Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті республикадағы іргелі оқу орындарының бірі. Жарты ғасырға жуық тарихы бар университет бүгінде материалдық-техникалық базасы бай, кадрлық әлеуеті жоғары білім ордасына айналды. Мұнда таяуда 44 пәтерлі жаңа тұрғын үй салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Бұл нысан университеттің өз қаражаты есебінен тұрғызылған. Оның құны 442 миллион 923 мың теңге. Жаңа ғимараттың төменгі қабатында студенттік медициналық орталық ашылды. Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен осы орталықты аралап көрді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орындарында білім беру сапасын жақсарту мен қазіргі заман талабына сай білікті кадрлар әзірлеу ісіне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы тұрғыда БҚАТУ еліміздегі техникалық бағыттағы оқу орындары арасында үшінші орын алады. Бұл университет Ресей мен Германиядағы және Латвиядағы жоғары оқу орындарымен ондағы ғылыми-зерттеу институттарымен, салалық министрліктерімен сондай-ақ бизнес орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Мұнда оқытушылар мен студенттердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлінуде. Осы мақсатта соңғы екі-үш жылда оқытушылар үшін 72 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Енді, міне, биыл тағы да 44 оқытушылар отбасы жаңа пәтерлерге ие болып отыр.
Бұл, сөз жоқ, жоғары оқу орнындағы білім сапасының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізеді. Студенттерге арналған 560 орындық тоғыз қабатты жатақхананың құрылысы басталған. Ол тәуелсіздіктің 20 жылдығына тартуымыз, – дейді оқу орнының ректоры Қазыбай Бозымов.
Пайдалануға берілген медициналық орталық қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Бақтықожа Салахатдинұлы жаңа 44 пәтерлі үйдің ашылу рәсімі кезінде мәшине жасау факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаевқа, оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі департамент директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нүркен Ғұбашевқа, мониторинг және білім сапасы менеджменті басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының кандидаты Тұрсынзада Қуанғалиеваға пәтер кілтін өз қолымен табыс етті.
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.