Кэвин РАДД, Австралия Сыртқы істер министрі:
– Қазақстан ЕҚЫҰ жұмысына тың серпін берді. Расында, Қазақстан төрағалығына дейін Ұйым жұмысында біршама тыныштық орнағаны ешкімге де жасырын емес. Мен Қазақстан Президентіне барлығымызды үнқатысу алаңына шақырғаны үшін алғыс айтамын. Және оның конфессияаралық, ұлтаралық келісім жолындағы жұмысы атап айтуға тұрарлық. Бүгінде бұл – өте маңызды мәселе.
Мен Президент Назарбаевтың дінаралық үнқатысу мен ықпалдастықты мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас құралы деп қарастыру қажеттігі жайындағы ойы ұнады. Мен осы пікірді толығынан қолдайтынымды білдіремін.
Саммит аса үлкен жетістік болды. Ол бір мезгілде ұлан-ғайыр аймақта орналасқан елдердің басшыларын жинады, кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесін тек бейбіт жолмен қамтамасыз етудің басты қағидат екенін барлығына мақұлдатқызды.
Ахмет ГЕЙТ, Египет Сыртқы істер министрі:
– Мен Қазақстан халқын жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Қазақстанға келіп, біз жақсы өркендеген мемлекетті көрдік.
Қазақстан мен Египет арасындағы қарым-қатынастар жылдан жылға дами береді деп үміттенемін.
Питер КЕНТ, Канада Мемлекеттік сыртқы істер министрі:
– Менің бұл Астанада алғаш рет болуым. Маған барлығы – қаланың сәулеті, елдің қонақжайлылығы керемет ұнады. Мен үшін осындай беделді форумға қатысу – үлкен абырой. Канада Қазақстан көшбасшылығын жоғары бағалайды.
Николай БОРДЮЖА, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы:
– Астана Саммиті аясында тұңғыш рет БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, ТМД, ҰҚШҰ және НАТО сынды халықаралық ұйымдардың басшылары жиналды. Бұрын-соңды осындай дәрежедегі басшылардың барлығы бір мезгілде, бір шараның аясында бас қосып көрмеген еді. Бұл – Саммит жетістігі.
Саммитті ұйымдастыру Қазақстан тарапынан көп тер төгуді қажет етті. Оған Қазақстан Президенті, Сыртқы істер министрі және өзге де мемлекеттік жоғары деңгейдегі лауазым иелері еңбек сіңірді.
Анвар АЗИМОВ, Ресей Федерациясының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі:
– Ресей Федерациясының делегациясы Қазақстан төрағалығына Ұйымды жаңа жағдайдағы қауіпсіздік мәселесін кешенді қарастыру жайына алып келгені үшін алғысын білдіреді. Ресей Қазақстанның әубастан Ұйымды халықаралық қатынастар бойынша алғы шептегі позицияларына алып келу жөніндегі ойына қолдау танытты және осы мақсатта қолдан келгенін аяған жоқ. Қазақстандық достарымызды Саммиттің салмақты саяси құжатының қабылдануымен құттықтаймыз.
Феликс КУЛОВ, Қырғызстан «Ар-Намыс» партиясының көшбасшысы:
– Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде жағдайды қалыпқа келтіруге ұмытылып қана қойған жоқ, бауырлас халық ретінде де көмегін жасады.
Ионас СТЁРЕ, Норвегия Сыртқы істер министрі:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев Саммит күн тәртібіне маңызды мәселелерді қойды. Мен Қазақстан басшысын осы бастамаларымен құттықтаймын. Қазақстанның Қырғызстандағы оқиға кезіндегі қимылы жоғары бағаға лайық.
Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, көрші елде жағдай тұрақсызданғанда оны қалпына келтіруге күш салды. Ұйымның осы жылы үлкен табыстарға жеткенін, ортақ мәселелердің алға жылжуында және ұзаққа созылған кикілжіңдерді реттеу жолында келіссөздердің мәнді болғандығын айтқым келеді.
Клод БЕНЕ, Андорра Туризм, сауда және индустрия министрі:
– Андорра өте кішкентай мемлекет болғанымен, біздің еліміздің өзінде сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі. Оны батыл және жігерлі саясаткер деп таниды.
Астана Саммитінің қазіргі заман тарихына маңызды саяси шара ретінде енгеніне еш күмән жоқ.
Стефан СКЬЯЛДЕРСОН, Исландияның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі:
– Қазақстан өз төрағалығы тұсында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Саммит жұмысына көп үміт бар, бұл шараны Еуропа ғана емес, бүкіл әлем әңгіме етуде.
Вирджиния КУЛУДОН, ЕҚЫҰ Баспасөз хатшысы:
– Өте көп әңгімелер айтылды, соның ішінде мен Астана рухын айқын сезіндім. Қазақстанның бас қаласы бізді өте жылы қарсы алды. Біз осы айрықша жылылықты ризашылықпен қабылдадық. Ал шын мәнінде осы жылылықтың артында қайнаған жұмыс тұрды, біз діттеген нәтижелерімізге жеттік. Саммиттің мақсатына жеткені даусыз.
Фране МАРОЕВИЧ, ЕҚЫҰ Баспасөз хатшысының орынбасары:
– Мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен саммитке әзірлік барысында ұзақ уақыт бірлесе қызмет еттім. Олар өз жұмыстарын өте жоғары кәсіби деңгейде атқарғандықтан, маған олардан көп нәрсе үйренуге тура келді. Медиа орталықта жұмыс жасауға қажетті барлық жағдайлар жасалды. Мұндағы ауан өнімді жұмыс жасауға өте қолайлы болды. Сыртқы істер министрлігіндегілер өздерінің жұмыстарымен шын мәнінде мақтана алады ғой деп ойлаймын.