• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2010

Сақтықтың бәрі сақтану емес

414 рет
көрсетілді

Мәдениет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитеті «БАҚ-тың конфессияаралық келісімді бекітудегі рөлі» деген тақырыпта семинар өткізді. Оған барлық БАҚ өкілдері қатысты. Семинар жұ­мысын Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Лариса Броватая жүргізіп отырды. Қай күнгі семинарлардағыдай, мұнда да бірнеше тақырыпта дә­ріс­тер оқылды. Одан кейін журна­листердің сұрақтары жауып кетті. Соның ішінде, әсіресе, бүлікшіл діни ағымдарға қарсы арнаулы ор­гандардың жүргізетін әрекеттерінің  тиімсіздігіне сын айтылды. Дәріс оқы­­ғандар Еуропа елдеріндегі ос­ындай ағымдарға қарсы әрекеттер­дің тиімділігі туралы айтса да біздегі ос­ындай жұмыстардың осал­ды­ғына кел­генде «заң сондай» дегеннен ар­тыққа бара алмады. Көптеген Еуропа елдерінде басқа конфессия­лар­дың өкілдері қаптап тұраты­ны­на қа­ра­мас­тан, бір-ақ діннің тіркелу құ­қы­ғы бар екен. Мәселен, Норвегияда. Неге екені белгісіз, адам құқын қорғаушылар осындай елдерге сын айтпай, барлық әлемдік және дәс­түрлі діндерді ғана емес, көптеген мемлекеттерде бүлікшіл деп таныл­ған ағымдарды да діни бірлестік ретінде тіркейтін Қазақстанды адам­ның діни бостандығын бұзуда деп сынайтындығы туралы мәселеге сөй­леушілер нақты жауап бере алмады. Ол – ол ма, дәріс оқығандардың бәрі біздің журналистерге діни ағымдар туралы қатты айтуға болмайтынын, әсіресе, «секта» деген сөзді ауызға алмаған жөн екенін айтып бақты. Кез келген діни бірлестік әрекетінің бағасын сот қана бере алады, тек сот қана олардың «секта» екендігін анықтай алады деген сөздер де ай­тыл­ды. Сот кез келген істің құра­мын­да қылмыстық немесе заң бұ­зушылық әрекет бар-жоғын ғана анықтамайтын ба еді? Ал діндердің құрамындағы аз ғана топтар ұста­на­тын ағымдар «секталар» деп атала­ты­ны ежелгі діни әдебиеттерде бар түсінік емес пе? Осындайдан да қорғалақтап тұрған адамдардың діни біліктілігі жоғары деп айту қиын. Сонымен бірге, бүлікшіл ағым­дар­дың, әсіресе, нені уағыздай­ты­ны­на, олардың қатарына қосылу­шы­лардың көбею себебі неде екеніне де жауап берген ешкім жоқ. Мұндай сұраққа бұрын жауап іздеген бір әріптесіміз ғана олардың нені уағыздайтынын жазсаңыздар, әре­­кеттеріне жарнама жасаған бола­­сыз­дар, сондықтан оны жазудың керегі жоқ деген арнайы қызмет ма­ма­нының айтқанын ауызға алды. Керісінше, олардың нені уағыздай­ты­нын ашып көрсетіп отырса, ха­лық­тың көзі ашылып, ондайдың ма­ңы­нан жүрмес еді ғой. Бүлікшіл ағымдардың кейбірі адам­дардың басына күйзелісті жағ­дай туғанда «жанашырлық» білдіріп, сол адамның өз бойындағы қа­сиетін асыра сілтеу арқылы сенімге кіріп, артынан барлық дүние-мүл­кінен жұр­­дай қылатындығы, кей жағ­дайда тіпті өлім халіне жеткізетіндігі тура­лы Л.Броватая ғана айтып берді. Семинарға қатысқандарға Конституция мен Азаматтық кодекстегі дінге байланысты баптар, діни та­қырыптарды жариялау жөніндегі әдістемелік кеңес, мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы туралы мәліметтер,  республикалық және аймақтық діни орталықтар басшыларының тізімі сияқты деректер берілді. Жақсыбай САМРАТ.