«Сбербанк» АҚ ЕБ активтері 2010 жылдың 1 желтоқсанында 250,0 млрд. теңгеге жетіп, 2010 жылдың 1 қаңтарындағы 221,3 млрд. теңгеден 13,0 пайызға артты. Соның ішінде заңды тұлғалардың салымдары 30,0 пайызға, ал клиенттерге берілген кредиттер 59,7 пайызға өсті. Осындай табыстың сыры неде және «Сбербанктің» Қазақстандағы алдағы уақыттағы жоспарлары қандай? Осы жөнінде біз «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқармасының төрағасы Олег СМИРНОВПЕН әңгімелескен едік:
– Олег Евгеньевич, осындай жақсы табыстарға жетудің сыры неде және Қазақстанның қаржылық рыногында өздеріңіздің бизнестеріңізді дамыту үшін алдағы уақытта алдарыңызға қандай мақсаттар қойып отырсыздар?
– Жақсы нәтижеге қол жеткізудің бірінші сыры – рыноктың 5 пайыздық үлесін қамту жөнінде алға қойылған мақсаттың айқындылығынан болса керек. Содан кейін әрине, клиенттердің, әріптестердің сенімі, банк командасындағы барлық мүшелердің кәсіби біліктілігі. Бүгінгі күні «Сбербанктің» алға қойып отырған стратегиялық мақсаттарының бірі – рыноктағы үлесімізді дамыту. Сонымен бірге Қазақстандағы, Белоруссиядағы, Украинадағы халықаралық банктеріндегі түсімнің «Сбербанктің» 2013 жылдың аяғында шығатын жалпы таза түсімінің 5 пайыздық үлесін қамтуға қол жеткізу мақсатымыз бар. Осы позициядан алғанда әрбір елдің аумағындағы бизнесімізді арттыру қажеттілігі айқын. Бүгінгі күні біз Қазақстан рыногының 2 пайыздық үлесін алып отырмыз, ендігі жерде өзіміздің ішкі күшімізді пайдалана отырып, жоғарыда айтқанымдай оны 5 пайызға жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз.
– Рыноктағы үлесіңізді арттыру жолдары қандай болмақ? Өз өнімдеріңізді, құрал-жабдықтарыңызды, немесе қызмет көрсетудің жаңа түрлерін ашасыздар ма?
– Осы айтқандарыңыздың бәрі де маңызды. Қазақстанда істеген 4 жылдың ішінде біз 0,2 пайыздық үлестен, жоғарыда айтқанымдай 2 пайыздық үлеске қол жеткіздік. Мақсатымыз оны ай сайын арттыра түсу. Біз алдағы жылдарда қазақстандық клиенттерімізді трансшекаралық аумақтарда да кредиттеу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отырмыз. Мен бұл жерде Өзбекстан, Тәжікстан сияқты жақын шетелдер туралы айтып отырмын. Қазақстанның кейбір ірі компаниялары сол жерлерде өздерінің бизнесін ашқан, сондықтан олардың бизнес-жобаларын қаржыландыру керек. Біз өзіміздің клиенттерімізге өнім жасауға мақсатты түрде қадам басамыз және әрқашанда әріптестеріміздің жағдайын ойлаймыз.
– Трансшекаралық аумақтар туралы сөз болып қалған соң мен Орталық Азия рыногына деген қызығушылықтарыңызды білгім келеді. Сол жақта да бизнес жасау жоспарларыңыз бар ма?
– Бізді бірінші кезекте сол жақтарға жұмыс істейтін клиенттеріміз қызықтырады. Басқа рыноктарға шығу үшін біз олардың жағдайын сараптап аламыз, соның ішінде сыйымдылығын, тенденцияларын зерттейміз. Әрине, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан экономикаларын қарастыратын болсақ, соңғы 3 жылда оларда өсім бар екені көрініп тұр. Бірақ, мен тағы да қайталап айтайын, біздің бірінші кезектегі міндетіміз, сол елдердің резиденттерімен жұмыс істеу емес, алдымен өзіміздің клиенттеріміздің бизнестерін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні Қазақстанның Орталық Азиядағы орналасу жағдайы біздің клиенттерімізге жақын шетелдерде белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр, ал «Сбербанк» оларды әріптес ретінде қолдайды.
– Олег Евгеньевич, сіз Қазақстан экономикасының перспективаларын қалай бағалайсыз?
– Әрине, кез келген компанияның кез келген стратегиясы алдымен макроэкономикалық болжамға сүйенеді. Бүгінгі күні экономиканың дағдарыстан көтерілуін көрсететін нақты факторлардың бар екенін қуанышпен атап өтуге болады. Біріншіден, ІЖӨ бірінші жартыжылдықта ғана 8 пайыздан артық өсімінің өзі экономиканың оңалып келе жатқанын көрсетеді. Екіншіден, біз Министрлер кабинетінің, Ұлттық банктің реттеуші ретіндегі күш-жігерінің арқасында экономиканың, банк секторының оңалуына жағдай туғызылғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар маған, Қазақстанда тұрып, жұмыс істейтін адам ретінде «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өте көп кредиттік тапсырыстардың беріліп жатқанын бақылаудың өзі жағымды әсер береді. Біздің банкке ғана осы бағытта 18 тапсырыс түсті, соның ішінде 4,934 млрд. теңгенің «бизнес-бастаманы қолдау» және «экспортқа шығару өндірісін» ұйымдастыру бағыты жөніндегі 8-ін мақұлдадық. Осының өзі дағдарыстың кәсіпкерлікке деген құштарлықты жоя алмағанын көрсетеді. Жалпы алғанда «Сбербанктің» Қазақстан экономикасы нақты секторын қаржыландыруы 2010 жылдың қыркүйек айында тамызға қарағанда 3 пайызға, ал қазанда қыркүйекке қарағанда 6 пайызға артты. Біздің болжамымыз бойынша заңды тұлғаларды қаржыландыру портфелінің өсімі 2010 жылдың қорытындысы бойынша 2009 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артуға тиісті. Ал жеке тұлғаларды қаржыландырудың өсімі осы уақыт аралығында 9,5 пайызға артпақ.
– Біз жаңа Қазақстан экономикасы өсімінің оң жақтарын атап өттік. Ал сіздің ойыңызша қандай салалар қазіргі кезде артта қалып отыр?
– Егер бюджет түсімінің құрылымын қарастыратын болсақ Ресейде де, Қазақстанда да ол негізінен шикізатты сатудан түсетін табыстан тұрады. Ал күшті экономика әртараптандырылған, бәсекеге төтеп бере алатын экономика екендігі даусыз. Сондықтан Президент Н.Назарбаев өткен жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаға қол қойып, оны іске асыратын негізгі салаларды белгіледі. Осының өзі өте маңызды. Бүгінгі күні Қазақстанның дүкендеріне енсеңіз, жеңіл өнеркәсіпте өндірілген тауарлардың 2/3 Түркия мен Қытайда шығарылғанын көреміз. Ал соларды шығаратын шикізат қоры өте бай Қазақстан өздерінде шығарса, шет елдердікінен сапасы кем болмас еді деп ойлаймын. Ол үшін әрине, бағдарламалар қабылданып, жаңа технологияларды меңгеру керек. Міне, бізге бүгінгі күні жетпейтіні осылар және оны еңсеру жолында бәріміз біріге жұмыс істеудеміз.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.
* * *
2010 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша «Сбербанк» АҚ ЕБ активтері 2010 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 13 пайызға артып, 221,3 млрд. теңгеден 250,0 млрд. теңгеге дейін өсті. Осы мерзімде заңды тұлғалардың салымы 30%-ға артып, 115,1 млрд. теңгеден 150,1 млрд. теңгеге жетті. Клиненттерге берілген кредиттер 59,7%-ға артып, 96,5 млрд. теңгеден 154,1 млрд. теңгеге дейін өсті. 2010 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша банктің өз капиталы 37,8 млрд. теңгені құрады, жыл басынан бергі осы мерзімдегі таза табысы 806,6 млн. теңгеге жетті. 2010 жылдың 1 қарашасында Қазақстандағы рейтингі бойынша банк өз капиталы бойынша – 8 орын, таза табыс бойынша – 11 орын және активінің көлемі бойынша 11 орын алады.