Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет елдер мемлекет және үкімет басшыларынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығымен құттықтаған хаттар келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Мемлекет басшысына арнаған өз жолдауында: «Сіздің қолдауыңызбен біз уақыттың қауіп-қатерлеріне жауап бере аламыз және барлығы үшін едәуір гүлденген, әділ және орнықты әлем құра аламыз», деп жазады.
Тәуелсіздік күніне байланысты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан келген хатта: «Достас Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқат деңгейін арттыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді, аймақта және әлемде салмақты беделге ие болып отыр. Демократия мен прогресс мақсатын өзгеріссіз алға жылжыта отырып, ортақ қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге араласуда, ел әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесіне айналды. Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуі осы айтқанымыздың бәріне дәлел болып табылады», делінген.
Қазақстан халқына және Нұрсұлтан Назарбаевтың өз атына ең жүрекжарды құттықтауларын Жапония Императоры Акихито, Бельгия Королі Альберт II, Швейцарияның Федералдық Президенті Дорис Лойтхард, Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перес, Корей Республикасының Президенті Ли Мен Бак, Кипр Республикасының Президенті Деметрис Христофиас, сондай-ақ Сауд Арабиясының Королі Абдалла Бен Абдель Азиз Аль Сауд және тақ мұрагері, Премьер-Министрдің орынбасары және Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Сұлтан Бен Абдель Азиз Аль Сауд жолдаған.