Еліміздің ең қастерлі ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекетке сіңірген айрықша еңбегi үшiн академик Салық Зимановтың Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары дәрежелі «Отан» орденiмен марапатталуын заңгерлер қауымы аса зор қуанышпен қарсы алып, Елбасының заңгер-ғалымға көрсеткен ықыласын тұтастай құқық қорғау саласына жасалған құрмет ретінде ризашылықпен қабылдады.
Саналы ғұмырын заңгерліктің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының дамуына орасан зор үлес қосқан ғалымның Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Салық Зиманұлы өткен ғасырдың 90-шы жылдары ХII және ХIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезеңде саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға және заңдарды жетiлдiруге бағытталған заңнамалық реформалардың бастауында тұрды.
Академик Ата Заңның әрбір бабын айқындау мақсатында өлшеусіз еңбек етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің дұрыс жолды таңдауына зор ықпал етті.
Ғалымның тікелей жетекшілігімен жинақталған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрып нормаларын, хандар заңнамасы мен халық арасында жоғары беделге ие болған би-қазылардың сот төреліктерін, қазақтың ортағасырлық «Жарғы» құқықтар жүйесін зерттеген «Қазақтың ата заңдары» атты жинағының ғылыми құндылығы ерекше.
Ақсақалдың жарты ғасырдан астам уақыт жинақталған заңгерлік саладағы терең теориялық білімі мен мол тәжірибесі, кішіпейілділік пен парасаттылыққа тұнған өмір жолы ізбасарлары мен шәкірттеріне тәлім-тәрбие болатындай үлгі-өнеге екені сөзсіз.
«Салық Зиманов – Қазақстанда заң ғылымдарының негiзiн қалаушы», – деген жоғары бағаны академик Қаныш Сәтбаев берген болатын. Абзал азамат, парасатты ғалым, көрнекті қоғам қайраткері ретiнде кеңінен танылған заң ғылымдарының патриархы Салық аға Зимановтың «Отан» орденінің иегері атануы ерен еңбек пен халықтың шынайы ықыласынан туындаған құрмет деп ұғынамыз.
Мемлекет зерттеушісі, қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы академик Салық Зиманұлының ерен еңбегінің лайықты бағасын алып отырғаны ел үшін үлкен қуаныш.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.