Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлемдік қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты кітабы жарыққа шыққалы да бір жыл өтті. Осы уақытта ол ағылшын және қытай тілдеріне аударылып басып шығарылды. Алматыда, Мәскеуде, Нью-Йоркте, Шанхайда және Минскіде кітаптың тұсаукесер рәсімдері болды. Мемлекет басшысы еңбегінің кеңінен тарауы онда көтерілген мәселелердің өзектілігін, автордың болашаққа ұмтылысы мен көрегенділігін көрсетеді. Мен кітаптың бірнеше тұсаукесеріне қатысып, онда баяндалған идеялардың өткен жылы қандай дамуға ие болғаны туралы пікірімді айттым. Онда әлемдік қоғамдастық жақын болашақта шешуі тиіс нақты мәселелерге ерекше назар аударылды. Жаңа ғасыр басындағы күрделіліктер Қазіргі мыңжылдықтың басы қаржы-экономикалық дағдарысы және табиғаттың адамдардың аяусыз қатынасына барабар жауабынан туындайтын ғаламдық күйзелістермен есте қалады. Бұл бізден адамзаттың болашағы туралы тереңірек ойлануды, бірлесіп қиындықтан шығудың жолдарын ғана емес, сондай-ақ жалпыға ортақ дамудың перспективаларын іздеуді талап етеді. Бұған тек мемлекеттердің диалогы және өркениеттер серіктестігі негізінде ғана қол жеткізуге болатыны сөзсіз. Мұндай шешімнің баламасы жоқ. Керісінше болған жағдайда «өркениеттер шиеленісінің» болуы әбден мүмкін. Сол себепті планетарлық ауқымда ең бастысы –қарама-қайшылықтар сілкінісіне жол бермеу. Әлем бір полярлы бола алмайды, бұл оны жар жиегіне тірейді, жаппай қару-жарақ шығаруға, ядролық қарудың тарауына әкеп соғады, ал экология мәселелері, климаттың өзгеруі осылардың тасасында негізсіз ұмытылады. Руханилық пен адамгершілік, мәдениет және тұлғаның ақыл-ой дамуы да көлеңкеде қалады. Достық, сенім және махаббат идеалдары жоғалады. Уақытында тоқтау және терең шыңырауға құлауға жол бермеу әлемдік қоғамдастықтың басты міндеті. Шын мәнінде жер беті өркениеті алдында болу не болмау туралы гамлеттік сұрақ тұр. Бұл сұраққа жауап ретінде мәселелерді шешудің нақты жолдары ұсынылады, оларды біз Нұрсұлтан Назарбаевтың монографиясынан таба аламыз. Бастапқыда Мемлекет басшысының кітабы қазақ және орыс тілдерінде 2009 жылы басып шығарылды. Оның алғашқы тұсаукесер рәсімі Алматыда өткен ІІІ «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестіктің стратегиясы» форумында, одан соң Мәскеудегі БҰҰ ақпараттық орталығында өтті. Сол жылы кітап ағылшын тіліне аударылып басып шығарылды және Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ұсынылды. Бұдан соң ЭКСПО-2010 аясында Шанхайда кітаптың қытай тіліндегі үлгісінің тұсаукесері өтті. Ал жақында Беларусь Республикасының азаматтары да Қазақстан Президентінің кітабымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Зерттеу, форумдар мен тұсаукесерлерді ұйымдастыру ісіне Ресей Ғылым академиясы, П.Сорокин-Н.Кондратьев халықаралық институты, Қазақстанның жаратылыс ғылымдары ұлттық академиясы, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі, оның құрамында Жер туралы ғылым орталығы, металлургия және кен байыту институты, «Фитохимия» ҒӨБ, Физика-техникалық институты, Ғылым қоры және басқа ұйымдар мен мекемелер қомақты үлес қосты. ЭКСПО-2010 – адамзат тарихындағы ең ірі дүниежүзілік көрме аясында өткен кітап тұсаукесерінің маңызы айтарлықтай. Қарқынды дамып келе жатқан азиялық елдер, ең алдымен Қытай, бүгінде өсу динамикасы және сыртқы экономикалық қызметі бойынша басқа мемлекеттер үшін өзіндік бағдар болып отыр. Әлемдік қоғамдастық оған ерекше ден қоюда. Осы орайда біз үшін қуанышты бір жағдай: қазақстандық павильонға келушілер легі толастаған жоқ және олардың бәрі біздің еліміздің жаңа келбетіне таң-қалысты. Біздің Елбасымыздың монографиясынан ғаламдық әлемнің көкейкесті мәселелерін шешудің үш стратегиясын табамыз: өркениеттер мен мемлекеттер серіктестігі, әлемдік қаржы жүйесін түбегейлі өзгертудің қажеттілігі, энергоэкологиялық қауіп-қатерді жеңу. Бұл стратегиялар үшін ортақ нәрсе Н.Назарбаевтың пікірінше, олардың шешімін белгісіз болашақта емес, бүгін іздеу қажеттілігі болып табылады. 2010 жылы ІІІ экономикалық форумда Астанада Мемлекет басшысы қазіргі заманның өзекті мәселелерін тағы да атап өтті: «Жаһандық экономикалық жүйе әлі де болса әлсіз. Әлем дағдарыстан кейінгі даму үшін жаңа үлгі-модельді іздеу үстінде. Сондықтан дәл қазір ортақ ойын ережелерін тұжырымдап, жаһандық деңгейдегі экономикалық өркендеудің негізгі қағидаттарын түзу маңызды». Нұрсұлтан Назарбаев болашақтағы әлеуметтік-саяси және экономикалық даму үрдістерін көре білу талантының арқасында өзінің еңбегінде әлемдік қоғамдастықтың қазіргі және келешектегі дамуының негізгі ережелерін белгіледі. Өркениеттер мен мемлекеттер серіктестігі Ең алдымен біздің Президенттің қолдауымен және қатысуымен жоғарыда аталған ғылыми ұйымдардың 2050 жылға дейінгі мерзімге (он бөлімде) «Өркениеттер болашағы» ғаламдық болжамы жасалғанын атап өткен жөн. Адамзатқа серіктестік негізінде келешекте көп жұмыс атқару керек. Маңызды басымдықтардың қатарында, мысалы, Беринг бұғазы арқылы тоннелімен құрлықаралық Еуразия-Америка магистралі құрылысының, Қазақстанға әлемдік мұхитқа шығуды қамтамасыз ететін «Еуразия» каналы құрылысының, Сібір өзендерін құрлықтың оңтүстігіне бұру жобалары. Сонымен қатар, технологиялық инновациялардың Дүниежүзілік банкі мен ғаламдық инновациялық интернет-университет құру, ғарыш кеңістігін игерудегі, галактиканы зерттеу және жерден тысқары өркениеттерді іздестірудегі серіктестік. Әлемдік қоғамдастық Антарктида мен Арктикаға ерекше қызығушылық танытуда. Соңғысында, мамандардың бағалауынша 90 млрд. баррель мұнай мен 1,5 квадриллион текше метр табиғи газ қоры бар. Өз кітабында Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасыр үшін мемлекеттердің әрекеттесуінің, қарсы тұрушылық пен шиеленістерден диалог пен серіктестікке көшудің ерекше маңызын атап өтеді. Президент әлемдік қоғамдастықтың қазірде бар институттары мен механизмдеріне талдау жасаған. Ғаламдық үдерістерді басқару функцияларын мына беделді халықаралық ұйымдар: БҰҰ, «үлкен жиырмалық», «сегіздік», ЕО, ЕурАзЭҚ, ТМД, ШЫҰ және басқалары атқара алады. Өркениеттер серіктестігін дамыту жөніндегі ЕҚЫҰ-ның басқа маңызды қадамы, автордың пікірінше, Еуразияның одан әрі кең ауқымды интеграциясы, жекелеген қағидаттар мен бағыттарды айқындайтын ортақ құжатты әзірлеу болуы тиіс. Олардың қатарында сауданы дамыту мен Ресей және Беларусьпен Кеден одағының шеңберінде іске асырылып жатқан шекара ашықтығы, одан кейін Бірыңғай экономикалық одақты құру, сондай-ақ көлік және коммуникациялық инфрақұрылымның интеграциясы. ХХІ ғасырдың Жібек жолы болып саналатын жаңа басталған Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының құрылысы соның айқын бір дәлелі бола алады. Басқа маңызды аспектілердің қатарында өзара инвестициялар мен технологиялық алмасуды ынталандыру, ортақ капитал рыногы, еуропалық және азиялық қаржы рыноктарын интеграциялау, қаржы реттеуін жетілдіру, бірінші кезекте ұлттық валютаны енгізуді атауға болады. Келесі маңызды мәселе – таза энергияның тұрақты және жаңа көздері. Бұл тұрғыдан алғанда құрлықтық энергия теңгеріміне ерекше назар аударған жөн. Балама қайта қалпына келтірілетін энергетиканы дамыту және оның тиімділігін бүкіл планета аумағында алға бастыру жаңа идеология болуы тиіс. Адам ресурстарын алмастыру және дамытудың, жасампаз ғылым мен сапалы білімнің негізінде ақыл-ой әлеуетінің өзара кірігуінің, өмір деңгейін теңестірудің, соның ішінде экологиялық және азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Осылайша Н.Назарбаев ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемінің күн тәртібінде Еуразияның дағдарыстан кейінгі интеграциясы мәселесі маңызды орын алатынына көз жеткізеді. Бұл жағдайда Қазақстан, құрлықтың жүрегінде орналасқандықтан, еуразиялық бірігудің бастамашысы және үйлестірушісі бола алады. Өркениеттер серіктестігі туралы Елбасы идеялары қазіргі әлемнің экономикалық және саяси мүдделеріне жауап беретіні айтпаса да түсінікті. Әлемдік қаржы жүйесінің ревизиясы «Түбегейлі экономикалық жаңару стратегиясы» атты тарауда Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа түбегейлі экономикалық шараларды талқылау жөнінен кең пікірсайысты ұсынады. Биылғы экономикалық форумда Президент: «Жаңа қаржылық архитектураны құратын кез жетті. Оның өзегі Қаржылық нарықтарды қадағалау мен реттеудің жаһандық жүйесі болуы тиіс», деді. Нұрсұлтан Назарбаев, жаратылысы өзгеше ғалым ретінде, постиндустриялық қоғам экономикасының теориясына жаңа білім әкеліп қана қоймай, идеяларын өмірге енгізуде белгілі практик болып табылады. Ол басқа елдерді түбегейлі экономикалық жаңғыртуға шақырып, бұл үдерістің іс жүзіндегі тиімділігін Қазақстанның мысалы арқылы бүкіл әлемге паш етеді. Атап айтқанда, осы форумда Мемлекет басшысы: «Осы дағдарыс біз үшін салмақты сынақ болды. Бірақ экономиканы модернизациялаудың уақтылы және жүйелі жүзеге асырылған стратегиясы арқасында, біз одан абыроймен шыға алдық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан кері кетуге, рецессияға жол бермеді, экономиканың өсімін сақтады», деді. Шынында да бүгінде ел бюджетіндегі шығыстың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұған тек экономикалық жағынан дамыған ел ғана жол бере алады. Егер Қазақстанның ағымдағы экономикалық көрсеткіштеріне талдау жасайтын болсақ, біздің еліміз әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында экономикалық модернизациялаудың дұрыс стратегиясын әзірледі және іске асырды. Жаһандық дағдарыс жағдайында біз экономикалық және әлеуметтік дамудың халықаралық бәсекелестікке ықпал ететін ішкі әрі сыртқы моделін айқындап алдық. Тұтастай алғанда Қазақстан әлемнің барлық аймағын қамтыған, елеулі сынақ болған жаһандық дағдарыс салдарларымен бетпе-бет келіп, оған төтеп берді. Планетаның энергоэкологиясы Н.Назарбаев өз кітабында адамзат баласы үшін көкейкесті, өзекті мәселелердің қатарында теңгерімді энергетикалық қауіпсіздікті құру және айнала қоршаған ортаны қорғау мүмкіндігіне күмән тудыратын энергоэкологиялық дағдарыстың да тұрғанын жазады. Бұл мәселелерді шешу үшін ол ғаламдық стратегияның мақсаттары мен міндеттерін айқындап, оны қалыптастырудың негізгі кезеңдерін белгілейді. Мысалы, ресейлік және қазақстандық ғалымдар әзірлеген ұсыныстар өркениеттік форумдарда (2007, Мәскеу), (2008, Астана), (2009, Алматы), БҰҰ штаб-пәтерінде дөңгелек үстел мәжілістерінде (2009, Нью-Йорк), (2010, Шанхай, Минск) талқыланды. Жаһандық энергетикалық және экологиялық стратегияны әзірлеу туралы ұсыныс 2009 жылы БҰҰ, РФ және ҚР үкіметтеріне енгізілді. Сондай-ақ осы мәселені 2011 жылы Астанада өтетін Экономикалық форумда қарау туралы шешім қабылданды. 2012 жылы жобаны Дүниежүзілік саммиттің қарауына енгізу және оның шешімдерін жүзеге асыру жоспарлануда. 2010 жылғы Экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаев осы кітапта баяндалған өркениеттердің энергоэкологиялық серіктестігі стратегиясының негіздеріне жаңа тармақтар енгізді, атап айтқанда ол: «Әлем жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологияларға зәру, әлем оларды мемлекеттердің өзара жылдам алмасуын, қуаттың қайта қалпына келетін көздерінің барынша кеңірек пайдаланылуын қажет етеді», деді. Н.Назарбаев осы орайда Қазақстанның жаңа Экологиялық декларация туралы бастама жария еткенін айтты. «Мұны Еуропа мен Азия арасындағы «жасыл көпір» деп атауға болады. Бұл «жасыл экономиканы» қалыптастыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерістерін жақындатуға және жылдамдатуға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы. Алайда дағдарыс кезеңінде технологиялық және экономикалық мәселелермен байланысты өзге де катаклизмдер болады. Сол себепті әлемдік қоғамдастық мүшелерінің бәрінің күш-жігерін жұмылдыру мақсатында ғаламдық әрекеттесуді нығайту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Оның үстіне экологиялық мәселелер табиғи отынды пайдалану қарқындылығына өз түзетулерін енгізуде. Киото келісімінің шеңберінде зиянды газдар шығару мөлшерін квоталаумен қатар, қазірдің өзінде біздің планетамыздың «өкпесі» – әлемдік орман шаруашылығын қалпына келтіру және дамытуға назар аудару қажет. Дегенмен, жақын болашақта энергетикада органикалық отынды пайдалану басымдыққа ие болады. Бұл оны тұтыну бағасының арта түсуіне әкеп соғады, сол себепті экономиканың энергия сыйымдылығын азайту және ресурстарға ыждағаттылықпен қарау аспектілері бірінші кезекке шығады. Энергия өндіру саясатын және оны әлемдік ауқымда тұтынуды сәйкестендіру қажет. Халықаралық және аймақтық деңгейлерде өзара өтеу жөніндегі мәселелерді шешу керек. Электр қуатының балама және қайта қалпына келтірілетін көздерін енгізу стратегиясы ерекше маңызға ие болуы тиіс. Бұл орайда табиғи ядролық реактор, қуаты миллиондаған жылдарға жететін күн қуатын пайдалануға басымдық берген жөн. Егер күн қуатының жылдық мөлшерін бағалайтын болсақ, ол әлемдік энергия тұтынудан әлдеқайда көп. Мамандардың есебі бойынша шөл даланың бірнеше пайыз алаңына кремний батареяларымен жаһандық электр стансаларының аз ғана санын салса жеткілікті. Бұл үшін, асыра айтсақ, бар болғаны құм мен интеллект керек. Бұл бағыттар бойынша Н.Назарбаевтың кітабының өзектілігі арта түседі, өйткені ғалымдар мен мамандардың қатысуынсыз бүгінде тиімді энергоэкологиялық стратегия жасау мүмкін емес. Сол себепті біздің Мемлекетіміздің басшысының еңбегін ғылым әлемін РИО-20 Тұрақты даму жөніндегі бүкіләлемдік саммитте (Бразилия, 2012) жаһандық стратегияны қалыптастыру және енгізуге қатысуға шақыру ретінде қарауға болады. Сөз соңында Н.Назарбаевтың кітабының тұсаукесерлері шеңберінде еңбектің тұтас ғылыми трактат деп танылғанын айта кетуіміз керек. Кездесулерге қатысушылар монография міндетті түрде жалғасын тапсын, қоғам үшін қажетті жаңа тараулармен толықтырылсын деген ұсыныстарын білдірді. Хусаин ВАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор.
•
16 Желтоқсан, 2010
Президент және ХХІ ғасыр
2538 рет
көрсетілді