Таяуда облыстық ішкі істер департаменті мен жол полициясы басқармасының ұжымы есте қаларлық мерейлі сәтті бастан өткерді. Облыс әкімі Серік Үмбетов жол және жер-жердегі телімдік полиция қызметкерлеріне жаңа 202 «Жигули», «Нива» автокөліктерінің кілтін тапсырды.
– Елімізде VII Қысқы Азия ойындары өткізіледі. Оны жоғары деңгейде өткізу үшін қоғамдық тәртіптің сақталуы қажет. Демек, жол полицейлері күннің суығында уақыт мезгіліне қарамастан жұмыста болады. Осы кезде оларды жылы киім, арнайы автомәшинемен қамту маңызды. Сондай-ақ, алыс елді мекендердегі тұрғындардың тыныштығын, мал-мүлкінің амандығын қамтамасыз ететін телімдік полиция қызметкерлеріне де жол талғамайтын «Нива» автокөліктері қажеттігі ескерілді. Осылайша олардың табысты еңбек етуіне жағдай жасадық, – деді облыс басшысы.
Алғашқылардың бірі болып жаңа автокөліктерге Алакөл, Ақсу, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Қарасай, Қаратал және тағы басқа аудандар мен қалалардың полицейлері ие болып, мерекеде мерейлері тасыды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.