Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен 22 желтоқсан, сәрсенбі күні өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Астана қаласында Сауд Арабиясы Корольдігі Елшілігінің объектілерін салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы күн тәртібіне енгізіледі.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Ғылым туралы» заң жобасын және соған сәйкес заңдарға түзету енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымға дайындағанын мәлім етті. Жалпы отырыстың күн тәртібіне «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобалары шығарылатын болды.
«Егемен-ақпарат».