ЕҚЫҰ Саммитінің бірінші рет ТМД кеңістігінде, соның ішінде шығыс елі Қазақстанда өтіп, онда Астана декларациясының қабылдануы бұл ұйымның тарихында жаңа бір дәуірдің басталғандығын көрсетіп берді. Сөйтіп осы құжаттың өмірге келуімен мұнда тұңғыш рет еуроатлантикалық қауіпсіздік пен еуразиялық қауіпсіздік сөздері қатар аталып, бір арнада біріктірілді. Мұның өзі бұдан кейінгі уақыттары батыс пен шығыстың қауіпсіздігі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді қатар алаңдататындығын, ендігі кезекте ЕҚҰЫ-ның қызмет аясы Ванкувер мен Владивостокқа дейінгі аралықты ғана емес, сонымен қатар дүниежүзілік мұхиттардың басын қосып жатқан үлкен саяси кеңістікті қамтитындығын білдіреді. Бұл – осынау халықаралық ұйымның алдында шын мәнінде де жаңа дәуірдің есігінің ашылуы болып табылады.
Мұндай жаңадәуірлік міндет жүгін арқалауға, оның бірқатар объективті алғышарттары қазірдің өзінде қалыптасып үлгергенімен, ЕҚЫҰ өз бетімен келе қойған жоқ. Саммиттің өту барысында көптеген елдердің көшбасшыларының атап көрсеткеніндей, бұл – біздің Елбасымыздың сол бір міндетті түрде басталуға тиісті тарихи объективті үдерісті жұрттан бұрын көріп, байқап барып, батыл әрекетке кірісуінің жарқын көрінісі және халықаралық деңгейдегі үлкен ұйымдастырушылық қызметінің жемісті нәтижесі болды.
Жалпы, дәуір дегеніміз не? Ол қалай басталады? Дәуірдің жүгін арқалауға лайықты тарихи тұлғалар қалай айқындалады? Төменде осы сұрақтарға Елбасы қызметі мен рөлін басқа тарихи тұлғалармен салыстыра отырып терең талдауларға сүйеніп жауап беруге ұмтылған «Қазақтүрікмұнай» БК» АҚ бас директоры Нұрпейіс Мақашевтың танымдық негіздегі мақаласын ұсынып отырмыз.
ХIХ ғасырда өмір сүрген орыстың ұлы сыншысы Виссарион Белинскийдің соңында қалдырған еңбектері әлі күнге дейін осы елдің көркем әдеби сынының эталоны ретінде қоғамдық санада үлкен рөлге ие болып келеді. Міне, осы Белинскийдің Александр Пушкиннің орыс патшасы Борис Годунов туралы драмалық поэмасын жан-жақты талдай келе дана адам мен талантты адам арасындағы айырмашылықты айшықты ашып көрсете кететін тұстары бар. «Адам қызметінің қай саласында болмасын данышпанның пайда болуы алдағы өмір жаңаруының хабаршысындай болып келеді де рухтың қайнаған шығармашылық қуатының сілкіністерін туындата бастайды. Өйткені дананың өмірі мен қызметі қоғамға жаңалықтарды енгізе отырып және солар арқылы оны алға қарай, өмірдің неғұрлым жоғары сатысына қарай бастау үшін арналады. Демек, кез келген елде данышпанның пайда болуы халықтың өмірінде жаңа бір дәуірдің басталуын білдіреді», деп түйіндейді Белинский.
Ал немістің ұлы философы, диалектикалық идеализмнің негізін қалаушы Георг Гегель әлемдік тарихи тұлғалар деп өздерінің жеке мүдделері Әлемдік рух пен Тарихи сана еркіндегі субстанционалдық элементтен құралған аздаған көрнекті адамдар тобын атаған. «Олар өздерінің мақсаттары мен қызметін мазасыз, тәртіпке түскен құбылыстардан емес, маңызы әлі ашылмаған, әлі де «жер астында» жасырын жатқан, бірақ жұмыртқаны жарып шығу үшін әлсіз ғана қозғалыс білдіретін балапан секілді жер бетіне шығуға ұмтылатын, яғни көпшілік үшін бейтаныс құбылыстардан туындатады. Олар тек саяси және практикалық қайраткерлер ғана емес, сонымен қатар заман үшін ненің қажеттігін және не істеу қажеттігін түсінетін, көпшілікті өз соңынан ерте алатын ойлы адамдар, рухани жетекшілер болып табылады. Бұл адамдар маңызы әлі дәлелденбеген тарихи қажеттілікті санамен түйсініп, жүрекпен сезіну арқылы инстинкті түрде ұғынып, соған жетуге күш салады. Сондықтан да мұндай адамдардың өз әрекеттері мен істерінде еркін болуының маңызы зор. Бірақ әлемдік тарихи тұлғалардың үлкен трагедиясы сонда, олар «өздеріне өздері ие емес», олар Әлемдік рухтың қолындағы белгілі бір мақсаттарға арналған құрал ғана. Әрине, жай құрал емес, аса қуатты да құдіретті құрал» дейді Гегель.
Егер осы тұжырымды қазіргі Қазақстан жағдайына қарай бейімдей айтатын болсақ, еліміз үшін жаңа дәуірдің есігін ашып берген Елбасымыздың мемлекеттік қайраткерлігі мен қоғамдағы қызметінің рөлі біздің қазіргі бағалауларымыздан гөрі де әлдеқайда жоғарыда болып шықпақ.
Өйткені қоғамда туындайтын жаңа дәуірдің есігін дұрыс ашу үшін саяси тұлғаның дана болуы шарт екен. Басқадай жағдайда үлкен қателіктер орын алуы, соның салдарынан қайта қайталанбайтын уақыт пен тарихтың біраз жылдары босқа кетіп, халықтың еңбегі мен жігері тасқа шабылған қылыштай майырылып түсуі мүмкін.
Мұндай қателіктердің жаңа мысалдарын өз тәуелсіздіктеріне бізбен қатарлас ие болған бірқатар елдердің қазіргі жағдайынан байқауға болар еді. Ал мәселені дәлелденіп үлгерген тарихи шындық тұрғысынан қарастыратын болсақ, бұған Пушкиннің «Борис Годунов» драмалық поэмасын арқау ете аламыз. Пушкин мен Белинскийдің жазуы бойынша, Борис Годунов – өте ақылды, талантты адам. Өз кезінде ол да реформалар арқылы орыс өміріне үлкен өзгерістер енгізбекке әрекеттенді. Бірақ осының бәрі ақырында құмға сіңген судай болды. Неге? Себебі, Борис Годунов ақылды, талантты патша бола отырып, дананың, данышпанның ісін істеуге ұмтылды. Ақыры оның барлығы үлкен трагедиямен аяқталды. Борис Годунов енгізген крепостнойлық право сол кезеңдегі жағдаймен алғанда бірқатар объективті себептері болғанымен, орыс қоғамында үлкен дүрбелеңдер тудыра келе ақыры кері серпіліп тасталды.
Белинский Борис Годунов әрекетін Бірінші Петрдің реформаторлық қырларымен салыстыра келе былай дейді: «Бастапқыда талантты адамның салып жатқан үйі дана адамның салып жатқан үйіне қарағанда (бұларды, әрине, мемлекет құрылысы деп түсінгеніміз жөн – Н.М.) әдемірек көрінеді, сол үшін халық оны көріп, қолдап, мақұлдап отырады. Себебі талантты адам өзінің жүрек қалауы бойынша көбінесе инстинкті әрекет ететін дана адамға қарағанда бәрін есеппен бастайды. Бірақ ақыр аяғында сол әдемі үйдің бір қатты дауыл соққанда құлап түсетін қағаздан салынғандығын көреміз. Міне, данышпанның ісін істемек болған талантты адамның тарихи әрекеті ақыр аяғында осылай аяқталады».
Демек, дәуір дегеніміз – даналықтың сынағы. Ал таланттың пырағы дәуірдің үлкен ауқымында шаба алмайды, оның сынына төтеп бере алмайды. Ол үшін оған даналықтың инстинкті секілді қолтыққа бітер қос қанат керек.
Біз Елбасымызбен бірге жаңа дәуірдің бетін аштық. Жаһандық саясат пен әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынастар кеңістігінде өзіміздің тәуелсіз ел ретіндегі жүрер жолымызды, даму мүмкіндіктерімізді айқындадық. Бар болғаны тәуелсіздіктің алғашқы 19 жылының ішінде қаншама ұлан-ғайыр шаруалар бір-бірімен қат-қабат келіп, жүзеге асу барысында еліміздің бейнесін өзгертіп, әрбір адамның бойында асау арман мен айқын мақсаттардың отын тұтатты. Бүкіл қоғам серпіліске түсті. Сондықтан отандық, халықаралық саясаткерлер мен сарапшылардың қай-қайсысы болмасын еліміздің алдынан жаңадан ашылған бұл дәуірді бір дауыспен Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірі деп бағалап отыр.
Расында да «дәуір данышпанды тудырады, данышпан дәуірді өзгертеді» деп орыстың философ жазушысы Геннадий Матюшов айтқандай, еліміздегі бүгінгі өзгерістердің барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басындағы жанқиярлық еңбегімен, сарабдал саясаткерлігімен тығыз байланысты екені ақиқат. Осы саясаттың арқасында еліміз өзінің ендігі жүрер жолын, яғни қазақстандық жолды тез тауып, дұрыс бағытқа түсті. Елімізде жаңа тұрпаттағы адамдар, кәсіпкерлер мен білікті мамандар қалыптасып жетілді. Осындай жолдағы мыңдаған адамдар секілді мен де өзім Елбасы саясатының игіліктерін көріп келемін.
Оның үстіне, Қазақстан Кеңес Одағының құшағынан босанған барлық елдерде бірдей алғашқы кезде жаппай етек алған дағдарыс ауыртпалықтарын тез еңсеріп, күрт даму арнасына түсуімен қатар халықаралық қауымдастықпен де тез тіл табысып, сыртқы саясатта да үлкен табыстарға жетті. Қазіргі шақта әлемдегі ең абыройлы ұйымдардың төрінен көрініп жүргеніміз осы жағдайдың жарқын мысалы. Ал ішкі, сыртқы саясатта бірдей үйлесімділіктің болуы, бәрінің оңынан келуі, дүрбелеңге толы дүниеде ың-шыңсыз алға басу, міне осының бәрі бізді бағыттап отырған тұлғаның бойындағы көрегенділік пен практикалық қызметтің қатар ұштасқандығын аңғартса керек. Сонымен Қазақстандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірі дегеніміз – еліміздің жаңа тарихының басталуы, ғасырға бергісіз ұлы өзгерістер кезеңі, бірнеше ғасырлардан кейін барып басымыздан кешіріп отырған ғажайып шақ. Қоғамдық формациялардың қалыптасуы мен дамуы, жалпы уақыт пен кеңістік ұғымдары тұрғысынан алғанда қас- қағым сәтке бағаланатын осы 19 жылдың ішінде ұлан-ғайыр істер тындырылып, ата-бабаларымыздың егемен ел болсақ деген ежелгі арманы мен соны нақты өмір шындығына айналдырған тарихи оқиғалардың легі астасып, жымдасып кетті. Әр күні жылға бергісіз деп бағаланатын осы уақыт ағыны үлкенді-кішілі оқиғалардың сапырылысқан толқындарын тудырды. Бұл оқиғалардың молдығы сондай, олардың барлығы қосыла келіп, қашан да болсын өзгермейтін мәңгілік категория – уақыттың өзіне қысым жасап, оның жүрісін барынша ширата түскендей. «Уақыттың жылдамдығына көз ілеспейтін болды», деп шағынады қазір көптеген адамдар. Негізінде өзгеріп отырған уақыт емес, заман мен біздің өзіміз ғой. Біз шын мәнінде уақыттың қаншалықты қадірлі екендігін, оның неге алтынға бағаланатындығын енді түсіне бастағандаймыз. Өйткені біздің барлығымыз да өмірдің ширақтығын, адам іс-әрекетінің алымдылығын әкелген осы дәуірдің куәгерлері, ондағы үлкенді-кішілі оқиғалардың қатысушылары емеспіз бе?! Мен өз басым құрылысшы және мұнайшы ретінде еліміздің батыс өңіріне алғашқы инвесторлардың қалай келгендігін, инвестициялар ағыны осы өңірді, оның негізгі тіршілік тұтқасы – мұнай кәсіпшілігін қандай өзгерістерге бастағандығын көрдім. Оның үстіне, нарықтық қатынастар орнықтырылып, бүкіл экономикамыз, сонымен қатар адамдардың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру қағидаттары өзгерді. Ескі мен жаңаның күресі әрбір отбасында, адамдардың санасында әр күн сайын білінбей жүріп жатты. Оноре де Бальзактың: «Көптеген ұлы данышпандар ғасырлардан озса, кейбір талантты жандар жылдарды ғана артқа тастай алды», деп жазғанындай, ақыр аяғында, біздің Қазақстан Елбасының дана басшылығының нәтижесінде тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл ТМД бойынша барынша жылдам өзгерген елге айналып, даму жағынан көптеген елдерді басып озып, алға шығып, жаңа дәуір биігіне еркін өрледі. Ал бұл өзгерістер қалайша басталып, қалайша жүзеге асып еді? Менің ойымша, Қазақстандағы бүгінгі өзгерістерге серпінділік берген қуатты қозғалыс ағыны еліміздің минералды шикізат ресурстарына, соның ішінде мұнай-газ секторына алғашқы инвестициялардың келуінен туындаған болатын. Кеңес Одағы тарардан үш жыл бұрын М.Горбачев Қазақстан басшылығына Атырау қаласының оңтүстік-шығысындағы 160 шақырым қашықтықта орналасқан Теңіз мұнай кен орнын игеру жөнінде америкалық «Шеврон» компаниясымен келіссөздер жүргізуге рұқсат берген еді. Алайда Мәскеудің сенімсіздік көрсетуіне байланысты бұл келіссөздер көп өтпей тоқтап қалды. Тек Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін, анығырақ айтсақ, 1993 жылдың сәуірінде барып, «Шеврон» компаниясы Теңіз кен орнын пайдалану құқығына ие болды. Осыған орай «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Қазақстан үшін бұл жоба мұнай өндірудің әлемдік деңгейдегі жаңа технологиясын және ноу-хау менеджментін енгізген бірінші жоба еді. Бастапқы капитал 1,5 миллиард долларды құрады. Шеврон сондай-ақ кен орнын пайдаланудың келісім-шартта көрсетілген кезеңі ішінде 20 миллиард доллардың инвестициясын салуды міндетіне алды. Ал түсетін табыс екі жаққа тең бөлінетін болды. Әрине, осы келісімдердің барлығы оңайлықпен келген жоқ. Теңізден алынған мұнайдың өзі қандай бағытпен сыртқа жөнелтіледі деген мәселенің айналасында біраз уақытқа дейін үлкен пікірталастар жүргізіліп келді. Қазақстан үшін тиімді саналатын мұнайды құбыр бойынша Түркіменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін жеткізетін төте бағытқа АҚШ қарсы болды. Ал Ресей, өз кезегінде, шикі мұнайды өз аумағы арқылы Қара теңізге тасымалдауға рұқсат бергісі келмеді. Мәселе тек 2001 жылы қазан айында Каспий тұрба құбыры қаланғаннан кейін барып шешілді. Бастапқыда бұл құбырмен жылына 28 миллион тонна мұнай жөнелтілсе, кейіннен оны 67 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделінді. 1992 жылдан бастап, Қазақстанның мұнай-газ саласына «Аджип», «Бритиш газ» секілді әлемге әйгілі компаниялар инвестиция сала бастады. Әрине, батыстық компаниялар үшін Кеңес Одағының құшағынан енді ғана босанған, саяси-экономикалық, құқықтық жүйелері толық айқындалып болмаған бейтаныс елге қаржы салу ісінің тәуекелі мол болғандығы түсінікті. Сондықтан олар өз инвестицияларының қорғалатындығы жөніндегі кепілдіктің неғұрлым жоғары деңгейде болуын қалағандықтан аталған компаниялармен келіссөздерді Елбасының өзі жүргізді. 1993 жылы Ресейдің «Лукойл» компаниясы мен қазақстандық «Южнефтьгаз» бірігіп, «Құмкөл-Лукойл» бірлескен кәсіпорнын құрды. Мұнай-газ саласында шетелдіктермен бірлесіп құрылған алғашқы компания «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп тұрды. Қарашығанақ кен орнында «Karachaganak Operating B.V.» консорциумы құрылып, оның құрамына британдық, итальяндық, америкалық және ресейлік компаниялар енді. 1997 жылдың көктемі мен жазында негізгі инвестициялар еліміздің минералдық шикізат кешеніне келіп түсті. Инвестициялардың 85 пайызына жуығын шетелдіктер әкелсе, оның 60 пайызы көмірсутегі шикізатын өндіруге бағытталды. Инвестициялардың алғашқы тасқынының өзінде-ақ ел еңсесі тез көтеріле бастады. Мәселен, бастапқы 1994-1999 жылдардың аралығында-ақ Қазақстан экономикасы инвестицияның жан басына шаққандағы көлемін көршілес Өзбекстаннан 14 есе, Тәжікстанмен салыстырғанда 20 есе көп алды. Осы фактор Қазақстанның көршілес елдерден суырылып алға түсуіне, мемлекет бюджетін толықтырып, басқа да салалардағы жағдайды жедел түзетуге мүмкіндік берді. 1997 жылдың күзінде Елбасымыз өзінің ел болашағына деген нық сенімге толы әйгілі «Қазақстан-2030» стратегиясын халық алдында жариялады. Болашақ «қазақстандық жолдың» негізгі сұлбасы осы құжаттың өзінде қаланып қойылды. Абай атамыздың: «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан білінеді, қалай аяқтағандығынан емес», деген сөзі бар. Ал Холмз: «Бұл әлемде ең бастысы – біздің қай жерде тұрғанымыз емес, қандай бағытта жылжып барамыз – міне, сонда», деген екен. Расында бәрі де бастапқы әрекеттің қай істен қалай басталғандығына және қайда бағыт алғандығына байланысты шешіледі ғой. Қазақстан үшін бүкіл экономиканың локомотивіне айнала алар бірден-бір сала еліміздің минералды шикізат көздері, соның ішінде көмірсутегі ресурстары болатын. Әп дегеннен-ақ барлық істің басын ашар осы саланы стратегиялық мақсат үшін дұрыс таңдау, осы іске бірінші кезекте қозғау салу либералдық нарық экономикасы жағдайында «сиқыршының таяғын» қолға ұстатқанмен бірдей болып шыққандығын енді көріп отырмыз. 1974 жылы 1 баррель мұнайдың бағасы әлемдік рынокта бар болғаны 2,83 долларды ғана құраған екен. Осыдан 10 жыл өткенде ол 30 долларға дейін көтерілді. Ал бұдан екі-үш жыл бұрын 140 долларға дейін шарықтап барып, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалымен қайта құлдырады. Қазір 70-80 доллардың айналасында қалыптасып отыр. Жалпы, мұнайдың бағасы әлемдік саясат пен рынокта болып тұратын өзгерістерге байланысты барынша ауытқымалы болып келеді. Бірақ қалай алып қарағанда да оның бағасы жедел өсуге бейім. Міне, осындай ресурс көзін іске қосып қана қоймай, әлемдік рынокқа интеграцияланған ашық экономикалық саясат жүргізудің және шикізат көздерінен түскен пайданы басқа салаларға да жұғысты етудің нәтижесінде Қазақстандағы шешімін күткен көп істің ыңғайы бірінен кейін бірі қиюласып жүре берді. Енді Қазақстан экономикасының капиталдануына, кәсіпкерлік құрылымдардың жетілуіне байланысты мемлекет неғұрлым күрделі мәселелермен шұғылдана бастады. Негізгі назарды шикізат ресурстарын тереңдетіп өңдеу ісіне қарай аударды. Бұл істе де әп дегеннен-ақ үлкен табыстарға жетіп отырмыз. Мәселен, айналамыздағы кейбір елдер жылына бес-алты тұрғын үй немесе екі-үш мектеп тұрғыза алмай тұралап жатса, біздің еліміз биылғы жылдың өзінде 154 индустриялық-инновациялық жобаны іске қоспақ. ТМД-ның көптеген мемлекеттері өз қалаларын қалайша жамап-жасқау мәселесін шеше алмай отырғанда Қазақстан өзінің жаңа астанасын салып та тастады. Сөйтіп, Елбасы жаңа дәуірдің есігін барынша батылдықпен ашып қана қоймай, бір жүйеден екінші жүйеге көшудің өзіндік сәтті жолын көрсетіп берді. Осы фактілер Қазақстанның аз уақыттың ішінде өзінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін өз бетімен жедел шеше алатын қуатты мемлекетке, әлеуетті елге айналып отырғандығын білдіретін жағдай. Осы ғажайып шақтың әрбір сәтін сан қырлы күрделі жәйттерімен қабаттастыра отырып дер кезінде көрсетсек деген ниетпен бұдан біраз уақыт бұрын «Қазақстан: Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуірі» деген тақырыпта кітап жазған едік. Ал осы мақалада сол кітапта жазылғандарды қайталамай-ақ бізге дейін адамзат қоғамында тарихи тұлғалар туралы қалыптасқан қағидаларға сүйене отырып, Елбасы қызметінің жекелеген қырларын ғана сөз етуді жөн көрдік. Жалпы, адамзат тарихында түрлі бұрмалаушылық құбылыстары, басты бағыттарды белгілеуде қателіктер жіберу мен жолдан жаңылулар аз кездеспегенімен негізінде тарихи даму үдерістері белгілі бір обьективті заңдылықтарға сүйеніп жасалатындығы белгілі. Ол заңдылықтарды халықтың ерік-күші мен қалауына байланысты сол үдерістердің басында тұрған тарихи тұлғалар анықтып отырады. И.А. Ильиннің анықтауы бойынша, «Халық дегеніміз – бөлшектенген және бытыраңқы жағдайдағы біртұтас ұлы көпшілік. Халықтың бойындағы жасампаздық қуаты мен өмір сүруге деген ынтасы, оны әркез табиғаттың өзінде бар магнит өрісі секілді бірігуге қарай бейімдеп тұрады. Міне, осы бірігуге ыңғайы бар рухани ерік-күш, ең алдымен, бірігу факторына өзек бола алатын бір орталықты – халықтың мемлекеттік рухы мен құқықтық еркін бойына жинақтай алатын ақылы мен тәжірибесі мол тұлғаны қажетсінеді. Былайша айтқанда, халық жаңбырды күткен құрғақ жер секілді осындай тұлғаның пайда болуын жалықпай тосады. Ал ондай көсем болмаған жағдайда халықтың қуаты мен күші арна бұзатын асау толқын секілді өте қауіпті жағдайға түсуі, жолындағыны жапырып, талқандап кетуі де әбден мүмкін». Ежелгі Рим философы Цицеронның айтуы бойынша: «Әрбір қажеттіліктен мемлекет, яғни қоғам мақсаты жолындағы болуы мүмкін пайданы айыра білу, тіпті ел үшін қауіпті де қатерлі сәттердің өзінен мемлекет мүддесіне сәйкес жақсылықтарды таба білу шынайы мемлекеттік қайраткердің өзіндік айрықша белгісі болып табылады». Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында дәл осындай қасиеттердің бар екендігіне сан мәрте көз жеткізіп келеміз. Мәселен, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 19 жылы ішінде көптеген қиындықтарды бастан кешіргенімен, солардың бәрінен ұтыспен шығып келеді. Еліміз тәуелсіздікке ие болған тұста көптеген саясатшылардың Қазақстанның көпұлттылығын оның басты міні ретінде көргені де рас. Тіпті, Рейганның қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Збигнев Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы» атты кітабында Қазақстан нақ осы жағдайға байланысты үлкен жанжалдың мекеніне айналып кетуі мүмкін деген қауіпті болжамын жасаған болатын. Қазір енді қарасақ, көпұлттылық біздің кемшілігіміз емес, керісінше, артықшылығымыз ретінде көрініс беретіндей. Оның үстіне еліміздің бүкіл әлемде ауыр ізін қалдырған соңғы қаржы және экономикалық дағдарыстан тез шығып қана қоймай, осы қиындықтың өзін түбі үлкен жақсылыққа айналдыратындай жағдайда, ұпайын барынша түгендеп шыққандығы да байқала бастады. Дағдарыстан кейін біздің елімізге шетелдік делегациялар, бизнес қауымдастық өкілдері жиі келуде. Олар Қазақстанды бүгінгі мазасыз әлемдегі тұрақтылық аралының бірі ретінде қабылдауда. Мұның өзі, біздің ойымызша, елімізге жаңа инвестициялардың келуіне жол ашатыны анық. Егер осыған дейінгі ел билеген тарихи тұлғалардың өз халықтарының алдындағы тарихи рөлі мен қызметіне және тарихтан алған бағаларына көз жіберіп, салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, біздің Елбасымыздың мемлекеттік қайраткерлік әрекеттерінің бірсыпырасынан Ресейдің ұлы императоры Бірінші Петрдің реформаторлық қолтаңбасын байқауға болар еді. Нұрсұлтан Назарбаев та бір кездегі Бірінші Петр секілді тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын тұрғызды. Бір ерекшелігі – ешбір күштеусіз және барынша жедел тұрғызып, оны халықаралық басқосулардың мекеніне айналдырды. Нұрсұлтан Назарбаев бір кездегі Бірінші Петр секілді Қазақстан үшін Еуропаға терезе ашты. Елімізді Еуропалық одақтың, оның бірқатар жетекші мемлекеттерінің, алып ел АҚШ-тың, ұлы көршілеріміз Ресей мен Қытайдың өңір бойынша стратегиялық әріптесіне айналдырды. «Еуропаға жол» бағдарламасын жасатып, әріптестіктің стратегиялық бағыттары мен жүзеге асыру жолдарын белгіледі. Қазақстанда тұңғыш рет жастарды Еуропаның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына аттандырып, оның ілімі мен білімін, мәдениетін игерудің соқпақты жолын салды. Мұның нәтижелері мен игіліктерін еліміз алдағы уақытта көретін болады. Нұрсұлтан Әбішұлының Еуропаға қарай терезе ашуының тағдырлы тарихи маңызы сонда, бұл саясат біздің Қазақстанды кешегі Кеңес Одағының, бүгінгі ТМД-ның бір шетінде жатқан шеткері аймақтан Еуропа мен Қытайды, жалпы, Азия атты алып құрлықты жалғастырушы орталық өңірге, аралық алтын көпірге айналдырудың көкейкесті мүддесін көздейді. Қазір біздің елімізде салынып жатқан Батыс Қытай – Батыс Еуропа автокөлік жолы, Қытай мен Ресейге қарай тартылған мұнай мен газ құбырлары, салынып жатқан темір жол телімдері мен Ақтау халықаралық теңіз портының іске қосылуы, Каспий мен Қара теңіз жағалауындағы бірқатар елдерден Қазақстан үшін мұнай және астық терминалдарын сатып алу және салу істерінің жобалануы – міне, бұлардың барлығы аталған мақсатты жүзеге асырудың бастапқы және негізгі шаралары болып табылады. Елбасымыздың өзі бұл жайында “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты халыққа арнаған Жолдауында: “ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдарының сұлбалары айқындала бастады”, деп атап көрсетті. Елбасының осы сөзі біздің елімізде жедел түрде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, миграциялық, урбанизациялық дүмпулердің және басқа да өзгерістердің негізгі себебі мен терең мәнін барынша дөп басып, ашып тұр деп ойлаймыз. Міне, осының бәрі тәуелсіздік пен соның туын көтерген Елбасымыздың дана саясатының жемісі. Бодан елдің басына үйірілген надандық түнегін алғашқылардың бірі болып жарып шыққан қазақтың ұлы ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Елдің дұрыс дамуы үшін, ең алдымен, оның басы азат болуы керек», деп дөп басып айтқанындай, тәуелсіздік біздің – тірегіміз, тәуелсіздік біздің – жүрегіміз. Біздің қазақ халқы үшін одан артық қастерлі ұғым жоқ. Оған ие болу оңай емес еді, ал оны ұстап тұру, баянды ету – қиынның қиыны. Сан түрлі шаруаның, сан түрлі саясаттың қисынын табу қажет. Алып елдердің ортасында отырып, солармен тату көршілікпен және тең дәрежеде өмір сүрудің мүмкіндіктерін қамтамасыз ету керек. Міне, осы жолда бізді адастырмай бастап қана қоймай, халықаралық кеңістікте Қазақстан беделін көтере білген Елбасымыздың ерен еңбегіне тәнті болмай тұра алмаймыз. ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті – сол беделдің жарқын дәлелі. Ал енді өзіміздің түркі әлеміне көз тігетін болсақ, Елбасымыздың қазіргі жасап жатқан әрекеттері Түркияны ескі салт-сана мен заңдардың құшағынан жұлып алып, жаңа дүниеге бастаған Түрік Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің қайраткерлік қарымын еске салады. Түрік елі – біздің бауырласымыз әрі стратегиялық әріптесіміз. Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған да Түркия болатын. Осы Түркия Қазақстанның аз жылдың ішінде жеткен үлкен жетістіктерін лайықты бағалауда. Түркияның қазіргі Президенті Абдолла Гүл биылғы жылы Қазақстанға келіп, Елбасымыздың қолына билік асатаяғын ұстатып, Түркі әлемінің ақсақалы деген ат берді. Түркі халықтарының жалпы саны 150 миллион шамасында болса, соның жартысына жуығы Түркияда тұрады. Міне, осындай бауырлас үлкен елдің берген бағасынан артық қандай құрмет болуы мүмкін. Оның үстіне еліміз мұсылман әлемінде де үлкен беделге ие. Келесі жылы 57 елдің, 1,2 миллиард адамының басын қосып отырған Ислам конференциясы ұйымына да төрағалық етпек. Қазақстан халықаралық аренада осындай биік беделге қалай ие болды? Ең алдымен, өзінің бейбітсүйгіш саясаты, ынтымақтасуға деген ниеті арқылы ие болды. Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты, әсіресе, Семей полигонының жабылуынан жарқырай көрінді. Осы жөнінде биылғы жылы Вашингтонда өткен жаһандық қауіпсіздік мәселесіне арналған саммитте АҚШ Президенті Барак Обаманың өзі Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп атап, Елбасының осы саладағы және мемлекет басқарудағы қызметін жоғары бағалап, Қазақстанды әлем елдеріне үлгі етті. Бұл – бүкіл әлем төрінде Қазақстан жұлдызы жарқыраған ерекше бір тарихи сәт еді. Елбасының бастамашылдығымен тағы бір интеграциялық үдеріс Кеден одағының құрылуына дейін жетті. Ал бүкілазиялық шеңбер бойынша айтсақ, АСӨШК үдерісі еске түседі. Оның бастамашысы да – Қазақстан. Сонымен қатар, Қазақстан соңғы бес-алты жылдан бері әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері басқосып, адамзаттың алдындағы түрлі қатерлерді талқылайтын тұрақты мекенге айналып келеді. Шындығын айтатын болсақ, дінаралық келіспеушілік пен қақтығыстар осы уақытқа дейін адамзат бастан кешіп келе жатқан кикілжіңдер арасындағы ең бір күрделісі болып табылады. Өйткені, дінге деген көзқарас, ең алдымен, дүниені тануға деген көзқарасты қалыптастырады. Бұл – сана мен материя қарым-қатынасындағы ең басты мәселе. Жекелеген адамдар мен топтар, тіпті тұтас халықтар үшін кейбір жағдайда дінге деген сенім бәрінен де жоғары тұр. Осы үшін адамдардың өздерін құрбан ететіндігін бәріміз де көріп-біліп жүрміз. Демек, әлемдік діндердің және конфессиялардың басын қосып, бір шаңырақ астына жинау дегеніміз – өте күрделі және өте абзал дүние. Егер әлемдік діндер бір-біріне жақындасатын болса, онда бірнеше әлемдік діннен, сан түрлі конфессия мен ұлттан тұратын адамзат қауымы түрі мен тілдік айырмашылықтарына қарамастан бір-бірімен жақындаса түскен, өзара тіл табысқан болар еді. Ал, енді, Қазақстанның осындай өнегелі істерінің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлануын, онымен қоймай оның саммитін өткізу ісін ұйымдастыруын еліміздің бейбітсүйгіш саясатының өзіндік бір кульминациялық шарықтау сәті деп бағалаған болар едім. Сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихи үдерістерге ықпал етіп келе жатқан саяси қайраткер. Олай дейтін себебіміз, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары адамзат өміріндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің тасқындарын тудырған ХХ ғасырдағы сансыз саяси оқиғалардың арасынан оншақтысын бөле қарастырып, оларды өткен ғасырдың ең маңызды құбылыстары деп атаған екен. Ол құбылыстар – бірінші дүниежүзілік соғыс, ұлы Қазан төңкерісі, КСРО-ның құрылуы, ұлы депрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, ғылым мен техниканың жедел дамуы, әлемнің социалистік және капиталистік лагерьге бөлінуі, қырғи-қабақ соғыс, ядролық қаруланудың басталуы, КСРО-ның және социалистік лагерьдің ыдырауы, ТМД-ның пайда болуы, экологиялық проблеманың ұшқындауы, адамзат санының жедел өсуі. Міне, осы құбылыстардың ішінде дүниені дүр сілкіндірген жаңалық КСРО құлағаннан кейін ТМД-ның пайда болуында, ядролық қаруланумен күресте біздің Елбасымыздың үлкен қолтаңбасы бар. Осындай оқиғаға байланысты Ресейдің белгілі саясаттанушысы Юрий Солозобов айтқан мына пікір назар аударарлықтай: «Егер шынын айтатын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлының посткеңестік кеңістікті түгелдей бір арнада біріктіруші тұжырымдамалық діңгек болып табылатын көптеген интеграциялық идеялардың иесі екендігі белгілі. Бірінші қатардағы бұл саясат жұлдызы жарылысқа тап болған Кеңес Одағы галактикасындағы ыдырау үдерістерін әлі күнге дейін тоқтатуға себепші болған қажетті интеллектуалдық тартылыс заңдылығын айқындап берді. Шын мәнінде біз қазір өмір сүріп жатқан әлемді тек Нұрсұлтан Назарбаев қана қисынын тауып, құра білді. Мұны қазір посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан көптеген адамдар жақсы біледі және бағалайды», деді. Бұл – Елбасының халықаралық ауқымдағы саяси қызметіне берілген баға. Білікті, кәсіби саясаттанушының бағасы. Ал халықтың қандай баға беретіндігіне төрелік айта алмасақ та, ол бағаның қарапайым, бірақ барынша әділ болатындығына дау жоқ. Өйткені, көпшіліктің берер бағасы саясат сарапшысының бағасындай терең болмауы мүмкін, бірақ ол қашанда болмасын субьективтіліктен тыс тұрады. «Халық дегеніміз – қызық жаратылыс, – дейді В.Белинский. – Былай қарағанда қорғансыз, шектеулі, надан, соқыр, тұрпайы тобыр есебінде көрінетін ол – өзінің түйсігі (инстинк) арқылы қашан да болмасын шынайы және әділ. Міне, осы жағынан алғанда, жекелеген билік иелерінің алдамшы уәдесіне халықтың біраз уақыт алдануы мүмкін, бірақ ол ұзаққа бармайды. Асылы, халық өзін шын жүрегімен жақсы көрмей, жақсылықтың бәрін әлдебір есеппен жасаған тұлғаны, ол қаншама ақша төгіп, жағдай туғызса да сол жақсылықтары үшін оның мақтауын асыруы мүмкін, бірақ ешуақытта сүйе алмайды. Ал егер билік иесі халықты шын жүрегімен, шынайы ішкі дүниесімен жақсы көріп, сол үшін халықтың қалауынан тыс, яғни уақытша қиындық әкелетін қаншама әрекеттер жасағанымен, халық оны осы үшін сөгуі, жамандауы мүмкін, бірақ бәрібір оған деген сүйіспеншілігін жасырмайды». В.Белинский өзінің осы тұжырымына дәлел ретінде Борис Годунов пен Бірінші Петрді салыстырады. Бірінші Петрдің кезінде Ресейде ауыр реформалар жүргізгені, боярлардың сақалын күзеп, халықты еңбекке таяқпен айдағаны, Еуропаға есік ашу жолында халықты көп қиындыққа салғаны, барынша қатал, аяусыз болғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан Бірінші Петрді орыс халқы сүйеді және атын ешуақытта ұмытпайды. Себебі, Бірінші Петр реформаны билікті нығайту үшін емес, орыс халқын көркейту үшін жасады. Ал Годуновтың реформалары халық үшін жайлы болғанымен, артынан із қалдырмады. Халық Годуновтан жаманшылық көрген жоқ. Бірақ, халық Годуновты сүймеді. Неге? Себебі, Годунов реформаларының негізгі мақсаты өз билігін бекіту үшін болды, түбегейлі мақсаттарды көздемеді. Белинский осы тарихи үдерістерді тереңнен талдай келе Пушкиннің драмалық поэмасының қайшылықтарын көрсетіп берді. Бұдан шығатын қорытынды, тарихи тұлғаларға баға берген кезде ұлы адамдардың өзі де қателіктерден тыс тұра алмауы мүмкін. Жалғыз қателеспейтін баға – халық бағасы. Қазір «Егемен Қазақстан» газетінің «Елімен етене Елбасы» деп жазып жүргеніндей Ел мен Елбасының арасында шекара жоқ. Тәуелсіздіктен бергі арада өткен 19 жыл уақыт, бастапқы кезде елмен бірге көрген ауыртпалықтар, сонан кейінгі қайнаған тіршілік қуаныштары, Елбасының БАҚ арқылы күнделікті беріліп тұратын қызметі, жыл сайынғы жолдаулары бұл екі ұғымның арасын жымдастырып, біте қайнастырып жіберді. Қайда барсаң да халық Елбасының амандығын тілеп жатады. Ал Елбасымыз халықтың қамы үшін ат үстінен түскен емес. «Даналық – махаббат пен достықтың дәнегі», деп Эмиль-Мари Файолдың айтқанындай, елдің сенімі мен сүйіспеншілігі және халық алдындағы жауапкершілік жүгі Елбасымыздың қайратына қайрат, жігеріне жігер қосатындай. «Махаббатсыз дүние бос», деген Абай атамыз. «Құштарлықсыз – даналық жоқ», дейді Теодар Моммзен. Менің ойымша Елбасының ел басқару ісінде үлкен табысқа жетіп, халықты соңынан адастырмай бастау себебі, ең бірінші – ел мен жерге деген сүйспеншіліктің белгісі, ел алдындағы ұлы міндетті жүректің қалауымен атқаруының жемісі. Иә, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында өз тәуелсіздігіне ие болған жас мемлекеттің көш басында тұрып, оның қабырғасын қатайтып, бұғанасын бекітудің, әлемдік саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі құбылыстар ортасынан сүріндірмей алып жүріп, кең дүние таныған қуатты елге, батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдырудың бақыты мен азабын бастан кешіру – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи миссиясы. Дәуірдің бетін ашқан даналық миссиясы. Қарапайым жанның қаншалықты бақытты екендігі оның отбасы жағдайынан білінсе, тарихи тұлғаның бақыты елдің жағдайынан және елдің қамы жолында атқарған істерінен білінбек. Бұл жағынан алғанда қазіргі таңдағы күллі әлемде біздің Елбасымызға теңесер саяси қайраткерлер санаулы-ақ болар. Нұрпейіс МАҚАШЕВ, «Қазақтүрікмұнай» БК» АҚ бас директоры, Парламент Мәжілісі ІІІ шақырылымының депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.