыққа баруға болмайды, бауырым! Басқасы да жетіп жатыр ғой. Ойланса, ойланатындай қарсылық жасап жатырмыз, – деді.
Кейін білдім ғой оның кім екенін. Ол – бейбіт заманда, сонау жетпісінші жылдары ұлттық кемсітушілікке жол бермейік деп айтып, жазып, сол үшін жазалы боп жүрген Хасен ағамыз. Біз сөйтіп алаңда танысқанбыз...
Алаң қым-қиғаш сапырылыс, майдан даласы дерсің. Тек қана танк пен бомбалаушы ұшақтар жоқ демесең, қалған кеңестік қарудың біразы осында әкелініпті. Анадайдан екі әскери мәшине көрінді. Дереу алдын бөгеп, бүйірінен тоқпақтап, таспен атқылап тоқтауға мәжбүр қылдық. Жүргізушілері жерге түсе салып қашты. Мұның ішінде не бар деген қызығушылықпен біреуінің артқы есігінен кірсек, екі жәшік ракетница жатыр. Әскерде болған жігіттер бірден соған жармасты.
Осы жерде Айтберген әңгімеге араласты:
– Қараңызшы, осындай қарумен шығып, оны бізге қарсы қолданса, оларға жарасады. Ал, біздің жақ қарсы әрекетке көшіп еді, «бұлар бұзақы, наркоман, ішкіш, қоғамға жат элементтер», деп айтпаған жаман сөздері, тақпаған кінәлары қалмады.
– Сол «наркомандарының» біреуі мен ғой! – дейді Махмұт. – Егер ұстала қалсам, мені де көк есекке теріс мінгізіп, қамап тастар еді. Өйткені, ракетницаны алдым. Бірақ, мен қалай ұстауды, қайтіп атуды білмейді екенмін. Менің атқаным қырын кетеді. Енді бір жігіттің атқаны Үкімет үйінің терезесін қиратып өтіп, іліп қойған пердесін өртеп жіберді. Міне, сол кезде бүкіл басқарушы аппараттың мықтылары бізге терезеден қарап тұрғанын көрдік. Одан кейін бәріміз арқаланып кеттік. Әркім өзінің батыр бабаларының атын ұрандатты. Біз «Райымбек бабам, қолдай гөр!», «Райымбек, Райымбек!» деп алға қарай лап қойдық. Алдымызда мықты тосқауыл бар екен. Бес қаруы бойында, жұтынып тұрған жасақтар атырылып-атырылып шыға келді. Бұл бізге ой салды. Онысын өздеріне қарсы қолданайық дедік. Үлкен үйлердің қалқасына көп жігітті қалдырдық. Өздеріміз біршама топ болып шабуылға шықтық. Біздің аз екенімізді көрген олар соңымыздан «уралай» қуалап берді. Біз кері серпіліп, жасырынып тұрған жігіттердің қармағына әкелдік. Мықтымсынған ағы лекті қоршауға алып, біз де біразын жамсаттық. Ішінде шенді офицері де бар екен. Ұруын ұрғанымызбен, анау айтқандай қинаған жоқпыз. Несін жасырайық, шенділерінің тапаншасына тимесек те, солдаттардың қалқандары мен шоқпарларын, күректерін тартып алған кездеріміз болды. Алайда олардай кәсібилікпен қолдана алмадық.
Аналардың бізге қарсы құрал ретінде сапер күректерін қалай қолданғанын айтайын. Күректің қырымен ұрғанда тура ұзыныңнан сұлап түсесің. Мынау құлап қапты-ау демейді, жабылып тепкілейді. Мен де бір рет сондай жағдайға түстім. Сонда бүрісіп басымды ғана қорғай беріппін. Керзі етікпен дүңкілдетіп теуіп жатыр, теуіп жатыр. Екі қабырғамды ішіне кіргізіп жіберіпті. Ал сапер күрегі қалың пальтомды кесіп өтіпті де, етімнің терісін бір елідей тіліп жіберіпті. Кім біледі, өлтіріп тастар ма еді, біздің жігіттер қайта шабуылға шыққанда тастай қашты...
– Бойында қазақ қаны бар кімді де тығырыққа тіреген, амалсыз алаңға шығарған ызғарлы желтоқсан күндерінде мен Алматы облыстық мәдениет бөлімінің халық шығармашылығы жөніндегі жауапты қызметкері едім. Оң-солымызды жақсылап танып, ұлттың рухы, болашағы, бостандығы жөнінде толғанысты әңгімелерге араласа бастағанбыз. Жас та болсақ өреміздің осылайша өсуі қалай болды, неден болды, кімдер әсер етті деген сауал қазіргі әңгіме үстінде ойыма оралып отыр. Қазақ жері ұлан-ғайыр. Бабаларымыз ғаламат байлықты ұстап қалғанда, өзінің мәдениетінен неге айырыла бастады? Алақандай ғана жерге иелік етіп отырған армяндар мен грузиндер төл жазуын қалайша сақтап қалды? Енді ең ақырғы тірегіміз – тіліміз жойылып барады, дәстүр-салтымыздан айырылдық. Мұның арты қалай болар екен? Осы сауал, әсіресе, өнер мен мәдениет, ғылым саласында қанымен, жанымен жұмыс істеп жүрген ағаларымызға ерекше әсер етті. Есенберлин романдары ой салды, Олжастың «АЗиЯсы, тіпті тілін ұмыта бастағандардың өзін қатты оятты. Кинода «Қыз Жібектің» өн бойында көрініс беретін халқымыздың өткен кезеңі, қазақы болмысы, дәстүрі еріксіз ойландыратын еді. Оның үстіне біз сурет өнеріне, қол өнеріне қатысымыз мол болғандықтан, мұражайларымызды аралаймыз. Осының бәрі біз секілді жастардың жүрегіне от берді. Сондай алмағайып сәтте Дінмұхамед атамыздың биліктен алынуы себеп болды. Іштей тұншығып жүрген елге тура сіріңкемен от қойып жібергендей әсер етті. Сондықтан халық «Қонаевты қорғаймыз!» деп ұрандатқан жоқ. Жүрегінің әмірімен көшеге шыққан жастарға қосылды, алаңға келді. Сол күні, қарап отырсам, біздің жұмысымыздан алаңға жалғыз мен ғана келіппін. Түскі астың алдында ертерек шығып кетіп алаңды қайыстырған қалың елдің арасында болдым. Кешке тағы да келдім.
Кейін қазақ жастарын кінәлау үшін мәскеушіл орталықтың, солардың сойылын соққан қан-сөлсіз, ұлттық намыстан жұрдай қандастарымыз айтып жүрген, жазып жүрген надандық туралы, көтерген ұрандарының сауатсыздығы хақындағы сөздерінің бәрі – жала! Шын мәнінде алаңға жиналған ел мәдениетті талап-тілекпен келді. Ұлттың мүддесін қозғаған ұрандарының бәрі дерлік оқулық кітаптарда жазылып жүрген, «Пролетариаттың ұлы көсемі» деп дәріптеген Владимир Лениннің еңбектерінде өз қолымен қағазға түсірілген қанатты ойлары еді. Жастар сонымен қаруланды. Кеңестер Одағының конституциясын ұстанып, соның аясында сөз сөйледі, талап-тілектерін білдірді, бейбіт шерулер жасады. Бірақ, ең өкініштісі, сол уақыттағы коммунистік билік үшін бұл сөз жүзінде ғана айтылатын, іс жүзінде қирата соққы берілетін үрейлі көріністер болатын. Сондықтан қазақ жастарының қарсылығы – кеңестік жүйеге қарсы бой көтеру ретінде қабылданды. Халық атын жамылған Компартия көсемдері өзінің жазалаушы механизмдерін шұғыл түрде іске қосты. Отыз жетінің ойранында, қуғын-сүргіннің кезінде жиған бар тәжірибелерін пайдаланып бақты. «Ойбай, не дейсің, ана жақта балабақшаны өртеп, сәбилерді өлтіріп кетіпті», «мына жақтағы бір мектептің оқушыларын қырып тастапты», «бәрін жасап жүрген қазақтар екен, тек қана орыстарды ұрып-соғып, өлтіріп жатыр» деген үрейлі хабарлар таратты. Рациямен хабарланды. Өзіміз «үш әріп» дейтіндердің тірлігі, кәнігі тәсілі болса керек, бұл. Бірақ, аңқау ел ә дегенде осыған қатты иланды. Тіпті өзіміз де, «шынымен де, солай ма екен?» деп қалың ойдың қамауында қалдық. Бірақ алаңға жиналғандардың арасында пиғылы бұзықтар көзге түспеді. Түссе де, олар арандатушылар еді... Тәртіп орнатушыларға керегі осы болатын. Сол себепті де бейбіт елге бүйідей тиді, әуелі өздері қол көтерді. Ең ширығатын осал жеріміз – қыздарымызды шаштан сүйрелеп, ұра бастады. Қазақ қыздарын құрметтеген, халқымызды көбейтетін ұрпақ деп қастерлеген халық емес пе. Сонан соң аянып тұрсын ба? Қазақ жігіттері қыздарды, қарындастарын қорғады. Қыздар арқылы қазақ намысына араша түсті, ту етті. Бұл азаматтың азаматы ғана атқаратын айтулы іс дер едім мен.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін қазақ жастарының атына ғана телу біржақтылық болар еді. Олай дейтініміз, алаң – ақ жаулықты апаларымыздың да шырылдап, шырқырап жүргеніне куә. Қанды алаңнан ел қазақ мектебінің шынайы жанашыры Шона Смаханұлын, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің нағыз жоқшысы Мардан Байділдаевты, сол секілді қазақ халқының тарихын, дәстүр-салтын шұқшия зерттеп, дала өркениеті үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген Жағда Бабалықов, Сәбетқазы Ақатаевты және басқа да жасы үлкен ағалар мен апаларымыздың талай-талайын көрді. Сондай-ақ, олардан басқа да жұрт біле бермейтін жасы үлкен кісілер көп, өте көп жүрді. Осы орайдан алғанда, Желтоқсан – халықтың бұлқынуы, ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс, нақтылап айтқанда көтерілістің нақ өзі болды.
– Біз Қажымұқан мен Фурманов көшелерінің қиылысына таяу жерде тұратын едік. 17 желтоксан күні жұмысқа бара жатқанда алаңға таяу жерде шекарашы әскерлеріміздің шоғырланып тұрғанын көрдік. БТР-лармен келіпті. «Әй, мыналар бәріне бейім екен, аямауға тас-түйін бекініп келген екен», дедік. Бірақ, ұлттық рухпен қаруланған қазақ жастары бұдан қорқып, ыға қоймады, – дейді Махмұт.
– Желтоқсан көтерілісі туралы көп ақиқаттың бетін ашуға айрықша үлес қосқан Мұхтар ағамыз құрған Мемлекеттік комиссия мұның бәрі әдейі ұйымдастырылған орталықтың жымысқы саясаты екенін анықтады. Расында, солай ғой! Мысалы, біз 17 желтоқсан күні алғашқы қақтығыстардың кезінде алға қарай жұлқына шығып, артынша бұғынып қалған арандатқыш екі азаматты ұстап алдық. Әрекеті, аузынан шыққан сөздері күдік келтіргеннен кейін, амалсыз қолын қайырып, қалтасынан құжатын алып қарадық. Сөйтсек, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері. Несін жасырамыз, кеудесінен түйіп-түйіп жібердік. «Тура өлтіреміз, мынауыңды қалтаңа сал да табаныңды жалтырат!», дедік куәлігін қолына ұстатып, үлкен үйге қарай құйрығынан бір-бір теуіп қуып жібердік, – дейді інісі Айтберген.
Мәскеудің кеудемсоқтығы қазақ жастарын қатты ширатты. Сол күндері өзіміз «орысша сөйлейді, орыс болып кеткен» деп мұрнымызды шүйіретін қазақ қыздарының намысын көріп, қайран қалдық. Ойпырмай, қазақ қыздарының мінезі деген ғажап екен! Өздері сондай өжет те өршіл, сөздері тура мірдің оғындай.
– Қазақ қыздарының қаһармандығы болмаса, Желтоқсан мұншалықты дүркіремес еді! – дейді Махмұт сөзін іліп алып. – Аяқ астынан ештеңе болмайды. Ұлттық өремізді өсіретін, намысымызды қамшылайтын сөз айтатын ағаларға жақын жүрдік. Айына екі рет өтетін Әуезов мұражай-үйіндегі университеттің сабағынан қалмайтынбыз. Ол жерде кімдер болмайды дейсіз?! Айтыскер ақындар келеді, дәулескер күйшілер өнерін ортаға салады. Ғұлама Марғұланның телегей-теңіз әңгімелерінен кейін мен қазақпын демеуге әддіміз қалмаушы еді. Оның директоры Рахманқұл Бердібаев ағамыздың өрелі ойларын естуге Алматыда оқитын жастар лек-лек боп үзбей келетін. Тілдің жайы, қазақ мектептерінің мүшкіл халі, солтүстік облыстарымыздың қатты орыстанып бара жатуы ашындыратын. Осының бәрі жинақтала-жинақтала келе, ақыры қопарылысқа әкелді. Димаш атамыздың әп-сәтте босатылуы, адами құрметтен қағылуы жай себеп қана дейтініміз сондықтан.
Біз алаңға шығу арқылы ұлтымыздың алдындағы парызымызды өтеуге ұмтылдық. Өйткені, әрқайсымыз өзіміздің қазақ екенімізді сезіндік. Әрбірімізді ұлттық намысымыз қамшылады. Бізді неге басынады? Фарабиді туған топырақ, Сұлтан Бейбарысты өмірге келтірген аналар, Шоқан мен Ыбырайды, Абайды айтып мақтанатын қазақтан өзін-өзі басқаратын бір ұл шықпады дегенге арландық. «Тоқтат, мұндай жосықсыздыққа жол бермейміз. Әуелі жерді иеленген ұлтпен санас, келісімін ал!» – деуге бардық. Кеудемізде елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезіміміз буырқанып тұрды. Әр қайсымыз, біз шықпағанда кім шығады, деген оймен бәріне бас тігіп, алаңға барғанбыз. Мен бірінші рет қолға түскен кезімде екі жақтың тартысында қалдым. Солдаттар екі қолымнан өздеріне қарай тартса, біздің жігіттер екі аяғымнан тас қып ұстап алған. Әйтеуір біздің жақ қаптап кетіп, босатып алды. Әйтпесе мен де милицияның торына түсіп, түрмеде жатар едім. Екіншісінде аяғымнан шалып жықты, арқамнан сапер күрегімен ұрды. Онда да біздің жігіттер алып қалды. Ал, үшінші ретте қашамыз деп «Береке» дүкенінің арт жағындағы қуысқа барып қалыппыз. Бұл кезде түннің бір уағы. Олар әбден күшейген. Жастардың үлкен топтарын бөлшектеп жарып, қоршауға алып, қасқыр иттерін шабаландырып шыққан сәт болатын. Бірге жүрейік, бір-бірімізден адасып қалмайық деген ағатайым Тұрсынжан мен інім Айтбергеннің қайда, қай топта кеткенін білмеймін. Біз, отыз шақты адам екенбіз, жансауғалап, қай жерде паналайтын тесік, қай подъезд ашық болса, далбасалап қашып-пұшып тығылып жатырмыз. Азая-азая бес-алтауымыз ғана қалдық. Төмен қарай жүгіріп отырып, құрылыс техникумының жатақханасының артынан бір-ақ шықтық. Бір кезде алдымыздан шыға келген офицер тапаншасын аспанға қаратып атып жіберді. Айналасындағы солдаттар бізді орай қоршап, сапер күректерімен жасқап, тура терезенің түбіне әкеліп тіреді. Басшысы рациямен біреулерді шақыра бастады. Сонда әлгі жігіттің кім екенін білмеймін, арамыздан біреу бар дауысымен «Аруақ!» деп айқайлай атырылып, қолына рация ұстаған офицерді қақ тұмсықтан бір-ақ қойды. Ана байғұстың бас киімі бір жаққа ұшты да, өзі ұзынынан сұлап түсті. Солдаттар не болғанын білмей бір сәтке аңтарылып тұрып қалыпты. Алдымыз ашылды, сонымен ортекеше атырыла-атырыла жөнелдік. Қашамын деген бір жігітіміз шұңқырға түсіп, ұсталып қалды. Ал, қалғанымыз қашқаны қашып, Абай даңғылына бір-ақ шықтық. Жолдың шетіне тоқтаған жеңіл мәшинеден біреу ақшасын төлеп түсіп жатыр екен. Шофері қазаққа ұқсайды. «Жигулидің» ішіне бірімізден кейін біріміз сүңгіп, «кеттік, кеттік» дей беріппіз. Мүшкіл халімізді түсінді-ау деймін, жүргізуші қазақ зулата жөнелді. Сол кездегі Ленин даңғылына жеткенде екі жігіт түсіп қалдық, қалғандары ары кетті. Сол уақытта кімсің, қайдансың дейтіндей емес. Бәріміздің ойымыз бір еді, біз бір-ақ адам едік қой! Қазақты басынған қалай екен, ұлтты қорлауға бола ма екен, соны түсіндірейік, сезінсін дедік. Бәрімізді Алматының алаңына апарған осы ой емес пе еді? Жөнсіздікті тудырды. Ашынғаннан кейін, өздерінің жасағанын өздеріне жасадық. Дәл сол күндері биліктің дегеніне еріп, қазақ жастарын кінәлағандар аз болмады. Кейін ондай ағаларымыз, апаларымыз «саясат солай еді ғой», деп ақталған болды. Себебі, біздің күресіміздің әділдігін әлем қолдады, адал ниетті адамзат құптады, араша түсті.
– Сонымен, ары қарай не болды? – деймін Махмұттың ойын іркіп.
Абай мен Лениннің қиылысындағы аялдамаға барсақ, бір балағының жыртығы жалбыраған Айтберген мен Тұрсынжан екеуі жүр. «Қашып құтылса, өзі де осында соғатын шығар деп едік», дейді інім. «Әйтеуір, амансың ғой?» деп ағатайым да кеудесіне қысып жатыр.
Сонымен, ағайынды үшеуміз тіке жүрсек, жол-жөнекей аңдыған милиция мен солдаттардың қоршауына тап болармыз, одан да «алыс та болса жақын» демекші, қаланың Көктөбе жақ бетіндегі бұлтарыс-қалтарыс көшелердің жықпыл-жықпылымен аяңдап, Горный Гиганттың үстіңгі жағы арқылы барайық дедік. Сөйтіп, үйге таң алдында әзер жеттік.
– Тура қан майданның қақ ортасынан шыққандай күй кештік, әбден шаршадық, – дейді Айтберген. – Мен де екі жақтың «көкпары» болдым. Жазалаушы жақтың бір сарбазы шалбарыма жармасып, дырылдата тартқанда бір балағы дар ете түсіпті.
«Қорқаулар түнде жортады» демекші, олардың барынша зұлымданған кезі түн қараңғылығы болатын. Әскерді Сәтбаев жақтан да, Желтоқсан жақтан да аямай төкті. Қайткенде алаңды босатамыз деді. Тіпті сол маңдағы үйлердің айналасының бәріне қарулы солдаттар қойылды. Алаңның кіре беріс-шыға берісі бос қалмады. Бірақ, солай етудің өзі олар үшін оңайға соққан жоқ. Шын мәнінде, қазақ жастары қайсарлық көрсетті. Сұлтандар мен Әлия, Мәншүктердің, Төлеген мен Нұркендердің зұлым фашистерге қарсы күресте ерекше ерлікпен көзге түсуі бекер емес екен. Бойымызда сол ағалар мен апалардың қаны бар екен. Соны көрсеттік-ау деймін. Күллі әлемнің назарын аударған Алаң – қазақ үшін қасиетті орын болу керек. Онда құдыретті қазақ рухы аспандаған. Алаңнан кетсек те, ертеңдер тағы да шығамыз, қазақ үшін, ұрпақ үшін керекпіз, өзімізді аман сақтайық деп кеттік. Мысалы, ең ақырында Ауыл шаруашылығы институтының жатақханасынан ары қарай Абай даңғылына дейін жер бауырлап жылжып бардық. Әйтпесе көзге түсіп қалатын едік...
Міне, азап пен машақатқа саналы түрде барып, азат ойдың туын желбіретіп, оған жау болып жармасқан озбыр күштермен арыстанша алысқан ағайынды үш жігіттің ортаншысы осылай дейді. Оны тыңдап, айтар ойымыздың бәрін ізімді басқан інілерім ақтарды ғой деді ме, Тұрсынжан әңгімеге көп араласа қойған жоқ болатын. Тек осы жерде ғана:
– Бәрінен де қанды оқиғадан кейінгі қуғын-сүргінді айтыңыз, – деді қалың ойды серпіп тастап. – Қылмыскерді, мемлекеттің жауын үй-үйден іздеді, мекеме-мекеме, ауыл-ауылдан іздеді. Өздерінше «тапқан» болды. Сонан кейін ешқайсысын аямады, соттады. Алаңда қырғаны аз көрініп, енді «әділ заңның» шешімімен аямай жазаласақ деді. Дегендеріне жетті де... Бірақ, бәрінің шегі бар ғой. Шексіздік о дүниеде ғана! Ал, оған дейін Алланың дегені болады. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалау науқаны да, басты кінәліні ұстай алмағандықтан, бәсейе берді. Ол бәсейген сайын әділеттің үні өктем шыға бастады.
Міне, сол уақытта біз «Желтоқсан» қоғамын ұйымдастырушылардың қатарынан табылдық, дейді Айтберген. Өзі шешен де нық сөйлейді екен. Айтарының бәрін көкейге жұптап барып қана сыртқа шығарады. Бұл да бекер емес. Ісіне сенгендіктен, мәселенің байыбына барып, зерттеп-білгендіктен артық сөзіміз аз болсын деп айтады. – Өйткені, жазықсыз жазаланып, түрме тозағының ішінде тұншыққан жігіттерді босату қажет болды. Жапа шеккен қаракөз қарындастарымыз, апаларымыздың ендігі тағдыры бізге байланысты деп білдік. «Егер біз жүгірмесек, онда кім жүгіреді?» дедік. Парызымызға қарыз болмайықшы дедік. Жан-жаққа боратып хат жаздық. Олар халықаралық ұйымдарға да жолданды. Бірінен кейін бірін Мәскеуге жөнелттік. Алматының прокуратурасын да, сол кездегі орталықтың құқық қорғау министрліктерін де өнер, қоғам қайраткерлері, спорт саласының майталмандары қол қойған хаттармен төпеледік. Қала берді аштық жариялаумен де қарсылығымызды білдірдік. Бұрынғы Ленин алаңына киіз үй тіккен біз едік. Ашыққан елмен бірге болдық. Сендер жалғыз емессіңдер деп күндіз-түні қастарынан табылдық. Мұндай әрекеттеріміз жеміссіз кетпеді. Сотталғандар жарық дүниеге шетінен шыға бастады. Істері қысқартылды, артынан жаппай ақтала бастады. Президентіміз Тәуелсіздіктен кейін Жарлығын шығарды. Осының бәрі сырт көз үшін өз-өзінен келгендей, рет-ретімен болып жатқандай сезілер. Бірақ, арғы жағында жай көзге көріне бермейтін тынымсыз әрекет, күресіміз бар екенін елдің біле жүруі үшін айту керек. Бұл мақтан үшін емес, сабақ болу үшін, «мен елімді жақсы көремін, Отанымды сүйемін, ұлтымның азаматымын» деген сөзді тек қана қажет кезінде, өзін көрсетіп қалатын сәтте ғана айтатын «ақылдылар» сабақ алсын, олай жасау ұят екенін шынайы сезінсін, жүрегімен ұқсын, ұл-қыздарын, немере-шөберелерін ондай һарам әдеттен аулақ болуға тәрбиелесін деп әдейі баса айтып отырмын...
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы.
Қайсарлық
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін үйімізге әскери киінген, апамыздың сөзімен айтқанда, «ойенный» адамдар жиі келгіштей бастады. Әлгілердің түстері де сол бір ызғарлы күндердей суық болатын. Ес біліп қалған кезіміз, анамыздан олардың не себептен келгенін қаншама рет сұрасақ та, ол кісі бізге мардымды жауап қатпайтын. Олар келген уақытта анам бізді басқа бөлмеге кіргізіп жіберетін де, өзі әлгілердің бітпейтін сұрақтарына жауап беріп отыратын. Қысқасы, анамызды тергеуге көшетін. Періште көңілді баламыз ғой, әлгі әскери адамдардың түксиген қабақтарына қарап-ақ, олардың жақсы ниетпен келмегендігін ішіміз сезе қоятын. Күбірлеген сөздер құлағымызға еміс-еміс естілетіндіктен болар, ештеңенің байыбына бара алмайтынбыз. Әңгіме ауаны Алматыдағы КазПИ-де оқитын нағашы әпкем Клара Бегалиевадан (суретте) бастап өрбитін. Бұл жағдай екі жетідей уақытқа созылды. Оқиғаның артын ала әпкемнің өзі де ауылға сап ете қалды. Біздің, әсіресе, кішкентайлардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, біз әпкемізді өте жақсы көретінбіз. Алматыдан әкелген «базарлығы» да тәтті болып көрінуші еді, кейде. Ал бұл жағдайдың әуелі өзінен бастап, отбасына, туған-туыстарына, тіпті аудан, облыс көлеміне қылмыс жасағанмен пара-пар болғандығын есейе келе білдік қой.
Әпкем үйге бір келгенінде осы оқиға туралы сыр суыртпақтап көрген едім:
– Әдеттегідей, Желтоқсан көшесі бойында орналасқан оқу корпусында сабақ жүріп жатқан. Кенет, әлдекімдердің: «Сыртқа шығыңдар!», «Шығыңдар, көшеге!», деген қатқыл дауыстары жан-жақты жаңғыртып жатты. «Мынау тегін емес, бір сұмдықтың болғаны анық» деген қорқынышты үрей аудиторияда отырғандардың бойларын еріксіз билеп алған. Ойланып тұратын уақыт жоқ, бәріміз жапа-тармағай сыртқа бет алдық. Сөйтсек, көше толған жастар. Жүздері айбат шашып, әлдекімдерге сес көрсетіп тұрғандай. Қолдарында ұран. Айғайлап, ұрандатып жатыр. Жан-жақтан қаумалай қоршаған әскери жасақтар жастарды қуып, ұрып-жаншып, кейбірін мәшинелерге зорлықпен сүйреп апарады. Енді, тілмен айтып жеткізу қиын.
...Қапелімде тұтқиылдан келе қалған әскерилердің біріне үшінші күн дегенде барып қолға түстім. Мені жетектеген бойда мәшинеге жұлқи тықты. Салон ішіндегілердің дені – жастар. Бірлі-жарым жарақат алғандары, бет-ауызы қанға бөгіп, қансырағандары да бар. Олар бізді көліктеріне қойша тиеп алды да, белгісіз бір жертөлеге апарып қамап тастады. Сөйтіп, біртіндеп тергеуді жалғастырды. Сұрақтарының «бісімілләсі» «Қайда тұрасың, қай жерде оқисың?». Тергеп отырғандардың үшеуі де өзге ұлт өкілдері. Егер де әлгі жандайшаптардың көңілдеріне қонымсыз, жағымсыз бір нәрсе дей қалсаң, қыз демей, бала демей, тепкінің астына алады. Әлгілердің орысшалап: «Бұларды Сібірге айдату керек!» деген сөздері әлі күнге құлағымда жаңғырады», – деген әпкем желтоқсан айының сол бір ызғарлы күндерін күңірене еске алды.
25-26 желтоқсанда комсомол билеттерімізді алып қойды. Сосын оқудан шығарды. Ол аздай, екі жылға қара жұмыс істеп келуге ауылға қайтарды. Көнбеске шара жоқ, жүйе солай. Ауылға келдім. Мұнда да ешкім басымнан сипай қоймады. Әуелі ауданда қызу жиналыстар болды, сосын мені ақсақалдар алқасына салды. «Мұны кім ұйымдастырды, неге қатыстың?» деп жиналғандардың бәрі маған жақтырмаған сыңай танытты. Сол кездерде өзімді бейнебір «халық жауындай» сезініп жүрдім. Отбасымдағыларға да оңай тимеді. Оларды да кінәлі санады. Қысқасы, көп теперіш көрдік қой. Екі жылдан кейін Алматыға қайта оралдым. Оқуымды жалғастыруыма да мүмкіндік туды.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылына қарасты Қарғалы елді мекенінде туып-өскен Клара әпкеміздің бірбеткей, өжет мінезді қыз екендігі оның өн бойынан бірден аңғарылып тұратын. Мен ойлаймын, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген осындай тарихи оқиғаның бел ортасында жүруіне әпкемнің туа бітті қайсарлығы да себеп болған шығар деп. Бұл күнде ол Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты №6 Жамбыл Жабаев атындағы мектепте ұлағатты ұстаз. Адал жар, аяулы ана. Шәкірттерін білім нәрімен қоса, патриоттық сезімге баулудан еш жалыққан емес.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ.
Астана.