Қазақ ежелден әр бір айтылған сөздің бағасын біліп, астарына терең үңіліп, ой бесігінде зерделеп, көшпенді ел-жұртына тәлім-тәрбие беру бағытында ұтымды пайдаланып отырған. Сондықтан да сонау сан ғасырдың қойнауынан мән-мағынасы өзгермей, көнермей бүгінгі күнге жеткен не түрлі мақал-мәтелдердің астарында саф алтынға бергісіз зор тағылым жатқанына ешкім күмән келтірмейді. Иә, біздің қазақ қандай сөзді де өте дәлдікпен тауып айтып, күнделікті шытырман тірліктерінде кездесіп отыратын келеңсіз жағдайлар мен текетірестің, даулардың шешімін бір ауыз сөзбен-ақ қайырып тастап, қалың жұртының алданбай, адаспай әділ жолмен жүруіне ықпал еткені анық.
Күні кешегі өткен кеңес дәуірі кезінде қазақ тек төңкерістен кейін ғана өзін өркениетті ұлт ретінде қалыптастырды деген даңғаза қызыл идеологияның диірмені шеңберінде жетпіс жыл бойы аяусыз айналып, бодана күй кешкеніміз анық. Әрине, қазақ халқы да небір қилы ауыр кезеңдерді, қатыгез уақытты бастан кешірді. Бұл туралы еліміз тәуелсіздік алған тарихи күннен бастап, баспасөз құралдары беттерінде аз жазылған жоқ. Көп нәрсе өзгерді, көп нәрсе жаңарды, жаһандану процесі жүріп жатыр. Ұлттық құндылықтарымыз қайта сарапталды. Өз тарихымыздың шыңы мен шыңырауының ақиқатын біліп, ұлтымыздың рухани қасиеттері бағаланып, мәдени мұраларымыздың жинақталып жатқанын көріп, біліп риза болып жүрміз. Соған орай адамның рухтық тұрғыдағы жан дүниесін байыту, ақылы мен парасатын, талғампаздығын арттыру, ұлтымыздың білімділігін, білгірлігін еселеу, тіліміздің уақыт талабына сай дамуына мүмкіндік жасау сияқты қыруар кезек күттірмейтін шаралар да жасалып жатқаны анық. Бұл көңіл қуантарлық шаруа бір күндік емес, бір жылдық емес, ұзақ жылдар бойы өтетін тарихи жол екені мәлім.
Ертеңгі жарқын болашақ күніміз бүгіннен басталатынын ойласақ, әлі де болса қазақ ұлттық мүддені биікке көтеретін жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ұмтылып отыр ма деген де ой келеді. Иә, біз бүгінгі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың сана-сезіміне ұлттық намыс, жігерлі рух құдіретінің дәнін еге алдық па? Сан ғасыр бойы Ұлы даланың әрбір қадам жері үшін қолына найза алып, жанқиярлықпен шайқасқан, қан төккен, бастарын бәйгеге тіккен бабаларымыздың ұлтжандылық қасиетін өз дәрежесінде ұлықтап көрсете алдық па? Осы тарихи тұлғаға айналған бабаларымыздың асыл қасиеттерін тұмардай қастерлеп, қазақ ұлтының беделін, абыройын көтеру үшін нендей тірлік істеп жатырмыз. Бұл аса маңызды сұрақтарға қызыл сөзбен емес, іспен жауап беретін уақыт та келетініне сенімдімін.
Ал әзірше ұшқан құстай заулаған күндеріміздің соңында қалар ұрпағымыз – балаларымыздың бойында ұлттық намыс, жігер, нағыз қазақы болмыс, адами тәлім-тәрбие, ұлтжандылық болса екен деген арман көгімде қалқып, сол жақсы күндерге жетсек-ау деген ақ тілегім бар. Бұл тұрғыда бүгінгі күні ел-жұрт сыйлаған зиялы қауым өкілдерінің жастардың ұлттық намысын оятып, жақсы тәлім-тәрбие беретін, рухани байлыққа жетелейтін дуалы сөз бен нәтижелі істерінің мәні мен маңызы зор болмақшы. Жалпы, жасы келген ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыздың әрбір айтқан сөзін мұқият тыңдап, ой бесігінде сарапқа салып, ғибрат алатын адамдардың бірімін. Бірақ, өкінішке орай соңғы кезде байқағаным мінбеге шығып алып, тіл безеп жұртқа «көсем» болғысы келетін адамдардың қарасының көбейіп кеткені көңіл қынжылтады. Сөзі мен ісінің арасы жер мен көктей адамның сылдыр-сухан ақылы, сыңар езу құрғақ қызыл сөзі құлаққа кіргенімен, көңіл түбіне жетпейді, селт еткізбейді. Көпсөзділік пен жағымпаздық, жалған мақтау адамның беделін өсіргенін көргенім жоқ. Ертеректе өзі басшы да қосшы да болған, сайланып қойылатын қызметке баруға талпыныс жасаған адамды аяғынан шалып, «құлатқан», бүгінде ауылдың қадірлі ақсақалдарының бірі болған сол кісінің пәленбай жыл өткен соң жиналған көпшілік алдында келсін-келмесін қайта-қайта көзінше сірескен жалаң сөзбен мақтап, қоймай қойған «інісінің» жәдігөйлігін көрген жұрттың жерге түсіргені анық. Өзінің ары да, қолы да таза емес адамның мінбеге шығып алып, өзге жұртты адалдыққа шақырып, «ақыл» айтуы, көлгірсуі «Тамаша» әзіл отауының езу тартқызар бір көрінісін еске түсіргені бар. Осындай көкезулер жұрттың ойы мен сана сезімінің деңгейін өзінен төмен санайтындықтарына қайран қаламын. Келсін-келмесін қызыл езу болып, қолында «күлшесі» бар адамдарды жалған мақтауды әдетке айналдырып алғанына ұяласың.
Кезінде бір ауданда лауазымдық орынға сайлау өтті де, пікір де, жұрт та екіге бөлінді, талас-тартыс басталды. Екі жақтың да қостаушы топтары қалың жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмысы барысында аянбай еңбек етті. Бір жіптің екі басындағы топ аянбай, тартысты. Әрине, біреуі жеңілді, біреуі жеңді. Қызық болғанда жеңілген адамның қостаушылары өз пікірлерін өзгертіп, жеңген адамның лезде жанынан табылғанына қайран қалдық. Бұл да өзінің тұрақты ой-пікірі жоқ жағымпаз адамдардың бет-пердесін айқын көрсететін жәйт болса керек. Татар халқының «Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айтасың» деген мақалы бар. Түске шейін мақтап, түстен кейін даттап жүре беретін, ата сақалдары аузына түскенше беттерінің қалыңдығы бес елі адамдар жастарға дұрыс өнеге, тағылым береді дегенге өз басым сенбеймін. Адам ең құрығанда күніне бір рет өзіне-өзі шындықты айтып, жіберген қатесін мойындап жүрсе, жаңсақ пікір таратып, оғаш қылықтарға бармас еді. Кей кезде әлдекімді қисыны келсін-келмесін қолпаштап ала жөнелетін, өтірік-шынды қызыл сөзді қарша борататын адамдардың сөзінен шаршап кетесің. Тіпті «күйтабақтағы» әуендерін ауыстырмайды, тек қана мақтайтын адамдардың аты-жөні ғана өзгерген, алдыңғы жылы, өткен жылы да, биылғы жылы да сол марапат, сол мақтау. Тыңдап отырған зиялы қауымның құлағына оғаш естілетінін қаперлеріне де ілмейді.
Абырой деген қазақта қасиетті сөз бар. Бұл шөміштеп емес, қасықтап жиналатын көзге көрінбейтін материя іспеттес. Өте нәзік, алды-артыңды байқап жүрмесең шыныдай шытынай салады, қайта орнына келуі неғайбыл. Шашып, төгіп алуың тіптен оңай. Менің не істеп жүргенімді бұл аңқау жұрт қайдан біледі деп, екі жеп биге шығып жүрген, әлдекімге қиянат жасап, жолын кесіп, өзге біреудің қолымен от көсеп, сыртынан ғайбат сөз айтып қаралаудың неше түрлі тәсілін меңгерген адамды қанша бүркемелесе де қарапайым көпшілік біледі. Біліп қана қоймайды, оның дәл бағасын береді. Кімнің аузына қақпақ боласың? Оған өкпелеудің ешбір қисыны жоқ. Адам сыйлауға тұрса сыйлайды, сыйлауға тұрмаса сыйламайды. Содан кейін келсін-келмесін кіжініп, орайы келгенде илеуіне жүре қоймайтын жұртқа өзінше қоқан-лоқы қысымын көрсеткісі келген адамға кей кезде жаным ашиды. Халық пайғамбардан бір жас кіші деген ұғым бар, ендеше жұртпен санасуға тура келеді. Қоғамдық пікірді тыңдау, оны сыйлау ол адам бойындағы мәдениеттіліктің, парасаттылықтың белгісі. Өйткені, біз осы қоғамда өмір сүреміз. Біз қоғамға емес, қоғам бізге ауадай қажет. Қоғам орасан қозғаушы күш екені бесенеден белгілі.
Аты дүйім жұртқа белгілі апамыз Зылиқа Тамшыбаева әңгіме арасында ол өзін-өзі сыйлап жүрген адам» деген пікірді жиі айтатын еді. Осы сөздің мәні мен мағынасына жету жолында талай уақыт ойланғанымды жасыра алмаймын. Бұл сөздің түбіріне бойласам, астарында тамаша тағылым, өміріңе, іс-қимылыңа баға берген зерделі ой өрнектері ширатылып шыға келеді. Ойлар легі мені мына тұжырымға жетелеп алып келді.
Ең бастысы, өзін-өзі сыйлаған адамның ісі мен сөзінің арасында алшақтық болмайды, пендешіліктен биік жүреді. Мұндай адам өзгенің ала жібін аттамайды, әлімжеттілікпен өзге адамға қиянат жасамайды, жолын кеспейді, өш алу мақсатымен ұсақтыққа, жаманшылыққа бармайды, көз қысты, бармақ басты жемқорлықтан аулақ болады, арам жолмен байлық жинап, бала-шағасын жаман әдетке үйретпейді, өтірік айтпайды және басқа да толып жатқан қоғамға жат қылықтардан бойын аулақ ұстайды. Шындықты айта біледі. Өз ісіне адал, ұлттық намыс үшін күресе біледі, бойында ұлттық рухы бар. Ең бастысы, атына кір келтірмей, әрдайым атақ-абыройын сақтап, ол адам, ең алдымен, өзін-өзі сыйлап жүруі шарттылық. Сондықтан да, өзіңді өзің сыйлап жүру деген сөздің түп төркіні адамзат өзіне қоятын жоғарғы талаптардан тұратынын ойласаң, еріксіз жақсы қасиеттерді ойыңа да, бойыңа да сіңіруге ұмтыласың. Қалың жұртың қазақтың да ыстық ықыласы мен сый-құрметі, берер бағасы өзін-өзі сыйлап жүрген адамға жоғары болатыны айдан анық. Жақсы адамның абыройы жалпақ елге жайылатыны бесенеден белгілі. Сондықтан да өзімізді өзіміз сыйлап жүру қасиетін бойымызға ұялатып, өскелең ұрпақ арасындағы тәлім-тәрбие жұмысына кеңінен пайдаланып, ұлтымыздың абыройын көтеріп, отансүйгіштік, ұлтжандылық сияқты жақсы қасиеттерді кеңінен дәріптеп, қоғамға пайдамызды тигізе берейік.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Талдықорған.