Минскіде (Беларусь Республикасы) жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев беларусьтік әріптестері – Ұлттық Жиналыстың Республикалық Кеңесінің төрағасы Анатолий Рубиновпен, Ұлттық Жиналыстың Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесті.
Кездесу барысында Беларусь Парламенті палаталарының басшылары Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін жоғары бағалады және ЕҚЫҰ Астана Саммитінің табысты өтуімен құттықтады.
Жүздесушілер екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі үнқатысуларды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, «Қазақстан мен Беларусь парламенттері арасындағы қарқынды байланыстарды дамытуға ЕурАзЭҚ, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА секілді парламенттік қызметтестік құрылымдар аясындағы ынтымақтастық ықпал ететін болады».
Төраға өзара сауда-экономикалық іс-қимылға қатысты «Қазақстан мен Беларусьтің ынтымақтастығы биыл белсенділігімен айшықталды», дей келіп, оның келешегінің табысты болуы «Кеден одағы аясындағы бірқатар ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруға» байланысты екенін атап өтті.
«Кеден одағы, ал келешекте оның негізінде Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы, – деді Қ.Тоқаев, – біздің елдеріміздің сыртқы экономикалық стратегиясындағы сапалық тұрғыдағы жаңа бетбұрыс болып табылады, ол сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді. Бұл жағдайда сауда айналымы көлемін 3 миллиард долларға дейін жеткізу туралы екі мемлекеттің басшылары алға қойған міндетке толық қол жеткізуге болатыны атап өтілді.
Алдағы жылы ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толады. Қ.Тоқаев: «Қазақстан мен Беларусь мерейтойлық атаулы күндерді лайықты атап өтетін болады, бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар екі елдің халықтарына іс жүзіндегі пайдасын береді», – деді. Осыған байланысты Төраға білім беру саласындағы ынтымақтастықты белсенділендіруді жақтап, қазақстандық жастарды Беларусь жоғары оқу орындарына оқуға жіберу мүмкіндіктері туралы айтты.
Әріптесінің пікіріне Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің басшысы А.Рубинов қолдау білдірді. Депутаттың пікірінше, «білім беру саласындағы ынтымақтастық бірінші кезекте маңызды, өйткені, білімсіз табысты мемлекет құру туралы айту мүмкін емес».
В.Андрейченко да екіжақты қатынастардың барлық кешені бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтып, «Қазақстанның халықаралық бастамаларын жүзеге асыруға, оған қолдау білдіруге» Беларусь тарапының әзірлігін жеткізді.
Минск сапары барысында Қ.Тоқаев сондай-ақ Сайлау және республикалық референдумдар өткізу жөніндегі орталық комитеттің төрағасы Л.Ермошинамен, Сыртқы істер министрі С.Мартыновпен, ЕҚЫҰ-ның Минскідегі Кеңсесінің басшысы Б.Халлермен кездесті.
Сондай-ақ Қазақстан Сенатының басшысы Беларусь Республикасы Президентінің сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ ПА Миссиясы басшысының орынбасары ретінде сайлау мониторингіне қатысты. ЕҚЫҰ ПА байқаушылар миссиясы құрамында Сенат депутаттары Оралбай Әбдікәрімов, Әділ Ахметов, Сергей Плотников, Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова жұмыс істеді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.