Қазіргі Қазақстан: тарих және методология
Ақиқатты айту – методологиядан. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бергі уақыттың бедерінде Ресейге бодандықты мойындаумен жат жұртқа телмірген қазақ халқының санасы мен жан-дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Азаттық жолында қанды майдан жорықтар мен құрбандықтар аз болған жоқ. Ол тіпті «адамзаттың жарқын болашағы – коммунизм» құру тұсында да жалғаса берді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жұлдызды сәт туды. Содан бері бір ұрпақ өсіп-өнген мерзім өте шығыпты. Қария тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен елім, жерім деп ет жүрегі елжіреген әрбір қазақ баласын тебіренткен үміт пен күдікке толы жылдар артта қалды. Барымыз бен жоғымызды ғылыми зерделеудің, әсіресе, азаттық тарихы мен тағылымын тереңнен толғаудың методологиялық ұстанымдарын дәйектейтін уақыт келді.
Азаттық тарихының методологиясын, басты-басты ұстанымдарын қалыптастыруда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың үлесі зор. Тұңғыш Президентіміз дәйектеген: «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», Еуразиялық одақ, Азия кеңесі, ядролық қарудан бас тарту, астананы көшіру, әлемдік діндер съезін шақыру идеялары тәуелсіздік құрылысына да, Отандық тарих ғылымының ізденістеріне де соны серпін бергенін ешкім бекерлей алмайды. «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы» кітаптары – заманауи үдерістің заңдылықтары мен қиыншылықтарына жаңа методологиямен бойлаудың тамаша үлгісі. Президенттің ғылыми-практикалық ізденісі мен бастамашылығына ақиқатты, тек қана ақиқатты айтуға құштарлық тән. Демек, 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бергі Отан тарихын зерттеудегі методологиялық ұстанымның басты көздегені азаттығымыздың мәні мен мазмұнын, орнығуы мен ерекшеліктерін, ілгерілеуі мен қайшылықтарын қосып-алусыз шынайы анықтау болса керек. Бұл орайда Қазақстан салиқалы ғылыми ой-санаға арқау боларлықтай жолды жүріп өтті. Тәуелсіздігімізді әлем таныды, Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасты, кеңестік экономика мен идеология ыдырап, өмірдің бар саласында нарықтық қатынастар, идеологиялық әралуандық орнықты. Жаңа Астана бой түзеді, қазақтар мемлекет құраушы ұлтқа айналды, әділетсіздікке, зорлыққа ұшыраған мәдени-рухани құндылықтар мен тұлғалар қайта тірілді. Аз жұмыс атқарылған жоқ.
Шынайы азаттық – алдағы арман күн. Бірақ біз өтпелі кезеңді бастан кешудеміз. Оның мәнісі таптық күресті бәрінен жоғары қойған марксшілер айтқандай «кімді кім жеңеді» емес, тіпті Америкадағы, Еуропадағы, Азиядағы табысты мемлекет моделіне ұқсау да емес. Мәселе – кешегі отарланған, кеңестік тоталитарлық зорлық пен модернизацияны басынан өткізген Қазақстан сыртқы фактордың әсерімен жабысқан дертінен айығып, өзіндік даму жолын қашан табатынында. Мемлекеттік билігі мен заңы тұрақты, байлығы кедейшілікті жеңген, бірлігі мен тұтастығы ұлттық қауіпсіздік үдесіне сай, демократиясы өз қолындағы елге айналумен өтпелі кезең аяқталады. Тап бүгін – құрылыс материалдарының, тұрмыстық техниканың, тіпті азық-түліктің жартысынан көбі сырттан келіп жатқанда, биік технологияларға зәрулігіміз басқалардың есебінен өтеліп отырғанда, білім мен ғылымды қаржыландыру әлемдік көрсеткіштерден көш кейін қалғанда, ұлттық ақпараттық кеңістікті бөтен елдің тілі жаулап алғанда, кедейлер мен байлардың арасындағы орташа алшақтық ұлғаймаса, азаймаған кезде – өтпелі кезеңді артта қалдырдық, яғни хақ азаттыққа жеттік дей алмаймыз.
Әлемдік және отандық тәжірибені зерделесек, мәні мен көздеген мақсатына жеткен-жетпегеніне қарай азаттық дәуірінің әлденеше кезеңнен тұратынын байқаймыз. Бірі – номиналды азаттық, екіншісі – сындарлы азаттық, үшіншісі – шынайы азаттық. Номиналды азат ел басқа бір немесе бірнеше мемлекеттің ықпалынан шыға алмайтын кіріптар күйде қала береді. Әдетте мұндай елдің сыртқа қарыз-берешегі басынан асып жатады. Сындарлы азаттыққа жеткен елге кешегі рухани, тілдік, экономикалық, менталитеттік сияқты бодандық мұрасынан толық қол үзбесе де өзіндік даму жолын табуға талпыныс, кейбір іргелі салаларда оны таба алғандық тән. Шынайы азат ел ішкі-сыртқы саясатын әлемдік өркениет талабына, ұлттық мүддеге сай жүргізетін биіктіктен көрінеді.
Біз әзірге дамыған, шынайы азат елдер қатарына қосылмасақ та озат та өміршең құндылықтарды игеруге бейімделе даму бағытын таңдау негізінде анықталған сындарлы қазақстандық жол басында келеміз. Номиналды азаттықпен қоштасуды бастаған күніміз, шартты түрде айтар болсақ, саяси тұрғыдан – 1991 жылдың 16 желтоқсаны, экономикалық тұрғыдан – 1993 жылдың 15 қарашасы, стратегиялық тұрғыдан – 1997 жылдың 1 қазаны. Әлемнің саяси картасында дербес мемлекетінің пайда болуымен Қазақ елі өркениеттің ұлы көшінен лайықты орнын табуға кірісті, ал ұлттық валюта – теңгенің дүниеге келуі және айналымға енуі номиналды экономикадан ұлттық экономикаға көшудің шешуші қадамы болды, «Қазақстан-2030» бағдарламасы азат елдің жасампаз интеллектуалдық әлеуетін паш етті. Одан беріде сындарлы азаттықтың қайшылығын, қиыншылығын танып білдік, жемісін де көре бастадық. Қазақстандық жол салтанатына, яғни шынайы азаттық жеңісіне 2030 жыл мұғдарында куә болатын шығармыз. Қалай болғанда да, тәуелсіздік тарихын дәуірлеу, әр дәуірдің мәнді белгілері мен ерекшеліктерін тиянақтау ешқашан методологиялық өзектілігін жоймақ емес.
Адам – методология мәйегі. Азаттық тарихын зерттеу методологиясына қойылатын биік талаптың маңдайалдысы – тәуелсіз елімізге тән ерекшеліктерді артта қалған дәуірлермен, бүгінгі елішілік, халықаралық ахуалмен сабақтастықта, сәйкестікте, айырымда дәлме-дәл тани алуы. Біздің қазіргі тарихымызда геосаяси орналасуымыздың, мол қазба байлықтары үстінде отыруымыздың, көпұлтты, көпдінді халық құрамының әсер-ізі сайрап жатыр. Әлемнің түкпір-түкпіріне шашыраған қазақтардың тарихи Отанына оралуы, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей құрылымның пайда болуы, ядролық державалардың Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік беруі, индустриялық-инновациялық даму, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуы азаттық тарихының ерекшеліктерін айшықтауда. Ал осы ерекшеліктердің өзегінде азаттықты қастерлеген, ұлтаралық келісім мен үйлесімді сақтай алған, Абай өсиеттеген барша адамзатты сүюге ықыласты қазақ факторы тұр. Әйтпесе посткеңестік кеңістікте мүмкіндігі Қазақстаннан әлдеқайда жоғары Украина неге қарыштап алда жүрмейді, қазба байлығы мен жер аумағы шағын Балтық республикалары неге тұралап қалмайды? Бүгінгі методология Отан тарихына тән ерекшеліктерді туындатқан адам факторын, бірінші кезекте мемлекет құраушы ұлт факторын сандық-сапалық, салыстыру-шендестіру нысанына айналдырғанда тарих ғылымының интеллектуалдық әлеуетін арттырары әрі сындарлы азаттықтың болашағына қызмет етері сөзсіз.
Азаттық тарихында адам факторы ілгерілеудің қаншалықты себепкері болса, іркілістің де соншалықты тежеуішіне айналып отыр. Мәселенің үлкені демократияның аз-көптігінде, мемлекеттік қызметшілердің бір бөлігінде әлеуметтік-кәсіби біліктіліктің төмендігінде, жекелеген салаларда мамандардың жеткіліксіздігінде емес. Тәуелсіздік болашағы мен тағдырына адамның ашкөздігі, жемқорлық пен парақорлық қатер төндіруде. Бұл кеселдің ортасы, таратушысы, азаттық жауына айналдырушысы – материалдық-қаржылық және кадрлық шешім қабылдауға өкілеттігі бар мемлекеттік қызметшілер, үлкенді-кішілі ұжым басшылары мен құқық қорғау жүйесіндегілер. Осы топтар парақорлық пен жемқорлықтан тыйылса, бизнесмендер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, ғалымдар мен мәдениет мамандары – бәрі заңның аясынан шығатын қадамға бармас еді. Қазіргі Қазақстанда экономикалық қылмысқа қарсы күрестің тәп-тәуір тәжірибесі жинақталғанымен, жемқорлық пен парақорлықтың тарихына методологиялық негіз қалау тарихшы ғалымдардың әзірге қолға алмаған міндеті екенін мойындау керек.
Сындарлы азаттығымыздың бейімделе ырғақты нығаю жолындағы басты олжамыз – адамдардың санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылғанымыз. Адам факторының бар мәні осында. Киімін, сыртын жаңартқан адамды емес, санасын жаңартқан адамды жаңа адамға жатқызамыз. Мәселені өзекті методологиялық ұстаным қатарына шығаруымыздың себебі бар. Патшалық отарлау тұсында да, кеңестік жылдарда да қазақ халқы ертеңгі күннен үмітін үзбеді, Мәскеудің саясаты мен насихатынан тарыдай болса да жақсылық көргісі келді. Әсіресе, социалистік идеяға көп үміт артты. ХІХ ғасырдың ортасында К. Маркс: «Еуропаны елес кезіп жүр. Ол – коммунизм елесі», деген еді. Коммунизм елесін кеңес адамдары жалықпастан қуды. Тіпті сталиндік қуғын-сүргін оның утопиялық болмысын әшкерелей алмады. Адам жақсыға тез үйренеді. Адамзаттың жарқын болашағы – коммунизм құрушылармыз деген хрущевтік, брежневтік сөзі тәтті, діні қатты идеологияға елтіген, 1970-1980 жылдар аралығында мұнайдан түскен мол қаражатқа сүйенумен болар-болмас қорланған кеңес халқы ілгерідегі аштықты, тапшылықты ұмытып, үкімет пен партия өлтірмейді дегенге саятын дүниетанымды малданды. Азды-көпті сыны бар горбачевтік «қайта құру» идеологиясы да оны бекерлеген жоқ. Осы екпінмен 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясы да социалистік популизмге толы еді.
Тәуелсіздік елес қуумен орнықпайтынын, шындықтың көзіне тура қарамай, азаттықтың жасампаз болмысы ашылмайтынын 1995 жылғы екінші Конституция паш етті. Президенттік басқару формасы, парламентаризм мен көппартиялық жүйе осыдан кейін орнықты, шағын және орта бизнеске жол ашылды, нарықтық қатынас жанданды, әлеуметтік-мәдени саясат халықаралық тәжірибеге сүйене бастады. Түптеп келгенде, 1995 жылдан бергі Қазақстанның тыныс-тіршілігіне арқау болған құжат – екінші Конституция. Бірақ жаңаның орнығып кетуі үшін уақыт керек екен. Қазақстандықтардың дүниетанымы мен өмір салтындағы елес қуушылық ғасырлар межесіндегі экономиканың инновациялық ілгерілеуімен қайта жанданғанын көзіміз көрді. «Жаңа қазақтар» байлығын қайда шашарын білмей, керекті-керексіз зәулім-зәулім үй салып, қос-қостан қымбат көлік алса, тұшымды жұмысқа қолы жеткендер банктен алған несиеге бизнесін ашудың орнына аста-төк той жасаумен әуестенді. Елес қуудың нарыққа серік еместігін 2007 жылы басталған қаржы дағдарысы тағы қуаттады. Басқаша айтсақ, қоғамдық санадағы, саяси идеологиядағы, өмір салтындағы өзгерістер табиғатын, олардың азаттық диалектикасы мен қисынына тарихи үндестігін ашатын зерттеу методологиясына сұраныс та, қойылар талап та жоғары.
Билік және тұлға. Орталықтың өктемдігінен енді ғана құтылған Қазақстанға – өтпелі кезеңдегі жас мемлекетке қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени биік белестерге шығуы үшін халық мүддесін қорғайтын заңнамаларға қоса тегеурінді билік вертикалы керек. Басқаша айтқанда, методологиялық басымдықты адам факторымен байланыстырғанда оның жабық, көзге көріне бермейтін («адам аласы ішінде») қасиеті бар екендігін ескеріп, нысаналы-мақсатты әрекетін ұйымдастыратын мемлекет, билік, құқық жүйесіне ерекше мән беретін уақыт келді. Әзірге тарихшы-ғалымдар тәуелсіз мемлекет, билік, құқық тарихының методологиясын зерделеуде көп іс тындыра қойған жоқ. Бұл міндетке артылар жауапкершілік зор екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Бізді мұндай пайымға жетектеген себептер: біріншіден, мемлекеттік тәуелсіздік жарияланған сәтте қоғамдық сана, тіпті отандық тарих ғылымы нарықтық экономиканың, демократияның, идеологиялық либерализмнің, әлемдік саясаттың, қоғамдық топтар мен әлеуметтік қозғалыстардың шын мағынасындағы қыр-сырынан хабарсыз еді; екіншіден, уақыт алға тартқан міндеттерді ауыр дағдарыс үстінде шешуге тура келді; үшіншіден, әрқашан дұрыс шешім табыла бермеді. Тәжірибенің жоқтығы, білікті мамандардың тапшылығы, технологиялық мешелдік қателесуге, жаңсақ басуға ұрындырып жатты. Мәселен, президенттік қызмет 1990 жылы енгізілгенмен президенттік билік институтының орнығуы 1995 жылы жаңа Конституция қабылдау негізінде мүмкін болғаны осыған айғақ-дәлел. Қазақстан элитасы, ең бастысы – ел тағдырына жауапкершілікті мойнына алған тұңғыш Президент Н. Назарбаев мемлекеттілікті, билік вертикалын қалыптастыруда төл тәжірибемізге сүйену аздық ететінін білгендіктен Батыс пен Шығыстың үлгілерін шығармашылықпен пайдалануға басымдық бергені рас. Сондықтан да болар, қазіргі Қазақстанның билік жүйесі, демократиясына тән ерекшеліктер, ұлт пен ұлтшылдығы, орталықтанған басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың арақатынасы, мемлекеттің рөлі, экономиканың қаншалықты капиталистік екені қоғамдық сана мойындаған әрі түсінікті дәйектелген методологиялық талдау биігіне шықты дей алмаймыз.
Біздің ойымызша, бөтеннің уысынан енді босаған мемлекеттің номиналды азаттықтан сындарлы азаттық биігіне көтерілгенше табиғи-ырғақты даму жолына түскен-түспегенін, бәсекеге қабілетті болу-болмауын, барша тағдырын жеке тұлғалар, бірінші кезекте тұңғыш Елбасы, оның саяси кемелдігі, интеллектуалдық көрегендігі, нысаналы-мақсатты қызметінің негізділігі анықтайды. Күні өткен қоғамдық қатынастар ығыстырылмаған, жаңасы толық басымдыққа жетпеген өтпелі кезеңде, әсіресе, демократия мен саяси мәдениет қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін факторға айналмаған елде ұлттық тұлға мен лидердің әрбір шешімі, әрбір қадамы тағдыранықтағыш, тағдыршешті мән-мағынаға ие. Сондықтан Қазақстанда президенттік басқару институтының тууын, нығаюын, конституциялық реформалармен қамтамасыз етілу эволюциясын, бүкілхалықтық қолдауға ие болу диалектикасын методологиялық тұжырыммен даралаудың орны ерекше. Күрмеуі көп күрделі осы мәселені шешкенде Президенттің тарихи рөлі ғана ашылмайды, командасы мен оппозицияның, бастамалары мен сыншыларының көздегені, іс-әрекетінің нәтижесі өз бағасын алады.
Көшбасшылар мен халықтың қазіргі Отан тарихындағы ықпалдастығын методологиялық пайымдағанда тағы бір мәселе қаперде тұрғаны дұрыс. Ол – тарихи үдерісте көшбасшылар факторының әсері жария әрі ұзақ мерзімді, ал халық факторы көзге түсе бермейтінін, кейде тіпті бір сәттік екенін дәйектеу. Айғақ-дәлел келтірер болсақ, тәуелсіз Қазақстан тарихында Назарбаев факторы ұзақ сақталатынын, келесі Елбасы билікке келгеннен кейін де «жұмыс» істей беретінін алға тарта аламыз. Ал халықтың билеушіге ықпалы күнде көріне бермейді, оның жоғары жаққа жазған хаттары, өтініш-сұрағы, тіпті жанайқайы жауапсыз қалатыны бар. Ол – ол ма, бүкілхалықтық президент сайлауы әрісі – бірнеше айдың, берісі – бір күннің еншісіндегі таңдау ғой.
Түйіп айтсақ, тәуелсіз Қазақстан тарихынан жазылған еңбектерде миллиондаған тонна көмір, темір, мұнай, миллиардтаған пұт астық өндіргеніміз, жүздеген мың маман даярлағанымыз, ақбас Алатау мен ертегідей Бурабайды жалғаған жол салғанымыз ауызға алынбай тұрып, осылардың бәрінің қажет әрі мүмкін екенін дәйектеген тұлғалық-интеллектуалдық фактор мен халық еңбегінің, мүддесінің үйлесімін немесе қайшылығын биік методологиялық мәдениетпен пайымдаудың парқы да, нарқы да жоғары. Бұған арқау боларлық тәжірибе – мемлекеттік егемендік туралы Декларациядан «Жол картасына» дейін – бізде баршылық. Сонда әлдекімді асыра дәріптеуге немесе адал еңбекті ескерусіз қалдыруға соқтыратын, азаттық тарихын көшбасшылар тарихына айналдыратын сыңаржақ тарихи көзқарасқа жол берілмейді.
Методология және ұлттық мүдде. Көшбасшылар мен халыққа қатысты методологиялық ұстаным қазіргі Отан тарихындағы ұлт факторын дөп басып тануға септеседі.
Демократиясы мен нарықтық экономикасы уақыт сынынан өткен АҚШ, Англия, Франция, Германия тәрізді дамыған елдерде ұлт мәселесі ауық-ауық көтеріліп жататынын ескерсек, өтпелі кезеңдегі көпұлтты Қазақстан үшін оның тағдыранықтағыш мәні бар. Тап осы мәселеде азаттық тарихын зерттеушілердің методологиялық ұстанымы ақиқаттан қылаудай ауытқымағаны абзал. Ұлттан ұлттың артықшылығы да, кемшілігі де жоқ, айырмашылығы ғана бар. Ал айырмашылықтан қайшылық көргісі келетін, қазіргі қиыншылықтың бастау-бұлағын іздейтін тарихшылар – ықылас-ниеті бұзық жандар. Бұған сылтау көп. Сталиндік-голощекиндік аштықты, саяси қуғын-сүргінді, хрущевтік-брежневтік жер бөлісті, горбачевтік-колбиндік желтоқсан зорлығын қыздырманың қызыл тілімен қоздырып, бітпес дауға айналдыруға болады. Дұрысы – сол қиянаттың бәрі ат төбеліндей шовинист билеушілердің, жалған идея қуғандардың таптық шектеулігінен, ашкөздігінен, менмендігінен туындағанын, тұтас ұлттың кінәсі жоқтығын түсіндіру, тәуелсіздіктен айрылған ел кіріптар халден шыға алмайтынын санаға сіңіру. Бұл – бір.
Екіншіден, зорлық-зомбылығымен миллиондардың өмірін қиған қасіретті тарихты қайталаудың зияннан басқа берері жоқ. Тұтас халықты еркіндігінен айырған халық азат халық бола алмайды. Мемлекеттің қуаты халықтар бірлігінде. Қазақтар Қазақстанда байырғы ұлт, азаматтардың басым бөлігі әрі мемлекет құраушы ұлт ретінде қандай да құқықтық басымдыққа ие болмаса да, тарихи миссияны – елдегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етіп отырғанын, мемлекеттік мәртебесі бар тілі барша қазақстандықтарды ұйыстырушы тіл болуы керектігін азаттық тарихын зерттеу методологиясына айналдыра алсақ, ақиқаттың ақ жолынан ауытқымаймыз. Осының өзі қоғамда жүріп жатқан түрлі (мемлекеттік тіл, көші-қон, жекешелендіру, төңірегіндегі) пікірталасқа, нақты үдеріске (саяси, экономикалық, мәдени, т.б.) ғалымның көзқарасын, тұғырнамасын білдіреді. Өкініштісі – қазіргі Қазақстан ғылымы, әсіресе, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар өмірге, практикаға пәрменді ықпал ете алмай отыр. Диссертациялар қорғау шарықтау шегіне жеткенмен, қоғамдық пікірде де, материалдық-тұрмыстық жағдай тұрғысынан да ғалымның беделі мейлінше төмен, уәжіне құлақ қоюшы қоғам жоқ. Бүгінгі үдеріс тағдыры, айта берсек, ғылымның да тағдыры билік пен саясаткерлердің құзырында. Ал күні үшін билікпен жақындасу немесе тәжікелесу, саясаттың сойылын соғу немесе көзсіз сыншысына айналу тарих ғылымына ешқашан абырой әперген емес.
Үшіншіден, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар жаңа мамандықтармен толыққанын, зерттеу пәні мен өкілеттілігіне өзгерістер келгенін білген жөн. Тарихшылар жүріп жатқан қазіргі үдерістер мен өзгерістердің болжамды ертеңін қозғамай – ол үшін саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар, т.б. бар – орныққан нәтижелеріне ғылыми-сараптамалық баға берсе де аз олжа емес.
Ұлт тарихы және әлемдік үдерістер. Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу методологиясында мемлекет пен қоғамның, тіпті жекелеген ұжымдар мен адамдардың өмірі әралуан екенін, қыртысы қалың факторлар әсерімен қалыптасатынын ерекше назарда ұстау керек. Айталық азаматтардың әл-ауқаты елдің табиғи байлығына, ғылымы мен білімінің тікелей өндіргіш күшке айналу дәрежесіне, мемлекеттік басқару тиімділігіне, негізінен ішкі саясаттың қарымына қарай жақсарады немесе төмендейді. Және бұл мәселе Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты көрсеткіш орнына жүреді. Ал ұлттық қауіпсіздіктің қамал-қорғаны – Қарулы Күштер тәуелсіз Қазақстанның ішкі қажеттілігін бейнелей алмайды. Ол – сыртқы себептің пәрменімен құрылған бірлестік. Сөйте тұра азаматтардың лайықты әл-ауқаты мен Қарулы Күштердің сақадай сай тұруы арасында ажырағысыз байланыс жатыр.
Демек, бүгінгі методологияға азаттық тарихын кешенді, жүйелі, динамикада ашу ғана жүктелмейді, әрбір құбылыс пен үдерістің пайда болуына, өзара ықпалдастығы мен дербестігіне, ішкі басымдықтары мен тетіктеріне, тағылымына қисынды әрі деректі жауап іздеу маңызды. Әрине, бәрін елішілік қажеттілікпен, билік шешімімен, бірер маманның жазғандарымен аша салу мүмкін емес. Әр құбылыстың немесе үдерістің өз бастау-бұлағын, заңдылықтарын, тәжірибесін тиянақтаумен қатар әлемдік, өңірлік тәнікті (аналог) іздеу міндеті алда тұр. Тарихтың әралуан тағылым-тәжірибесін арасынан қыл өтпестей кіріктірумен жалпыадамзаттық заңдылыққа қайшы келмейтін тұтас ұлттық тарих түзілетінін методологиялық-танымдық ережеге айналдырғанда ғана азаттық ақиқатына оқырмандарды иландыра аламыз.
Бұл жерде тарих тәжірибесі мен заманауи мәселенің мазмұнын, тіпті барысы мен бағытын әлемдік кездейсоқ немесе стихиялы себеп күрт өзгертіп жібере алатынын бекерлеуге болмайды. Мәселен, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та басталған қаржы дағдарысы Қазақстанды аз әбігерге түсірген жоқ. Жоспарланған біраз игілікті істерді доғара тұруға мәжбүрледі. Ендеше, жаһандану тұсындағы методология ұлттық таным шеңберінде қалумен іргелі нәтижелерге қол жеткізе бермейді. Жаңа әлемнің өзара әсері мен байланысы қанша артса, ғылыми танымның методологиясы да соншалықты ықпалдастықпен баюы керек. Мұның сыртында Қазақстанның да қазіргі әлемге ықпал ете бастағанын ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан көріп отырмыз.
Бұдан туындайтын келесі методологиялық пайым: мейлінше күрделіленген әрі іргелі әр саласы өз заңдылықтарымен өмір сүретін бүгінгі Қазақстанның тарихын бөтеннің ілімімен ғана дәйектеу ақиқатқа апармайды. Бір ғана ғұламаның, тіпті 3-4 ғұламаның ілімін басшылыққа алудың, оны догмаға айналдырудың арты қоғамды да, мемлекетті де күйрететінін КСРО-ның, социалистік елдердің құрдымға кеткен тағдыры әшкереледі. Бізге үздік интеллектуалдық ізденістер жетістіктерін кәдеге жаратқан жарасады. Саясат тарихын зерттегенде б.э.д. өмір сүрген Аристотельден ХХ ғасыр ойшылдары Хайдеггердің, Ясперстің, Арендтің, Ә.Бөкейханның, мемлекеттілік тарихының мәселелерін көтергенде Конфуций, Шоқан, Фукуяма, Хантингтон, Жан Моне зерттеулерінің, экономика тарихын талдағанда ХVІІІ ғасыр ғалымы А. Смиттен тартып ХХ ғасыр ортасына қарай әлемге мәшһүр болған Кейнс, одан кейінгі М. Фридман, Э.Ф. Шумахер, т.б. тұжырымдары мен идеяларының, ұлт қауіпсіздігі, Отан тарихы жайлы қазақ ойшылдарының, Елбасымыз Н. Назарбаевтың толғаныстарының танымдық-методологиялық жаңашылдығы қолданым тапса, азаттық тарихын биік өремен түзеріміз сөзсіз. Есімдері аталған-аталмаған кемел ой иелерінің бір-біріне қайшы келетін пайым-тұжырымдары бар. Эклектикаға ұрынбастан солардың ара-жігін ашып, тәуелсіз Қазақстан тарихының ақиқатын тануға септесетін әлеуетін пайдаланумен бәсекеге қабілеттілік мәселесін шешуге де олжа салынады.
Ғылымға интеграция мен дифференциация келгені бұрыннан аян еді. Саясат пен практикаға нанотехнологиялар ене бастағанда, олардың бәсі мейлінше жоғарылады. Мысалға алар болсақ, ғасырлар тоғысындағы экономиканың күретамыры – банк-қаржы жүйесі тарихын немесе ғылым мен техниканың тарихын – тарих факультетінде алған біліммен ғана зерделеу жоғары математиканың есебін көбейту таблицасына сүйенумен шешуге талаптанғанмен бірдей. Бүгінгі тарихшы заманының ғылымы мен білімінің, техникасы мен технологияларының жалына қолын іліндірмей, діттеген мақсатына жетпейді.
Тарих таразысы. Қазіргі Қазақстан тарихының тәжірибесі мен тағылымын бағалауда жүгінетін өлшем таразысы неде деген сұрақтың методологиялық кілті төңірегінде бірер ойымызды айта кетейік. Біздің пайымдауымызша, тарихи мән-маңызы бар мәселені ой елегінен өткізгенде екі өлшемге басымдық беру керек. Біріншіден, зерттеу нысаны мен пәніне айналған құбылыс және үдерістің мемлекеттік реттелуі, нақты жүзеге асуы, құқықтық ресімделуі ел Конституциясы, тиісті заңнамалық актілер аясында жүрген-жүрмегенін назардан шығармау, екіншіден, түпкі нәтижесі әлеуметтік қауым мүддесіне жауап берген-бермегенін бүкпесіз ашу.
Тарихи ақиқат қырлары сан алуан. Сындарлы азаттығымыздың біреуді тамсандырған табысы әлдекімнің тарапынан сынға ұшырап жататыны немесе елеусіз-ескерусіз қалатыны бар. Түптеп келсек, методологиялық ұстанымы келіскен тарихи ақиқат қана азаттығымыздың негізгі – қосалқы, басты – екінші ретті, кезек күттірмейтін – бөгеле тұратын стратегиясы мен тактикасын, мақсаты мен міндетін, басымдығы мен тетіктерін, дерті мен шипасын дөп басуға әкеледі. Ғылыми танымның қапысыз анықталған методологиялық ұстанымы азаттық тарихын бұрмалаусыз, әсірелеусіз жазуға жол бастайды. Тәуелсіз Қазақстанның «ақтаңдақсыз» ақиқат тарихын түзудің өзі санадағы, қоғамдық пікірдегі, ішкі-сыртқы саясаттағы, экономика мен мәдениеттегі барымыз бен жоғымызды, ілгерілеу мен іркілісті дәйектеудің кілтіне айналып отыр. Азаттық ақиқатты айтқызғанда, ақиқат азаттық мүддесін қорғаумен әрленгенде тарих ғылымы өз миссиясын орындайды.
Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Астана.