Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Пәкстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаильмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы Пәкстанда орын алған жаздағы су тасқыны кезінде және екі рет лаңкестік салдарынан опат болғандарға байланысты елшіге көңіл айтты.
Айта кету керек, бұл жүздесу Пәкстан елшісінің Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің басталуына орай өтті. Мәжіліс Төрағасы елшіге «Өзіңіздей тәжірибелі дипломат Қазақстан мен Пәкстан арасындағы ынтымақтастық байланыстарды нығайту жолында үлкен еңбек сіңіретініне сенемін», – деді.
Мәжілісте Пәкстанның заң шығару органымен арадағы достық тобы құрылған, оның құрамына 33 депутат енген. Екі ел арасындағы сауда айналымы мен инвестиция көлемі әзірге жоғары емес. Дегенмен, келесі жылы бұл олқылықтың орнын толтыруға жақсы мүмкіндік болады. Мәжіліс Төрағасы 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік ететінін, ислам елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға басты назар аударылатынын айта келіп, елімізде 2011 жылы 7-ші Ислам экономикалық форумы өткізілетінін жеткізді. Және де осы шараға Пәкстан тарабы белсенді қатысатынына сенім білдірді.
Халықаралық ынтымақтастық жайлы сөз қозғалғанда, елші М.Туфаиль әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен ЕҚЫҰ Саммитін жоғары деңгейде өткізген Қазақстанның жалғастырушы көпір болуының арқасында Шығыс пен Батыстың арасында үнқатысу қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Әңгіме барысында Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық көмек жөнінде айтылды. Қазақстан әлем назарын ауған еліне аудара білді және өзі де қолдау көрсетті. Қазақстанның қолдауымен бір мың Ауғанстан азаматы еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатыны көзделген. Бүгінгі таңда соның алғашқы легі – 155 студент келгені белгілі болып отыр.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы елшінің Қазақстандағы мәртебелі қызметіне табыс тіледі.