Республикада үкіметтен қаржылай көмек, субвенция алмайтын, алмағаны өз алдына, республикалық бюджетке жылма-жыл миллиардтаған теңге салық құйып отыратын аудандар елімізде онша көп те емес. Мұндай нәрлендіруші (донор) өңірлерді саусақпен санап алуға да болады. Солардың бірі – Бөрлі. Айталық, аталған аудан біз іссапарда болған күндері республикалық бюджетке – 97, облыстық бюджетке 17 миллиард теңге салық түсімдерін жинап үлгеріпті. Бұл алынуға тиісті болжамның 119 пайызын құрайды екен. «Не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дей көрмеңіз. Әрине, Бөрлі ауданының үстінен шұға жауып жатқан жоқ. Жері байдың, елі бай дегендей, осындағы мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан Альянстан алынған алым мен салым мөлшері осындай.
Сондай-ақ Бөрлі ауданын шетелдік инвестиция қаражаты есебінен одан әрі дамыту мен көркейту жолдары іске асып жатқанына да куә болдық. Соңғы үш жылда мұнда 1009 пәтер тұрғызылған. Оның 342-сі ауылдарда бой көтерген. Оның ішінде бюджет қызметкерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге бөлінген баспананың үлес салмағы жылма-жыл өсіп келе жатқаны да сүйсіндіреді. Аудан орталығы Ақсай қаласы ғана емес, аймақ аумағындағы Қызылтал, Жаңаталап, Қанай, Ақсу, Ақбұлақ, Кеңтүбек, Жарсуат және Успеновка ауылдары да жаңа түр мен келбетке ие бола бастапты.
Өсу мен дамудың мысалдары, әсіресе, шекаралық өңірлерде айқын көрініс тауып жатса – бұл сөз жоқ құптауға тұрарлық іс. Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкімовтің бастамасымен қолға алынған шекаралық аудандарды абаттандыру ісі қазірдің өзінде көзге бірден байқалады. Жаңғырған әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлер, денсаулық сақтау мекемелері, балабақшалар мен саябақтар алдыңғы пікіріміздің дәлелі. Осынау ұланғайыр істерді алдағы жылы жиырма жылдығы кеңінен аталып өтетін тәуелсіздікке қызмет етудің бір үлгісі деп қарасақ жарасар.
Осы арада сәл шегініс жасаудың да орайы келіп тұр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандары тұрғындарының біраз бөлігі кеншілер қаласы Ақсайға қарай ағылды. Жабайы урбанизация үдерісінің легімен келіп қалған олар осы жерден жер алып, үй сала бастады. Инженерлік-коммуникациялық желілер, газ, су, жылу құбырлары тартылмаған, жол төселмеген, тек жабайы құрылыс қана алға шыққан бұл ара халық арасында «Шанхай» деген атауға ие болды. Ол көзге тым жұпыны, қораш көрінетін. Осы жолы аталған олқылықтардың да орны тола бастағанын көріп, орта көңіл кемеліне келгендей күй кештік.
Сондай-ақ, бұдан үш-төрт жыл бұрын кеншілер қаласына келгенде бітіспестей көрінген дау-дамайдың үстінен түскенбіз. Мәселенің мәнісі мынада. Ақсайдағы Наурыз атауын иеленген бульвар оның орталық бөлігінде орналасқан-ды. Азық-түлік пен киім-кешек базары да дәл осы жерде еді. Құмырсқаның илеуіндей тар жерде қай бір өркениетті сауда болушы еді. Санитарлық-гигиеналық талаптар белден басылды. Әр тұстағы іркес-тіркес ескі-құсқы контейнерлер қаланың көркін қашырды. Мұндағы жабайы сауда-саттық көше жол қозғалысына кедергі келтірді. Осы кезде кеншілер қаласында жаңа коммуналдық рынок құрылысы аяқталған болатын.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері көшеде сауда жасап отырған жеке кәсіп иелеріне: саудаларыңды сол жерге барып жасаңдар деген ұсыныс түсірді. Алайда, оған ешкім құлақ аспады. «Ол жерге ешкім бармайды. Сондықтан саудамыз жүрмейді», десті. Осы текетірес тағы біраз уақытқа созылды. Біздің құқымызға қол сұғып отырсыңдар деп жергілікті билік органдары үстінен сотқа арыз берген меншік иелері де кездесті. Әйтеуір, түбі қайыр. Ақсайдағы бүгінгі заман талабына сай жабдықталған жаңа коммуналдық рынокты қазір ешкім де алыссынбайды. Рыноктың болашағы бұдан да зор. Қазір оның жанынан тағы да үш қабатты үлкен сауда-саттық кешені бой көтеріп келеді. Біз бұл жерден жүздері жайдары, туғызылған жағдайға мейлінше риза жеке кәсіпкерлерді көрдік.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Бөрлі ауданының әкімі Б.Шәкімов Елбасы Жарлығына сәйкес «Құрмет» орденімен марапатталды. Инновациялық өңірді өрге сүйрей білген аудан басшысы, оның тындырымды істері осынау мемлекеттік марапатқа әбден лайықты деп білеміз. Болат Әдиетұлының орыс тілінде жазатын қазақстандық қаламгерлердің сапында жүргенін де оқырманға хабарлай кеткенді жөн көреміз. Ол жетпісінші жылдардың аяғында өзінің тырнақалды прозалық дүниелерімен Одақ оқырмандарының назарын өзіне аударғаны ұмытыла қойған жоқ. Өйткені, орталық әдеби журналдарда оның әңгімелері ұдайы жарияланып тұратын. Жақында Мәскеудегі «Российский писатель» баспасынан Болат Шәкімовтің әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді.
Бұдан кейінгі жол Теректі топырағына қарай жалғасты. Шалғайдағы Қаратөбе ауданын жеті жыл бойы абыроймен басқарып, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін өсіруге мол үлесін қосқан басшы Арман Өтеғұлов таяуда ғана Теректі ауданының әкімі болып тағайындалыпты. Оның әңгімесінен ұққанымыз, өзге аудандармен салыстыра қарағанда инфрақұрылымы кейіндеу қалып қойған Теректі топырағы үлкен бір сілкіністің алдында тұрғандай көрінді. Алдағы жылы қолға алынатын үлкен де іргелі жобалар ауданды алға бастыра алатынын сезінгендей күй кештік. Ол дәл қандай жобалар мен нысандар екенін тісқаққан басшы ашып айта қоймады. Оны кезінде көресіздер ғой дегеннен әрі аспады. Әрі мұнысы дұрыс та шығар деген ойда қалдық. Бұл аз сөйлеп, көп іс тындыра алатын Арман Кәрімұлы секілді іскер басшыға тән қасиет екені бізге бұрыннан да белгілі болатын.
Теректі облыстағы астықты аудандардың бірі. Соңғы жылдары өңірде орын алған жойқын құрғақшылық астық өсірушілердің еңселерін түсіріп-ақ жіберді. Алайда, аудан басшысы бар кінәні табиғатқа жаба салу дұрыс болмайтынын айқын аңғартты. Гектар түсімін көтерудің тиімді жолдарының бірі – егін салумен айналысатын ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру. Өйткені, жерді өңдеуге, тыңайтқыш себуге әрқайсысының мүмкіндіктері бола бермейді. Бас біріктірген жағдайда агротехникалық шараларды ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізуге жол ашылады. Алдағы мақсатымыздың бірі осындай бағытта түсінік жұмыстарын жүргізу, – деді бізбен әңгімесінде А.Өтеғұлов.
Сондай-ақ тұрғындарды қоғамдық-ақылы қызметтерге тарту ісінде де қордаланып қалған мәселелер жеткілікті. Оны тек көше сыпырумен шектей салуға болмайды. Ауданның табиғи-климаттық ерекшелігі – тас соғу, орман тазалау, қамыс буу секілді жұмыстарға тұрғындарды көбірек тартуды қажетсінеді. Бұған тілек білдірген қол-аяғы балғадай азаматтар отбасылық бюджетке әжептәуір кіріс келтіре алады. Бұл да өз шешімін тауып жатыр екен.
Теректі ауданы туралы сөз қозғалғанда мұнда тәуелсіздік талаптарымен мүлдем сыйыспайтын көріністер мол екенін айта аламыз. Бұл елді мекен, жер, су атауларының бәз-баяғы кеңестік кезеңдегіден өзгермей тұрғаны дер едік. Бейнебір бұл ауданда республиканың барлық жерінде құрылған ономастикалық комиссия жоқ па деген ойға қаласыз. Құрылса, құрылған да шығар. Алайда, білдірген бір оңды, бір жөнді ұсынысы болмаса ондай комиссиядан не үміт, не қайыр.
Қараңыз, аудандағы елді мекен атаулары Приречная, Придорожный, Новопавлов (бұл атауды біреу Жаңапавлов деп аударып қойыпты) Покотилов, Подстепный, Долинная, Федоров деп жалғасып кете береді. Аудан орталығындағы көшелердің атаулары бұдан да сорақы. Коммунистік-тоталитарлық жүйеге қатысты атаулар түп-тұқиянымен міз бақпай сіресіп тұр. Иә, бұл Теректі ауданын бұған дейін бірінен соң бірі басқарып келген Александр Попов, Александр Савран, Василий Савченко, Сергей Церковников және Алексей Горобцовтың ауданда атқарған істерін жоққа шығару емес. Тоқ етерін айтқанда, олардың елді мекен мен жер-судың бұрынғы төл атауларын орнықтыру ісіне көңіл бөлмегені, оған ықпал жасамағаны десек, шындыққа біртабан жақындармыз.
– Мыналарыңыз масқара екен. Тәуелсіздікке ие болғанымызға жиырма жыл өтті. Сонда бұл атаулар осылайша өзгермей, бұрынғыша тұра бере ме, – дедік біз ауданның жаңа әкімі Арман Өтеғұловқа.
– Есімдері елге елеулі Бисен Жұмағалиев, Жайсаң Ақбай сынды Ақжайық атырабының аса қадірменді ақсақалдарын елдік мүдде тұрғысында елді мекен, жер, су атауларын анықтау ісіне араласуларын өтіндік. Бұл ағаларымыздың алды қазір тоқсанға таяды. Әйтсе де олар пеш түбінде жер таянып отырған жоқ. Жайсаң ағамыз – тарихшы. Ол кісі өлкетану мәселелерімен де дендеп айналысып жүр. Бисен аға облыс әкімінің кеңесшісі. Сонау елуінші жылдары ол облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып істеген. Бисақаңның еске сақтау қабілетінің мықтылығы бәрімізді таң қалдырады. Елді мекендердің байырғы төл атауларын да жадында берік сақтаған. Бұлардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев бар.
– Сең бұзылады ғой, сонда.
– Әрине, бұзылуға тиіс. Бұған қоса аудандық ономастикалық комиссия жұмысын жаңа мән-мазмұнға көтеруді ойластырып отырмыз. Оның мүшелері аудандағы жер, су атауларының тарихи, төл мағыналарының орнығуына тиісті негіз қалай алады деп сенеміз, – деді ұлт намысы қамшылаған әкім сенімді серік етіп.
Міне, біз республикадағы шекаралық аудандардың бірі Тасқала ауданының орталығы Тасқала кентіне табан тіредік. Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев бізді жылы жүзбен қарсы алды. Ол тәуелсіздік мерекесі қарсаңында құрылысы аяқталған, әрі қайтадан жаңғыртылған нысандармен таныстырды. Алдымен Орал қаласы бағытынан аудан орталығына кіре беріс жақ беттегі Азалы ана монументіне аялдадық.
Ұлы Жеңістің алпыс бес жылдығы аталып өткен биылғы 2010 жылдың да тарих сахнасына енер сәтіне санаулы күндер қалды. Осы тұрғыда айтарымыз, қазақ топырағында кешегі қырғын соғыс салған қайғы-қасіретті ананың ойлы да мұңды, сонымен бірге өр де асқақ көзімен бейнелейтін өнер туындысы бар ма, бар болса қане, дегенде қай-қайсымыз да ойланып қаларымыз хақ. Мүмкін бірқатарымыз композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнін еске түсірерміз. Сай-сүйегіңді сырқырататын нағыз азалы ән ғой ол. Бұл жолы біз Тасқаладан Азалы ана мүсінін көріп, сәулетшінің таптаурындылық пен бірізділіктен ада, өте сәтті шығармашылық шешім қабылдай білгеніне тәнті болдық. Осы жерде Тасқала топырағынан шыққан төрт батырдың кеуде-барелефтері орнатылған. Соғыстан оралмаған 1775 боздақтың есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Біз барған кезде Тасқала ауданы республикалық статистикалық комитет пен Президент Әкімшілігі биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша бірлесіп шығарған рейтингтік көрсеткіштер тізбегінде республикадағы 160 ауданның ішінде жетінші орынды иеленген екен. Аудан әкімі О.Мырзағалиевты осы табысымен құттықтадық. Іссапар барысында ойы озық, бүгінгі күннің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен шектеліп қалуды жаны қаламайтын аудан басшысы өзі басқарып отырған өңірдегі жеткіншектердің ертеңіне де қамқор көзбен қарай білетінің аңғардық. Әрі Өтеміс Уәлиұлының бүгінгі басты іс-қимылдарының бірі – ұл мен қызға білім мен тәрбие беруге, өнерлі жастарға қолдау көрсетуге бағытталып жүргеніне көз жеткіздік.
– Аудан орталығындағы «Сәулет» мектеп-гимназиясында математика мен физикаға бейімі бар балалар оқиды. Республикада гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқытуда айта қаларлықтай проблемалық мәселелер жоқ деп есептеймін. Ал ауылдарда математикалық бағыттағы дарынды балалардың қадамдарын ұштауда әлі шешімін таппаған мәселелер жоқ емес. Сондықтан да біз осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылыс жасап отырмыз. Гимназияда өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарай білетін кәсіби деңгейі жоғары мұғалімдер сабақ береді. Олардың арасында Досымғали Қабдешев секілді білімі терең, білігі мықты майталман мұғалімдер бар. Оқу орнын бітірушілердің дені алтын белгіден үміткер. Алдағы жылы мектеп-гимназияның бүгінгі талапқа сай жаңа ғимараты пайдалануға беріледі, – деді бізге аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев.
Міне, Ақжайық өңірінің солтүстік жақ бетінде орналасқан Бөрлі-Теректі аудандары мен батыс бөлігіндегі Тасқала ауданы тұрғындарының бүгінгі қам-қарекеттері осындай. Олардың тәуелсіздіктің жиырма жылдығы аталып өтетін алдағы 2011 жылы атқарар істері бұдан да қомақты. Аудан тұрғындары мен жергілікті атқарушы билік органдары тұрақты әрі үздіксіз даму нәтижелерін Елбасының көреген саясатымен байланыстырып отыр.
Сүлеймен МӘМЕТ, Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
------------------------------------
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛИЛОВ.