• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Табиғи газбен жүретін жаңа автобустар қала экологиясын жақсартпақ

451 рет
көрсетілді

Алматыда қоғамдық көліктің жұмысын жолға қойып, оны одан әрі жетілдіру бағытында ауқым­ды іс-шаралар жүзеге асыры­лу­да. Мәселен, Алматы қаласында муниципальды автобус паркіне арналған газ отынымен жүретін автобустардың алғашқы легінің келуі – соның айғағы. Жаңа және озық үлгідегі автобустардың тұ­сау­кесерінде сөз сөйлеген Ал­ма­ты қаласының әкімі Ахметжан Есімов жиналғандарға бүгінгі күн­гі және келешекте жолаушы­лар тасымалдау саласын жақсар­туға арналған жұмыстарды тілге тиек етті. Атап айтқанда, қала әкімдігінің шешімімен құрыла­тын муниципальды автобус паркі жеке көлік компанияларына мықты бәсекелес бола алады. – Жасыратыны жоқ, алматы­лықтар тарапынан қоғамдық кө­лік жұмысына шағымдардың көп­теп түсетіндігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шынды­ғын­да да, қазіргі уақытта қоғам­дық көлік түгелге жуық жеке мен­шіктің қолында. Сонымен қо­са, қалада жол тығынынан ту­ын­дайтын күрделіктер де жеткілікті. Ал, енді газ отынымен жүре­тін жаңа автобустардың қалып­та­сып отырған ауыр жағдайды жеңілдетуге ықпал ететіндігі сөз­сіз. Тендермен алынған бұл автобустар жолаушылар үшін де өте қолайлы және қала жағдайына негізделген. Қала тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсе­ту бойынша біздің стратегиямыз ос­ындай, – дейді Ахметжан Есімов. Сала мамандарының есептеуінше, қоғамдық жаңа көліктер барлық техникалық талаптарға сай келеді. Ең бастысы, бұл автобустар табиғи газбен жұмыс істейтіндіктен қаланың экология­лық жағдайын айтарлықтай жақ­сартады. Алматы қаласы әкімдігі «British petroleum» компания­сы­мен бірлесіп, қалада газ құю стансалары құрылысын салумен қатар, автобус паркінің орнын да белгіледі. Жаңа көліктің сыйым­дылығы жалпылай алғанда – 110 орын, оның ішінде отыз орын отыруға арналған. Қазіргі ке­зең­де Алматыда жолаушылар тасы­мал­даумен 1841 автобус айналысады. Соңғы мәліметтер бойынша, өткен тоғыз айда қалада қоғам­дық көліктің барлық түрімен екі жарым миллионға жуық адам тасымалданған. Оның ішінде бір жарым миллион жолаушы автобус қызметін пайдаланған. Әзір­ше, Алматы қаласына әкелінген табиғи газбен жүретін жиырма автобус жаңа жылдың алғашқы айында іске кіріседі. Ал, көк­тем­ге қарай алматылық жолаушы­лар­­дың игілігіне арналған екі жүз қо­ғам­дық жаңа көліктер жет­кізілмек. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Үкімет­тің жақындағы шешімімен Алма­ты қаласының сұранысына орай қазіргі жоғарғы талаптарға сай келетін жаңа 200 троллейбус са­тып алу туралы мем­лекеттік кепілдік берілгенін де хабарлады. Сонымен, жаңа көлік­тердің бар­лығы дерлік табиғи газбен жұ­мыс істеуі қала экологиясы үшін, әрине, өте маңызды. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы. ------------------------------------ Суретті түсірген ерсінбек СӘРСЕНОВ.