Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік уәкілеттігін ұзартуды қолдайды
Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына үндеуі
Қымбатты отандастар!
Қадірлі азаматтар!
Үстіміздегі жылы 23 желтоқсанда Өскемен қаласында Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың республикалық жиналысы болып өтті. Республикалық жиналысқа қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан келген 850 делегат бастаманы бірауыздан қолдады. Олардың қатарында танымал қазақстандық ақын Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері бар. Республикалық референдум өткізуге дайындық жөніндегі Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын 320 адамнан құралған бастамашы топ ұйымдастырылды. Оның төрағасы болып Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сайланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қабылдайды және толық қолдайды. Біз мұның мемлекеттің келешекте тұрақты дамуы үшін, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің артуы үшін және Қазақстан халқының игілігі мен өсіп-өркендеуі үшін қажет екендігіне айқын сенімдіміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті ретінде өкілеттілігін 2000 жылға дейін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасағаны белгілі. Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік прогресс жолында, демократиялық мемлекет құруда түбегейлі өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік берген бұл қадамның дұрыстығын тарих дәлелдеді. Бүгінде Қазақстан Ұлт Көшбасшысының басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарысты нық еңсерген кезде, еліміз нәтижесі Қазақстан халқының талай ұрпағының тағдырын айқындайтын үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне аяқ басқан кезде, Қазақстан халқы Ассамблеясы – елді, халықты қандай қилы жағдайлардан абыроймен алып шыққан, тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін ісімен дәлелдеген Көшбасшыға сену дұрыс деп біледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында, оның бірқатар мүшелері өз баяндамаларында еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының өкілеттігін мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар аяқталғанға дейін ұзарту туралы бастама көтерген болатын. Баяндамаларда Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіздігімізді орнатудың басында тұрғандығы, қазақстандық даму жолын айқындаған, тағдырлы шешімдердің оның атымен тікелей байланысты екендігі атап өтілді. Тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім, небәрі жиырма жылдың өзінде жаңа мемлекет құрылып, Қазақстан таңданарлық жетістіктерге қол жеткізді және бұл орайда бізге осы даму қарқынын жоғалтуға болмайды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында және 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрініс тапқан белді міндеттер – Қазақстанның келешектегі өсіп-өркендеуінің кепілі. Ассамблея осы бағдарламалардың жүзеге асырылуын Ұлт Көшбасшысының басшылығымен ғана байланыстырады. Мұны, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жетістіктерінің айшықты мойындалуы болған 56 қатысушы ел бірауыздан қолдау білдірген Астанадағы Саммиттің өткізілуі паш етті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен өрісті мемлекет ретінде орныққанын ғана емес, оның ғаламдық қауіпсіздік пен әріптестікті қамтамасыз ету ісіне лайықты үлес қосқан, абыройлы аймақтық державаға айналғанын көрсетті. Бұл жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен құрылысшысы – Президент Н.Ә.Назарбаевтың керемет қызметінің жарқын нәтижесі, оның әлемдік өлшемдегі Көшбасшы екендігінің айқын дәлелі! Бұл – біздің Президентіміз бен Қазақстан халқының сөзсіз жеңісі! ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өткізілуі азаматтардың патриоттық сезімін асқақтатып, біздің қоғамның бірлігін нығайта түсті, еліміздің әрі қарай экономикалық және саяси өркендеуінің қуатты негізі болды. Біз барлығымыз бірлесе отырып, Ұлт Көшбасшысының басшылығымен бақуатты, өсіп-өркендеген және барша әлемге танымал – ҚАЗАҚСТАНДЫ құратынымызға Ассамблеяның сенімі мол. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды Тұңғыш Президенттің және ол жүргізіп келе жатқан саясаттың маңына топтасуға шақырады. Бұл елдің болашағы үшін қажет, өйткені реформалардың жемісті болуы таңдап алынған бағыттан айнымаумен байланысты. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуы және қоғамдық келісім мен бейбітшіл саясатты сақтау үшін маңызды. Біздің балаларымыз үшін, ертеңгі күнге деген сенім үшін, қазақтың берекелі жерінің тыныштығы үшін, біз барша Қазақстан халқын референдум туралы бастаманы қолдап – Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жалпыхалықтық қолдау білдіруге шақырамыз. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін! Қазақстан халқы Ассамблеясы. 2010 жылғы 25 желтоқсан, Алматы қаласы.Бағалы шешім
Іле ауданы Ақши ауылында облыс әкімі С.Үмбетовтің қатысуымен өткен жиында барша жұрт Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашы тобының Үндеуін қызу қуаттады. Өйткені, Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан тарих өлшемімен алғанда ғасырға пара-пар жолдан өтті. Бұл бүкіл дүниежүзілік қауымдастық мойындаған шындық. Былайша айтқанда, туған еліміздегі бүгінгі биіктік, толағай табыс кез келген халықтың маңдайына жазыла бермейтін бақ-береке, деген Серік Әбікенұлының тұжырымын жұртшылық бағалы шешім ретінде қуаттады. Басқосуда еңбек ардагері Рахман Жарықбаев тәуелсіздік өздігінен келген жоқ, деді өз сөзінде. Бұл азаттықтың ақ таңын аңсап, ат үстінде өткен ата-бабаның ұрпағына аманат еткен арманының жүзеге асуы. Әділетті, адалдықты, бірлікті ту еткен халқымыздың кең пейілі мен маңдай терінің өтеуі. Осының барлығы байыпты басшылықтың арқасында мүмкін болғанын атап айтқым келеді. Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, барлық Жетісу жұртшылығын, ауылдастарымды Қазақстанның тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі бастамашы топтың ұсынысын қызу қолдауға шақырамын, деді. – Мен қазақ халқының достық пейілін, ақ дастарқанынан дәм татып, мейірбандығын көрген жанмын. Қазақстан – менің Отаным. Отбасыммен оның гүлденуіне үлес қосып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жемісті еңбек еттім. Елімізде ұлттар мен ұлыстардың арасындағы өзара түсіністік шешімін тапқан. Осының барлығы тұңғыш Президентіміздің ұстанған саясатының жемісі Қаз тұрған Қазақстанның бүгіні мен ертеңі нұрлы. Ол үшін Ұлт Көшбасшысы –тұңғыш Президентіміз 2020 жылғы желтоқсанға дейін бастаған ісін алға апарғанын қалаймын. Шығыс Қазақстан облысындағы ынталы топ ұйымдастырған жиын үлкен көрегендік іске жолбасшы болды, деді ардагер ұстаз Татьяна Ивановна Шмидт. Осындай жүрекжарды лебіздерімен Тоқаш Бокин атындағы орта мектептің оқушысы Сымбат Дарыбай, еңбек ардагері Дәуітақын Шеженбаев және басқалары сөйлеп, Елбасы халқын, Отанын сүйетін нағыз Ұлт Көшбасшысы екендігіне тоқталды. Осылайша жиын елжандылық рухта жалғасып, Үндеуді қолдайтындықтарымен ерекшеленді. Күмісжан БАЙЖАН.Мен Нұрсұлтанға сенемін
Әуелі теледидардан, содан кейін кешегі бірқатар газеттерден бүкілхалықтық республикалық референдумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде көтерілген бастама жайында естіп-біліп, көңілім бір демделіп қалды. Осындай бір жағдайды іштей өзім де күтіп жүрген едім. Бұл бастаманы Өскемен қаласында өткен құрылтайда Шығыс Қазақстан облысының бір топ белсенді азаматтары көтерген екен. Олар мұның алдында осынау маңызды мәселені әуелі достарымен, әріптестерімен, пікірлестермен, еліміздің түрлі өңіріндегі өкілдермен талқылап алған көрінеді. Бастаманы барлығы қолдапты. Жоғарыдағы ұсынысты қолдаушылар қатарынан белгілі қоғам қайраткері, ақиық ақынымыз Олжас Сүлейменовті, ауған соғысының ардагері, «Халық Қаһарманы», генерал Бақытжан Ертаевты, сонымен бірге бірнеше халық қалаулыларын көріп, өз сенімімді одан әрі бекіттім. Сенім демекші, Нұрсұлтан Әбішұлына мен әуел бастан сенген адаммын. Отыз жылдан астам уақыт үзеңгілес жүріп, тізе қосып бірге еңбек еттік. Әрқашан ол кісіні қолдаушылар қатарынан табылып отырдым. Елбасы сенімінің арқасында жиырма жылға тарта еліміздің Ардагерлер ұйымын басқардым. Осы кездерде көшбасшымыздың бойындағы сарабдал қасиеттерді, кемел көрегендікті жақыннан танып білдім. Нұрекең өтпелі қиын шақтарда халқын қобалжытпай, болашаққа батыл қадамдармен бастай білді. Өтпелі кезеңдегі нарық қиындығын жеңіп шықты. Қазақстанның халықаралық беделін көтеріп, бар әлемге мойындатты. Көптеген белді мемлекеттердің белін қайыстырған әлемдік қаржы дағдарысын басқалардан бұрын еңсерді. Елімізде тұрмыс көркейді, өмір гүлденді, экономика аяғынан тік тұрды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуін Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы абырой-беделінен ешбір бөліп қарауға болмайды. Ал Астана Саммиті осы төрағалықтың тәжіне, Тәуелсіздігіміздің сәніне айналды. Қазақстанды бөле-жара осындай биік мерейге жеткізген нәрсе Елбасымыздың қажыр-қайраты екендігі ешбір күмәнсіз. 56 елді, қаншама халықаралық ұйымдарды тоғыстырған мұндай ауқымды Саммит өткізуге жүрегі дауалап тәуекел ететін ел бүгін таңда ілуде біреу. Мұның өзі Көшбасшыға деген халық сенімін одан әрі нығайтып, молайтып, арттыра түскендігі сөзсіз. Олай болса, Президент өкілеттігін он жылға ұзарту туралы ұсыныс айтылып, бастама көтерілуі сол халық сенімінің айғағы деп білуіміз керек. Өз басым бұл ізгілікті ұсынысты толығынан қолдаймын. 1998 жылы еліміздің Ардагерлер ұйымы Нұрсұлтан Әбішұлын өз алқалы жиынында президенттікке ұсынған болатын. Осы және кейінгі сайлауларда мен қатарынан үш рет Нұрекеңнің Президент сайлауындағы сенімді өкілі болғанымды мақтаныш етемін. Сексеннен асқан жасымда Елбасымыздың сенімді өкілі болуға әлі де әзірмін. Себебі, менің қадірменді Нұрсұлтанға деген сенімім жан-жүрегімнің тереңінде жатыр. Ол сенімді бұған дейінгі күреске толы өмірдің өзі шыңдаған. Мақтай САҒДИЕВ, республиканың құрметті дербес зейнеткері.Ел бастаған Елбасы
Желпініп қайыңдарым, емендерім, Жүректен төгілгендей өлең керім. Нұрсұлтан – Қазақстан Көшбасшысы, Ерекше озық туған кемеңгерім! Ер-тұлға, елім үшін жаратылған, Өйткені бәрінен де дара тұлғаң. Ойлаумен елдің қамын, халқың үшін, Мазасыз кездерің көп таң атырған. Көтердің Қазақ елін биіктерге, Сол үшін болып тұрсың сүйікті елге. Барасың болашаққа елді бастап, Халқыңның ар-намысын түйіп белге. Алғанда Тәуелсіздік туған елім, Ел-жұртым таңдап алды тұлғалы Ерін. Бас тартып ядролық қарулардан, Сақтадың қасіреттен қазақ жерін. Бөлек қой аспандағы Күннің орны, Елдегі жайнап тұрған гүлдің орны. Ешқашан азаматты адастырмас – Ерімнің салып берген нұрлы жолы. Біз тұрмыз жиырма жылдың қарсаңында, «Тәубе» деп Тәуелсіздік аңсарында. Бақыты – байлығымен, дәулетімен, Әлемге елім менің жар салуда. Жайқалсын жасыл белес жер жемісі, Қызығып, таң қалады көрген кісі. Осы ғой – тасып-толған ырыс-құтым, Осы ғой – Нұрекеңнің ерен ісі. Елімнің көкбайрағын нық ұстаймыз, Әрқашан мұқалмайтын құрыштаймыз. Нұрекең салған жолмен бірге жүріп, Туған жер ауасымен тыныстаймыз. Нұреке – ел бастаған асыл ағам, Күресте күш-жігері жасымаған. Беделі әлемдегі Елбасының, Апарар болашаққа ғасыр-ғалам. Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатыҰйымдастыру шаралары жалғасуда
Дүйсенбі күні еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға байланысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың өкілдері ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынды бастамашы топтың мүшесі, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова ашты. – 23 желтоқсандағы Өскемендегі жиналыстан кейін біз жиынның хаттамасын, әр облыстан сайланған ынталы топ мүшелерінің аты-жөнін Орталық сайлау комиссиясының қарауына жолдадық. Ертеңінде ОСК шешімін шығарып бізге жолдады. Ендігі мақсат әр облыс өкілдері тұрғындардың қолдарын жинауы керек. Еліміз бойынша 200 мың қол жиналуы тиіс. Сонда ғана референдум өткізу жөніндегі құқыққа ие боламыз. Одан кейін Елбасының келісімі қажет, – деді Нұржан Құрмантайқызы. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысының белсенділері дауыс жинауға кірісіп кетті. Кеше С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университетінің бесінші корпусында белсенділер жиыны болып өтті. Оған жиналғандар дауыс жинаудың тәртібімен танысты. Бастамашы топтың штаб-пәтері Өскемен қаласындағы М.Горький көшесіндегі 48-үйдің бірінші қабатындағы 106-шы бөлмеде, телефоны 26-32-77. Ақпарат аламын деушілер осы нөмірге қоңырау шалып білулеріне болады, – деді бастамашы топтың мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Л.Бердюгин. Бастамашы топтың мүшелері өз жұмыстарына қызу кіріскен. Олар демеушілердің қаржысына жұмыс жасап жатыр. Жақын арада баспасөз хатшысы, басқа қызмет түрлері іске кіріспек. Облыс өзіне тиіс 12 мыңдай дауыс жинап болған соң Орталық сайлау комиссиясына құжаттарды жолдамақ. Ақпарат құралдары өкілдері сауалдарына ынталы топ мүшелері тиянақты жауаптар қайтарды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.Бастамашы топтың ұсынысын тіркеді
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Онда референдумның бастамашы тобын және олардың республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулының жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов хабарлама жасады. Республикалық референдум өткізу туралы бастамашы топты тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына 2010 жылғы 23 желтоқсанда ұсынылған болатын. Ұсынылған құжаттарға сәйкес 320 адамнан тұратын бастамашы топ референдумға қатысу құқы бар және шамамен алғанда әр облыстан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының астанасы мен Алматы қаласынан тең өкілдік ететін 850 азамат қатысқан жиналыста құрылған еді. Бас прокуратураның ақпараты бойынша, жиналыс пен бастамашы топты құру «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң талаптарына толықтай сәйкес келеді. Заңнамаға сәйкес референдумды тағайындау туралы мәселеге бастамашылық ету үшін референдум бастамашылары барлық облыстарды, Қазақстан Республикасының астанасы мен Алматы қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қолын, яғни әрбір өңірден 12,5 мыңнан кем емес қол жинауы тиіс. Референдумның бастамашы тобын тіркеу туралы қаулының жобасы Орталық сайлау комиссиясы мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапқан соң, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастамашыл топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа тиісті куәлік және азаматтардың қолын жинау үшін қол қою парақтарын табыс етті. Комиссия төрағасының атап өтуінше, бастамашы топ қолдарды жинауды ұйымдастыруға Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап кірісе алады. Ал азаматтардың қолын жинау үшін бастамашы топ өңірлерде белсенді сайлау құқығы бар азаматтар қатарынан арнайы топтар құруға құқылы. Мұндай топтардың санына және оларда жұмыс істеуге қамтылған азаматтардың санына шектеу қойылмайды. Қол жинайтын адам азаматтарға бастамашы топты және оның референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы куәліктің көшірмесін көрсетеді. Әрбір азамат қол қою парағына тек бір рет қана қолын қоюға хақылы. Референдум туралы заңнамаға сәйкес қол жинау аяқталғаннан кейін үш күн мерзім ішінде толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылуы қажет. Олар өз кезегінде аумақтық әділет органдарының қызметкерлерін қатыстыра отырып, қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексереді. Заңнамамен белгіленген мөлшерден артық қол қойылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына толтырылуына қарай тапсырылады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының атап өткеніндей, қолдарды жинау мерзімі конституциялық заңмен белгіленбегендіктен, бұл үдерістің ұзақтығы бірінші кезекте республика азаматтарының бастамашылықты қолдауына және бастамашылардың өздерінің ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне байланысты. Осылайша Комиссия төрағасы «Сіз республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттіктері мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартасыз ба?» деген мәселе бойынша республикалық референдум бастамашылығы жөніндегі жұмыстың басталғандығын жария етті. Қуандық Тұрғанқұловтың хабардар етуінше, бұдан былайғы іс-қимыл қол жинау үдерістерінің қалай аяқталатынына байланысты болады. Қол жинау үдерістері аяқталған соң, барлық құжаттар Мемлекет басшысына жолданады. Ал соңғы сөзді ел Президенті айтатын болады. Журналистер тарапынан қаржыландыру мәселесі де көтерілген болатын. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, қазірге бұл іс-шараларға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған жоқ. Өскеменде өткен жиынды қаржыландыру бастамашыл топтың өз қаражаты есебінен төленді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.Армандарды іске асырған
Кезінде Абылай ханнан «Не арманың бар» деп сұрағанда «Үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қазақты біртұтас ел етсем деп едім, оны да істей алмадым» деген екен. Алаш асылдарының осындай мақсатын, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының санғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, 1991 жылы сын сағаттар туған кезеңде дербес мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанды құру – еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз Ерлігінің арқасында болды. Елбасымыз талай қиындықтан, талай қыл көпірден әупірімдеп халқын аман алып өтіп, бүгінде өзі құрған мемлекетті жетелеп, әлемнің озық елдерінің қатарына қоса бастағаны – әлемдік қауымдастық әлдеқашан мойындаған ақиқат. Кейбір мемлекет басшылары, өз ұлты азаматтарының да басын біріктіре алмай, жанжалдасып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын 140-тан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында топтастырып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем танып, мойындап отыр. Елбасымыздың қажымас қайратының, даналығының, батылдығының ерлігінің арқасында Тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасы бекітілді, халық қасіретінің ошағы болған Семей атом полигоны жабылды, Сарыарқаның төріне құрылған Астана әлем астаналарымен терезесі тең, сәулеті де, дәулеті де жоғары қалаға, еліміздің мақтанышына айналды. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Мемлекет басшысы қоғамды демократиялық жолмен дамытуға, зайырлы да дәулетті ел болуға бастап келеді. Нарық экономикасының білгірі ретінде халықтың хал-ахуалын жақсарту бағытында әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды жүзеге асырды. Шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашты. Елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде Елбасы Қазақстанды, қазақ халқын бүкіл әлемге таныта білді. Қазақстан бүгінде әлемде сөйлесе – сөзі, істесе ісі үдеге асып тұрған ықпалды, тұғырлы мемлекетке, ал Ел мен Елбасы бөлінбейтін егіз ұғымға айналды. Алқабы – малға, қойны – қазынаға толы кең-байтақ жеріміз бар, көк байрақтың астына топтасқан ынтымағы жарасқан еліміз бар, асқақ Ақордамыз, айбынды Астанамыз бар, көш бастаған Елбасымыз бар еңсесі биік ел-жұртпыз. Желтоқсан айының басында болып өткен әлем саясаткерлері «Қазақстан триумфі» деп атаған, ЕҚЫҰ Саммиті, онда қабылданған Астана декларациясы да Н.Назарбаев саясатының табысы екені даусыз. Әлем мойындаған Қазақстанның салған даңғыл жолы болашақта да осы мемлекетті құрған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ақыл-ой мен парасаты, халықаралық саясаттағы беделі мен қажымас қайратының арқасында іргелі еліміздің дами беретініне күмән жоқ. Сондықтан да мен Нұрсұлтан Әбішұлының Ел Президенті ретіндегі өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы толық қолдаймын. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.