Қадірлі отандастар!
Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына аяқ бастық. Бұл уақыт тағдырлы шешімдердің, ерен еңбек пен тарихи табыстардың кезеңі ретінде халқымыздың санғасырлық тарихына енеді. Бұл жүздеген жылдарға татитын жылдар болды.
Қазақстан алып империяның сарқыншағынан өңірлік державаға дейінгі, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық және саяси көшбасшыға дейінгі үлкен жолдан өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында көптеген мемлекеттер үшін әлі күнге дейін өзекті болып отырған шекара мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет мемлекеттік шекарасын заң жүзінде бекітті, демек біздің келер ұрпағымыз көршілермен жер үшін ешқашан таласпайтын болады.
Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлемдегі ең табысты үлгілердің бірі ретінде мойындалып отыр.
Біздің ел қоғамды демократияландыру мәселесінде беделді өңірлік көшбасшы саналады. Мемлекет басшысының саяси жүйені қалыптастырудағы стратегиялық көрегендігі қақтығыстар мен тұрақсыздықтың тегеурінінен сақтап қалды.
Осы жылдар ішіндегі экономикалық өзгерістер Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамыған мемлекеттер қатарына қосты.
Қазақстан өзінің өнегесі арқылы шағын халқы бар мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатынын көрсетіп берді. Ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға жаңа серпін беру сияқты игілікті істердің барлығы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Астанада өткен әлемдегі осы іргелі Ұйымның Саммиті еліміздің де, Президентіміздің де зор табысы.
Бүгінде қазақстандықтардың басым көпшілігі еліміздің жетістіктерін Елбасының есімімен байланыстырады. Халықаралық сарапшылар ұдайы айтып жүрген «қазақстандық кереметтің» табысқа жетуі де «Назарбаев феноменімен» тығыз үндесіп жатыр.
Елбасының өз халқы алдындағы жеке жауапкершілік факторы еліміздің бірлігі, тұрақтылығы мен орнықты дамуының толайым табыстарын айқындап берді.
Өз тәуелсіздігінің үшінші онжылдығының табалдырығында тұрған Қазақстан алдына мемлекет дамуының келешектегі бағытын анықтайтын жаңа міндеттер қойып отыр. Бізде болашақ дамуымыздың бағыт-бағдары нақты, ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында көрініс тапқан.
Нағыз Елбасы – ол өзгелерді де көшбасшылыққа жетелейтін тұлға.
Бүгінде еліміздегі шын мәніндегі жалпыұлттық Көшбасшы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол – жоспарларымыздың жүзеге асуының, мемлекеттің тұрақты өрлеуінің, ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімнің кепілі.
Біздің нағыз Көшбасшымыз бар – ол ел дамуының басты идеялық дем берушісі.
Біздің нағыз Көшбасшымыз бар – ол ұлтты ұйыстырып, оны ел алдына қойылған міндеттерді іске асыруға жұмылдырып отыр.
Біздің нағыз Көшбасшымыз бар – ол өз отандастарына және шетелдік серіктестерге таңдалған жолдың өзгермейтініне деген бұлжымас сенімді нығайтуда.
Біздің еліміздің мақсаты – әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қатарына ену. Сондықтан біз бүкіл әлемге өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеуге деген өз ұмтылысымызды таныта отырып, Көшбасшымыздың айналасына бірігуіміз қажет.
Жоғарыда айтылғандарды терең сезіне отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдауға шақырамыз.
Бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түспек, Отанымыз – Қазақстан Республикасын жаңа белестерге бастауда бізге күш-қуат бермек.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын құруға арналған Қазақстан Республикасы азаматтары жиналысына қатысушылар.
Өскемен қаласы, 2010 жылғы 23 желтоқсан.