• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2010

Қажымайтын қажы

636 рет
көрсетілді

Қажы Қорған қарағайлы, қа­йыңды өлке Қостанай құшағында туып өскен. Атамекені – ұлы ағар­тушы ұстаз Ыбырай Алтын­сариннің кіндік қаны тамған Тобыл бойы – Қостанай қала­сы­ның тура іргесінде қоныс тепкен. Кіндік қаны тамған жері бұрынғы Обаған ауданы (қазіргі Алтын­сарин) Қызылағаш елді мекені. Өзі сол Қостанайдан ұлы ұстаз өз қолымен салдырған, сол кезде Жамбыл атымен иеленген орта мектепті ойдағыдай бітірді. Оқу бітіргеннен кейін Ақтөбедегі (негізі – Алтынсарин ашқан қыз­дар гимназиясы) сол кездегі мә­дени-ағарту училищесіне түседі. Бұл 1960 жыл болатын. Сол кез­дің өзінде-ақ талабы таудай жас талант иесін тап басып таны­ған облыстың радио қызметкерлері сту­дент жігітті дикторлыққа қо­сымша қызметке қабылдайды. Ол кезде Ақтөбе облыстық филар­мо­ния­сының аты дүрілдеп тұрған кез болатын. Сол филармония жаз­дағы гастроліне жас жігітті көр­кемсөз оқушы ретінде өздері­мен бірге ала кетеді. Жаз бойы аз да болса тәжірибе жинап, өнер мек­тебінен өткен Қажыға, күзді кү­ні Алматыға гастрольге келген «Қа­зақконцерт» ұжымы көркем­сөз оқудан аты шығып, көзге түсе бастаған жас жігітке жабыса кетеді. Сөйтіп, жас Қажы бір күнде, құрамында қазақтың әйгілі өнер иелері Қали Жантілеуов, Үрия Тұрдықұлова, Роза Бағлановалар бар, сондай-ақ сол кездегі Қазақ­стан­ға еңбегі сіңген әртістер Жә­ле­кеш Айпақов, Рахила Ақжаро­ва­лармен жасақталған іргелі де, ірі құрамға жүргізуші болып шы­ға келеді. Бұл жас Қажының бола­шағына жол ашқан үлкен өмір белесі болды. Сол екі арада Қажыға бұрыннан «құда» түсіп жүретін Батыс Қазақстан өлкелік (ол кезде өлке болатын) телерадиокомитеті оны қояр да-қоймай дикторлық қыз­­метке шақырып алады. Сөйтіп, Қажы кейіннен бүкіл өміріне алтын арқау болған кәнігі кәсібіне біржола бет бұрады. Өмір өз өрне­гімен осылай өтіп жатқан. 1968 жылы кеңестік кезең та­рихында тұңғыш рет құрылып, ірге көтере бастаған Қазақ теле­ди­дары республика көлемінде жан-жақтан кадрларды қарастыра бас­та­ғанда алғашқы таңдау кезегі Қажыға түседі. Теледидарға түрі де, тұлғасы да, әсіресе, дауыс мә­нері айқын, екі тілде (қазақша – орысша) бірдей сайрайтын сарабдал диктор керек болады. Мұндай талапқа бірден-бір жауап берер қасиет тек қана Қажының бойы­нан табылған. Сөйтіп, Қажы Алматыға келіп, қазақ теледидарында алаңсыз жұ­мыс жасап жатты. Келе-келе бірыңғай теледи­дар­дағы дикторлық тірлік Қажыны қанағаттандырмауға айналды. Ол өз күшін журналистикада сынап көр­мек болды. Бойында жаза білетін қабілеті барлығын қапысыз байқа­ған Қажы қаламгерлік жо­лын­да жо­ғары білім алу үшін ҚазМУ-дің жур­налистика факультетіне түсіп, оның табақтай дип­ломын қалта­сына салып ала­ды. Енді Қажекеңе қа­жымай, талмай қазақ теледи­да­рында қажыр­лы еңбек ету парызы ғана қалды. Осы кезде Қажы дик­торлық дең­гейден көтеріліп, тілшілік тіршілікке біржола ден қойған еді. Осы кезде Қажы қазақ теле­ар­насында бұрын болмаған тың ты­ныс, жаңа жол ашты. Кеңес үкіметі кезінде қазақ ауыл­­дарының хал-ахуалы анау айт­­қандай ажарланып кеткені ша­малы еді. Әлі күнге дейін шешілмеген ауыз суы да, жолы да, бай­ланыс торабы да – тіпті әлеу­мет­тік саласының қай-қайсысы­ның да қалыбына түсіп кеткенін ба­ғам­дау қиын еді. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлерге, оны да­мы­туға ел іші, ауыл адамдары дәрменсіз болатын. Осыны айқын аңғарған Қажы Қорғанұлы қорғансыз  жат­қан ауылшаруашылығының қым-қуыт тірлігіне жан кіргізіп, қан жүр­гізу үшін бел шешіп, білек сы­­­банып кірісіп кетті. Тәжірибелі тіл­шіні ауыл ахуалы әуелден алаң­­­да­тып жүретін. Енді ол теле­ди­дардың зор мүмкіндігін пайда­ланып, елдегі қордаланып қалған проблемаларды тақырып нысана­сы­на алып, жүйелі түрде жүргізіп жатты. Сол кезде елді елеңдеткен «Киіз үй», «Төрт тү­ліктің төресі», «Жел­ден жүйрік жануар» хабар­лары қалың тың­дар­манның тағат­сыз күтетін тақы­рыбына айнал­ды. Бұл хабарларға Қажы сол кездегі ауылшаруа­шы­лығы министрінен бас­тап, қатар­дағы жауап­ты қыз­мет­­керлерге дейін қатыс­тырып, кенжелеп қалған келеңсіз көрініс­терді көзге шұқып көр­сетіп отыр­ды. Ауылшаруашы­лы­ғына назар ау­дарып, қолдау көр­сету, ол ұлт­тың қамын ойлау де­ген сөз. Бұл Қажы хабар­лары­ның өміршең­ді­гін көрсетті. Егер ұлты үшін, жұр­ты үшін еңбек етпей, құр ән­шейін науқандық тапсыр­малар­дың жетегінде кетсе, түбін­де тілшілік тіршілігінің зая бола­рын тәжірибелі журналист бірден ба­ғамдап болжаған еді. Ол көтер­ген сол бір салауатты тақы­рып­тар әлі күнге дейін өзінің құ­нарлығын жойған жоқ. Өміршең тақырып деген, міне, осындай бо­лады. Сол жылдарды Қажы сом­даған тұғыр­лы хабар қазақ теле­ди­­дарында бірінен соң бірі жалға­сып, көрер­мен­дердің көз қуаны­шына айна­лып жатты. Оның ауылшаруашы­лығы­ның алыптары – Шығанақ Бер­сиев, Ыбырай Жақаев, Жа­зыл­бек Қуанышбаев­тар жайлы жа­зыл­ған телевизия­лық түсірілім­дері бұл күндері тап­тырмайтын тарихи тақырып­тарға айналып отыр. Оның «Үш бәй­терек», «Дом без углов» (орыс­­ша хабар), сон­дай-ақ, Жеңіс­тің 40 жылдығына тарту ретінде арнайы жасалған 29 сериялы «Балтық жа­ға­лауын азат еткен қазақстан­дық­тар» туралы телеповестері бұл күнде қазақ теледи­дарының ал­тын қорында сақталып қалды. Менің де Қажекеңмен қазақ те­ле­дидарында бірге істеген жыл­дарым болды. Сонда менің есімде қалғаны Қорғанұлының авторлық тақырыбына айналған «Бір хат­тың ізімен» деген хабарлар серия­сы еді. Осы хабарлар Қажыны биік белеске көтерді. Қазақ телеар­на­сының апталық басқосу­ларын­да Қажы жасаған осы бір бірегей хабарлар топтамасы талай мақ­тау­ға ілігіп, тілге тиек болды. Сол кезде ел арасынан Қажыға рахмет ай­тып, ыстық лебіз білдірген көрер­мен хаттарының көптеп келіп жа­та­тынын талай рет көзім шалған еді. Міне, бұл түптеп келгенде, жур­налист жұмысының же­місі, еленген еңбектің ерен белгісі болатын. Қажының қажымай-талмай істеген еңбегі үкімет тарапынан елеу­­­­сіз қалған емес. Әсіресе, оның Солтүстік өңірде астықтың мол шыққан жылдарында күні-түні ты­ным­сыз еңбек етіп, журналистік тап­сырмаларды қалтқысыз орын­да­ған жұмыстарының нәти­жесінде ал­ған «Құрмет белгісі» ордені оның шын мәніндегі қа­жы­мас қай­раткерлігін айқын ай­ғақ­тайтын марапат еді. Абыройлы еңбек жемісі мұ­нымен тоқтамай, жалғасын тауып жатты. Соның бірі, Қажы­ның 1982 жылы қазақ теледидары­ның 20 жылдығы мерейлі мерекесінде «Қа­­зақстанның еңбек сіңір­ген мә­дениет қызмет­кері» атағын алуы зор қуа­ныш бол­ды. Бұған қа­рымды қалам­гер­дің «Қазақ әде­биеті» газеті мен Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның сыйлығын қос­сақ, Қажы­ның еңбе­гі­нің ересен үл­гісіне ай­қын көз жет­кізген болар едік. Қажымас қаламгер қазіргі таң­да зейнет жасына жеттім деп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол, әсі­­ресе, соңғы жылдары «Туған жер түлектері» айдарымен қоста­най­лық азаматтар туралы көп се­риялы деректі фильмдер легін жал­ғастырып келеді. Бұл жұмыс­та да Қажының қажымас қайрат­кер тұл­ғасы айқын аңғарылып тұр. Бұл жұмыстар Қажының «Ұл­пан» деп аталатын өзі жетекшілік жасап келе жатқан ұжым арқылы жүзеге асуда. Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.