Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Ә.ӨТЕМІСОВПЕН әңгіме
– Шавхат Әнесұлы, ІІМ Жол полициясы комитеті жанынан жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылып, ол қазіргі уақытта жұмысын бастап кетті. Осы орайда, аталған қоғамдық кеңестің ортақ тәртіптің сақталуына көмегін тигізетініне сенім қандай?
– Аталған Кеңестің мүшесі ретінде, мен бұл Қоғамдық Кеңестің пайдасы зор деп үлкен сеніммен айта аламын. Өйткені, кеңесіп пішкен тон келте болмайды дегендей, күрмеуі көп мәселелерді шешуде, ортақ бір пікірге келуде кеңестің мүмкіндігі мол. Сондықтан да, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру, оның халық үшін ашық болуына қол жеткізу мақсатында ішкі істер органдары жол полиция бөліністерінің қызметіне азаматтық қоғамдық институттардың мүшелері де атсалысуда. Аталған бұл қоғамдық кеңес Жол полициясы комитетінің консультативтік-кеңесу органы болып табылады. Оның құрамында Парламент депутаттары, “Нұр Отан” ХДП өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, ардагерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Жалпы алғанда, кеңесті құру маңызды оқиға дейміз. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттырып, қызметкерлер арасында тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, қоғаммен тұрақты байланысты ұстауға, сондай-ақ жол полициясы қызметіне қоғамдық бақылаудың тиімді тетігін құруға жол ашады.
– Ағымдағы жылы осы кеңестің отырыстары жайында және онда қандай шешімдер қабылданғаны жөнінде айта кетсеңіз.
– Ағымдағы жылдың 30 наурызында ІІМ-де жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өткен болатын. Күн тәртібінде «Жол полициясының жұмысын жетілдіру және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар туралы» мәселе қаралды.
Қоғамдық кеңес жұмысының қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру, жолдарда заңтыңдайтын мінез-құлықты насихаттау, жол полициясында тәртіп пен заңдылықты нығайту, қоғаммен кері байланысты ұстау, сондай-ақ жол полициясының қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар қабылданды.
Осы Қоғамдық кеңестің екінші отырысы 2010 жылғы 10 желтоқсанда өтті. Күн тәртібінде жол полициясы қызметінің үдерісінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі қаралды.
ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков өз сөзінде комитет үшін тек оған заңмен жүктелген міндеттерді тиімді және сапалы орындау мәселелері ғана емес, азаматтардың жалпы жол полициясына және де жеке әрбір қызметкерге деген қарым-қатынасы маңызды екендігін атап өтті. Біздің қатарымызда өз қылығымен ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіретін бірқатар қызметкерлердің барына қарамастан, қоғамның жол полициясына деген сенімін қайта жаңғырту мен оның беделін азаматтардың алдында нығайту үшін бүгінгі таңда көп жұмыстар атқарылуда.
Отырысқа қатысушылар азаматтармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін жол полициясы қызметінің ашықтығы жол полициясы қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге және қызметкердің оң сипатын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, олар жол полициясы қызметінің процесінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жағдайын қарау арқылы, өңірлерде Қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстарын өткізу туралы ұсыныстар айтты. Мұнда халықпен кездесулерді ұйымдастыру, азаматтық қоғамның күшімен қоғамдық пікірді мониторингілеуді жүзеге асыру, сондай-ақ жолдарда заңтыңдайтын мінез-құлықты насихаттауға бағытталған акцияларды өткізудің қажеттілігі атап өтілді.
– Шавхат Әнесұлы, Президент Жолдауында құқық қорғау жұмысын одан әрі жақсарту туралы нақты айтылды. Өзіңіз білесіз, бейбіт кезеңдегі жолдағы апат саны талай адамның өмірін жалмап жатыр. Оған, әрине, көптеген себептер бар екені белгілі. Дегенмен, қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін қазір қандай амалдар қолданылуда?
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауда, атап айтқанда, жол қозғалысын қадағалау жүйесін оңтайландыруда біз барынша тың шараларды қолға алып отырмыз. Соңғы он жылдағы жағдай, яғни жол-көлік апатының салдары бұл мәселеге аса жауапты қарауды талап етеді. Халықтың өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Ал еліміздің жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының зардабы жан түршіктіреді. Жалғыз Қазақстан ғана емес, бұл мәселеге әлем халқы алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне көз салсақ, жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғасынан 1,2 млн. адам опат болып, 50 млн. адам жарақат алып немесе мүгедек болып қалады екен. Сонда кіріс деңгейі орташа мемлекеттерде жол-көлік оқиғасының шығыны 65 млрд. АҚШ долларын құрап, жалпы ұлттық өнімнің 1-ден 1,5 пайызын жұтады. Бұл – біле-білген жанға кез келген елдің тұрақты дамуына әсерін тигізбей қоймайтын үлкен қауіп.
Демек, адамдар әлі де осы апаттың орасан қатерлі екендігін жете түсіне қойған жоқ. Соңғы он жылдың ішінде еліміз жолдарында 30 мыңнан аса адам опат болып, 165 мыңдай адам түрлі жарақат алды. Міне, сондықтан да біз Жолдауда айтылған міндеттерге сай әрі осы адам өмірін айдаҺардай жалмаған апаттан халықты қорғау үшін Жол қозғалысы ережесінің сақталуын бақылауды күшейту жөнінде кешенді шаралар қабылдауымыз керек.
– Мемлекет басшысының Жолдауында автокөлікке техникалық тексеруді жүргізу қызметін бәсекелестік ортаға беру мәселесі көтерілген еді. Ол туралы не айтасыз?
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен соттық жүйенің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар туралы» №1039 Жарлығымен техникалық байқауды жүргізу қызметі міндетін бәсекелестік ортаға беру мәселесі көрсетілді. Техникалық байқау өткізудің тәртібін бақылау Көлік және коммуникация министрлігіне жүктеліп, Ішкі істер министрлігіне тек көлік құралдарын пайдалану кезінде оның уақтылы техникалық тексеруден өткендігін бақылау ғана қалатын болады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, автомобилизациясы жоғары дамыған шет елдерде көлік құралдарын техникалық байқаудан тиісті рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдар өткізеді. Техникалық байқауды өткізу тәртібін көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар белгілейді. Өз кезегінде көрсетілген елдердің жол полициясы техникалық құралдарды пайдалану кезінде олардың техникалық байқаудан уақтылы өтуін бақылауды ғана жүзеге асырады.
Мысалы, Германияда, Англияда Көлік министрлігі техникалық байқауды өткізу және көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексеру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға рұқсат беру тәртібіне талаптар қоятын ұйғарымдар шығарады.
Осыған байланысты, көлік құралдарын мемлекеттік техникалық байқаудың тиімділігін арттыру, оның өткізу рәсімдерін халықаралық стандарттармен үйлестіру, жол полициясында сыбайлас жемқорлық тудыратын жағдайларды жою мақсатында жол полициясына көлік құралдарын пайдалану кезінде мемлекеттік техникалық байқаудан өтудің уақтылығын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларды қалдыра отырып, мемлекеттік техникалық байқауды өткізу тәртібін белгілеу және бұл істің түріне кәсіпкер субъектілерді тарту бойынша өкілетті орган Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігін анықтап, ІІМ-ге техникалық байқауды жүргізу бойынша міндеттерді бәсекелестік ортаға беруді мақсатқа сай деп ұйғарамын.
– Сіз осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі уақытта осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Жоба шеңберінде 3 кодекске («Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы», «Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне») және 4 заңға («Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы», «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы») түзетулер енгізу көзделеді.
Депутаттардың ұсыныстары бойынша шалғайдағы аудандар үшін техникалық байқаудың қолжетімділігі, техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі, міндетті техникалық байқауды өткізуге қатысты басқа да маңызды мәселелер талқыланды. 2011 жылдың аяғына дейін техникалық байқауды өткізу функциясын Ішкі істер министрлігіне қалдыру және сонымен қатар жекеменшік орталықтардың жұмысын енгізу жөнінде шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде көлік құралдары иелеріне техникалық байқаудан өткізу орнын таңдау құқығын береді және де бәсекелі ортаның дамуына жол ашады. Сондай-ақ, мұндай жұмысты қоса атқару техникалық байқауды жүргізу қызметін мемлекеттен жекеменшік қолға ауыртпалықсыз өткізуге мүмкіндік береді.
Заңды қабылдау – ол жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, көлік құралдарының иелері үшін техникалық байқаудың бірыңғай жағдайын құруға, техникалық байқауды өткізудің функциясын бәсекелестік ортаға беру есебінен қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Самат МҰСА.