• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2010

Ұйым бюджеті уақтылы қабылданды

493 рет
көрсетілді

23 желтоқсан күні Вена қаласындағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі­нің арнайы отырысында қатысушы мемлекеттер Ұйым­ның 2011 жылға арналған жиынтық бюджетті мақұлдау туралы шешім қабылдады. ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы бюджеті 150 млн. 764 мың 700 еуроны құрайтын болды. «ЕҚЫҰ жиынтық бюджеті­нің уақтылы мақұлдануы қаты­сушы мемлекеттердің Ұйым тиімділігін, тындырымдылығын ж­ә­не ашық­тығын арттыруға, сон­дай-ақ ын­ты­мақтастық пен үнқатысуға бо­лысуға берік ұстанымдылығын ай­ғақтайды», – деді ЕҚЫҰ Тұ­рақты кеңесінің төрағасы, елші Қайрат Әбдірахманов. Жиынтық бюджет ЕҚЫҰ Хат­шылығы мен мекемелері, сон­дай-ақ Ұйымның аймақтарда ор­на­ласқан құрылымдар қызметін қам­тамасыз етуге арналған қара­жат­тарды қамтиды. Аймақ­тар­да­ғы мис­сиялардың еншісіне бюд­жет­тің үштен екісіне жуығы келеді. Анықтама ретінде келтіретін бол­сақ, қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-да 3300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың көпшілігі – 2800-ге жуық адам – тыстағы миссиялар мен орналасқан жерлердегі іс-шараларға тартылған. «Бюджетті мақұлдай отырып, қатысушы мемлекеттер Ұйым­ның үш өлшеміндегі, әсіресе, ЕҚЫҰ-ның салыстырмалы ар­тық­шылықтары бар салалар­да­ғы басымдықтарды реттеп ай­қын­дау бойынша міндеттеме ал­ды, – деді Литваның ЕҚЫҰ-да­ғы елшісі Ренатас Норкус. – Бұл сондай-ақ 2011 жылы ЕҚЫҰ қыз­метін уақтылы қар­жылан­ды­ру­ды қамтамасыз етеді». Литва 2010 жылдың 1 қа­за­ны­нан бастап Тұрақты ке­ңес­тің Басқару және қаржы жөніндегі консультативтік комитетінде төр­ағалық етеді, ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық эстафетасын қабыл­дай­ды. Яғни, дәстүр бойынша алдағы болатын жылдың бюджетін сол жылы төрағалық ететін ел келістіруі тиіс. Бұл – барлық елу алты мемлекетпен ресми жә­не бейресми, екі жақты және көп­­жақты келіссөздер жүргізіп, барлық қатысушылардың пікірлерін бір түйінге келтіру деген сөз. ЕҚЫҰ-ның негізгі қаржы­лық құжатының уақтылы, яғни жылдың басталуына дейін қа­был­дануы соңғы бірнеше жыл­дарда сирек құбылысқа айнал­ған еді. Былтырғы жылы бюд­жетті келістіру бойынша жұ­­мыс­ты Қазақстан басқарған кезде де бюджет тиісті мерзім ішінде, 22 желтоқсанда мақұлданған болатын. Ал бұған дейінгі төрт жыл қатар бюджет айтарлықтай кешігіп қабылданған-тын. Мы­салы, 2009 жылғы бюджеттің тал­қылануы Грекия төр­ағалы­ғына тым ауыр әрі ұзаққа түсіп, құжат үш ай кешіктіріліп, яғни сәуірде ғана қабылданған. Бюджет қаржылық құжат бол­ғанымен, оның әр бабында, әр жо­басында бекем саяси астар тұра­ды. Әрбір елдің ЕҚЫҰ-дағы өзі­нің заңды мүдделері бар және олар­ды іске асыруға тырысады. Біреулер ЕҚЫҰ-ның гума­ни­тар­лық саладағы жобаларын артқы­сы келсе, екіншілері әскери-сая­си үнқатысуды жаңғыртқысы келеді. Басқа біреулері ЕҚЫҰ шең­бе­рінде энергетика қауіпсіз­дігін қам­­­тама­сыз етуге шақыра­ды. Тіпті кли­мат­тың өзгеруіне байланысты жо­ба­ларды алға салады. Және осын­дай басқа да талаптар мен жобалардың саны жетерлік. Ал қаражат болса шектеулі және бә­рін қамтуға Ұйым­ның әлеуеті жетпейді. Дәл осындай жағдайда ұлт­тық мүддені халықаралық ұжым­­ның мүмкіндіктерімен ке­ліс­тіру шешуші маңызға айна­лады. Демек, қа­тысушы мемлекеттердің бюджет бо­йынша көрсеткен конструктивизм Астанада өткен жемісті сам­миттің жағымды кө­рінісі болар. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.