• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2010

Соғыс қорытындылары қайта қаралмауы тиіс

413 рет
көрсетілді

«Ұлтшылдықтан тыс әлем – барша адамзаттың жаһандық мін­деті» деген тақырыппен таяу күндерде Мәскеуде өткен ха­лық­аралық конференцияда ұлт­шыл­дық белгілерінің жолын кесудің, нәсілшілдікке, ксенофобияға, бас­­қыншы ұлтшылдыққа қарсы кү­ресті үйлестіру және ынты­мақ­тастықтың құқықтық негіздерін қалыптастыру мәселелері тал­қы­ланды. Ресей Федерациясы Феде­рал­ды Жиналысы Федерация Ке­ңесінің ұйымдастыруымен өт­кен шараға әлемнің 44 елінен келген парламенттік делегациялар, құқық қорғау ұйымда­ры­ның, ғылыми орталардың өк­іл­дері қатысты. Қазақстан тара­пы­нан конференцияда Сенат Төр­ағасының ор­ын­басары М.Көпе­ев, Әл­еуметтік-мә­дени даму ко­ми­те­тінің мүшесі Х.Ва­лиев жә­не Мәжіліс депу­та­ты В.Вишниченко болды. Конференцияда М.Көпеев сөз сөйледі. Неонацизмге, фашизмге және ксенофобияға қарсы күрес жөніндегі шараларды әзірлеу қа­жеттігін атап өте келіп, ол Берлинде болған «Екінші дүние­жү­зілік соғыс пен Холокост сабақ­тары» халықаралық конферен­ция­сында қабылданған үндеу ту­ралы еске салды. Бұл құжатта, атап айтқанда, «соңғы кезде ХХ ғасыр тарихындағы қанқұйлы соғыс туралы естеліктер саяси саудагерлік мақсатында құбыла бастады», деп атап өтілген болатын. «Қазақстан Екінші дүниежү­зілік соғыс қорытындыларын қай­та қарауды айыптайды. Ол­ар­ды тарихи, саяси және адамгершілік тұрғысынан тексеруге талпыныстар жасау, аз дегенде, дұрыс емес және негізінде кешіруге жатпайды», деді М.Көпеев. Соғыс жылдарында миллионнан аса қазақстандық қолда­ры­на қару алып, фашист бас­қын­шыларына қарсы күресті, ұр­ыс алаңдарында 500 мыңнан ас­там қазақстандық қаза тапты. Әрбір екінші жауынгер үйіне қайт­­пады, соншама майдангер туған жерге жаралы болып оралды. Халықаралық «Ұлтшыл­дық­тан тыс әлем» құқық қорғау қозғалысының ұлтшылдық идея­лары мен іс-қимылдарының пайда болуы мен таралуына мониторинг жасау және алдын алу жүйесін жасау бастамасын Қа­зақ­станның қолдайтынын атап өте келіп, М.Көпеев, ұлтшыл­дық­ты, нәсілшілдікті және ксе­но­фобияны насихаттауға тыйым салатын заңнама қалыптас­ты­ру­ды жақтайтыны туралы айтты. Төраға орынбасары өз сөзін қорытындылай келіп, Президент Н.Назарбаевтың: «Қазіргі кезде өткен соғыстың «балама тари­хы» дейтін пайда болуда, оның ішінде, қазіргі фашизм мен он­ың идеологтарының ажал төн­діруші қаупін әдейі сейілтіп, фактілер мен оқиғалар өзгеруде. Біздің дүние адам айтқысыз нә­зік және ғажап әлсіз екенін түсінеміз. Біз өзімізге ортақ Ұлы Же­ңісіміздің ақиқатын сақтау ісінде барша халықтармен бірге болдық, біргеміз және бірге бола береміз», деген сөзін көлденең тарт­ты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.