Алматының әкімі Ахметжан Есімов еліміздің БАҚ басшыларын, журналист қауымның белгілі өкілдерін Жаңа жыл қарсаңында Шымбұлаққа дәстүрлі шайға шақырды. Теңіз деңгейінен 2260 метр биіктегі тау шаңғысы курортына «Медеу» бекетінен отырып, төрт жарым шақырымдық аспалы жолдың төрт кісілік жайлы кабинасынан Іле Алатауының ақ қар жапқан шыршалы сұлу беткейлерін шола, сұсты құзар шыңдарын бетке ала, межелі жерге жақсы жеттік.
Шай үстінде ару қала Алматы жайында әдемі әңгіме өрбіді. Бүгіні. Болашағы. Алматылықтардың өмірін жақсарту орайында атқарылып жатқан істер жайында. Иә, әкім айтса айтқандай-ақ, көшелер көркейтілуде, жолайырықтар көбейе түсуде, қала ішіндегі автобустар газ отынына көшірілуде. Шығыс айналма жолының іске қосылуы да шаһарды мыңдаған мәшинелерден босатып, тынысты кәдімгідей кеңітіп тастады.
Алматының сәулетіне қоса дәулеті де артуда. Республика бюджеті кіріс қоржынының төрттен бірін оңтүстік астана береді десек, қаржы-экономикалық әлеуетті осының өзі-ақ көрсетпей ме. Ахметжан Смағұлұлының айтуынша, келер жылы 30 мың адамды жұмыспен қамтитын жобалар жүзеге асатын көрінеді. Өтіп бара жатқан жылдың да абыройлы тұғырлары мол. Алматыдағы Азиада нысандары түгелдей әзір тұр. Бұған осы жақында ғана тікелей телекөпірде «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын қабылдаған күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев разылықпен жоғары бағасын берді. Елбасы Алматыда атқарылып жатқан оңды істерге әркез оң қабақ танытып жүргеніне бәріміз куәміз.
Осы жайларды баяндай келе, әкім журналистерді Жаңа жылмен құттықтап, көптеген сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, еліміздің биік беделі мен мерейін, мықтылығы мен мүмкіншілік әлеуетін бар әлемге паш еткен Астана Саммитіне ерекше тоқталды. Өз тарапынан журналистер де Алматыны аялау тұрғысындағы өз ойларын ортаға салып, А.Есімов мырзаға ақ ниетті лебіздерін білдіріп, табыс тіледі. Осылардың қатарында ел газеті «Егеменнің» де тілегі айтылмай қалмады. Ол тілек мынадай болатын:
Ахметжан аға, ару қалаңыз Алматы,
Әлемге тарап, аңыз боп кеткен елге аты.
Қияға салып, қиынның бетін қайтарған –
Елбасымыздың өзіңіз сардар солдаты.
Алатау асқақ, аспаннан мейір нұр құлап,
Аспалы жолы арқардай жүйрік құлдырап.
Азиаданы асыға тосып әзір тұр,
Мақтанышымыз біздің – Медеуіміз бен Шымбұлақ.
Саммиттен соң да асулар бар ғой сан әлі,
Жарқырап жансын Алматы шаһар алауы.
Азиадада жеңісті күндер жалғасып,
Жаңа жылда да жұлдызыңыз болсын жоғары!