Табиғат – ананы аялап, туған өлкені таза ұстау сол жерде өсіп-өнем деген кім-кімнің де перзенттік парызы екені белгілі. Өкінішке орай, осы қағиданы көбіміз кейде естен шығарып алып, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанымызды аңғармай қаламыз. Обалы нешік, бұл тұрғыда экологтарымыз аз тер төгіп жатқан жоқ. Десе де, қоршаған ортаны қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдан келгенше мәпелеуге тырысу көбіне өзімізге байланысты. Бұл, әсіресе, мектеп жасындағы жасөспірім жеткіншектерді табиғатты сүюге баулуда ерекше көрініс табады.
Қоршаған ортаны қорғауда 13-15 жас аралығындағы балғындар мен мұғалімдерге арналған қосымша арнайы оқыту құралы ретінде «Жасыл пакет» дискісі жол тартып отыр. Бұл сонымен қатар жоғарыдағы аталған сала ішіндегі мультимедиялық оқыту желісінің құрамдас бөлігі болып табылады екен. Акцияны таныстыру мақсатында бүгіндері бірнеше семинар-тренингтер де өткізіліпті. Соның бірі Астанадағы № 54 орта мектепте еліміз мұғалімдері үшін ұйымдастырылған арнайы басқосу. Еліміздегі осыған байланысты өтіп жатқан берері мол жиынның өтуіне Шеврон компаниясы мен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы, сондай-ақ Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасы мұрындық болып отыр.
«Жасыл пакет» дискісі Орталық және Шығыс Еуропаның экологиялық аймақтарында кең тараса, соңғы уақыттарда оны Орталық Азияға алып келу жұмыстары қолға алынған. Бір қуаныштысы, бұйыртса, көп ұзамай еліміз оқушылары сонымен ана тілімізде оқып, танысуға мүмкіндік алмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.