Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, бірқатар заң жобалары талқыға шығаруға дайын екені белгілі болды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Салықтық әкімшілендіруді реформалау жөніндегі жоба) ратификациялау туралы», «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі айқындалатын болды.
«Егемен-ақпарат».