• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Президент поштасынан

368 рет
көрсетілді

Ынтымақтастық арта береді Мемлекет басшысының атына шет ел мемлекет және үкімет бас­шыларынан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 19 жылды­ғымен құттықтаған хаттар келуін жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің хатында: «Ас­тана­дағы ЕҚЫҰ Саммиті кезіндегі біздің кездесуімізді және ашық әңгі­мемізді үлкен қанағаттанушылық сезіммен есіме аламын, Сізге жылы шы­райлы қабылдауыңыз және іс-ша­раны жоғары деңгейде тамаша ұйымдас­тырғаныңыз үшін алғысымды айтамын. Мен Қазақстанның әсем елордасында өткен Саммиттегі достық байланыстар және шешімнің қабылдануы ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдердің арасындағы қарым-қатынастарды, сондай-ақ біздің мемлекеттеріміз арасындағы екі жақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін мықты іргетас болатынына сенемін. Литва Қазақстаннан төрағалық тізгінін қабылдай отырып, Сіздер тарапынан берілген төрағалықтың жоғары стандарт­тарын сақтайтын болады. Мен ЕҚЫҰ «үштігі» аясында Қазақстанмен тығыз және жемісті ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенімдімін», деп атап өтілген. Түркия Президенті Абдулла Гүл Қазақстан Президентіне жолдаған ха­тында: «Сіздің көреген саясаты­ңыздың арқасында Қазақстан дамыған әрі халықаралық деңгейде өте беделді мемлекетке айналды. Қазақстан жетістік­терінің арқасында, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Астанада өткен Саммит қазақ­стандықтардың бейбітшілік пен тұрақ­тылыққа деген ұмтылысын көрсетіп берді. 2010 жыл біздің екі жақты стра­тегиялық маңызды қарым-қатынас­тарымыздың жемісті жылы болды. Сіздің бастамаңыз бойынша 2011 жылы Қазақстанда өтетін Түркітілдес елдердің ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің бірінші саммиті біздің халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санай­мын», деп жазады. Украина Президенті Виктор Яну­ковичтің хатында: «Сіздің жаһандық  сипаттағы бастамаңыз Қазақстан Рес­публикасын әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшелерінің қатарына қосты, жетекші халықаралық ұйымдардың қызметіне едәуір қарқын берді. Біздің тарихымыздың ортақ беттері, екі жақты стратегиялық мүдделеріміздің болуы Қазақстанды Украинаның аймақтағы сенімді серіктесі жасайды және біздің халықтарымыздың игілігі үшін Украи­на-Қазақстан қарым-қатынастарының ертеден келе жатқан әлеуетін іске асырудың кепілі болып табылады», деп атап өтілген. «Тату көршілестік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген Өзбекстан мен Қазақстан ара­сындағы дәстүрлі достық қарым-қаты­настар екі ел халқының игілігі үшін және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүд­десіне алдағы уақытта да қызмет ететініне сенемін», делінген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтің құттықтау хатында. Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жыл­ды­ғымен Молдова Республикасы Пре­зи­дентінің міндетін атқарушы Михай Гимпу құттықтайды. «Молдова мен Қа­зақстан Республикасы арасындағы сын­дарлы үнқатысу мен тығыз ынты­мақтастық келешекте де достық пен өз­ара түсіністікті нығайтуға, біздің халық­тарымыз арасындағы өзара тиімді бай­ланыстарды дамытуға қызмет ететініне сенім білдіремін», деп атап көрсетілген құттықтауда. Австралия Достастығының генерал-губернаторы Квентин Брайс өз хатында: «Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар саяси, ресми және іскерлік байланыстарды кеңейте отырып, оң сипатта дамуын жалғастырады. Австралия Қазақстанның төрағалығы қарсаңында, 2009 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі азиялық серіктесі болды. Бұл біздің екі жақты байланыстарымызды нығайту және ха­лық­аралық мәселелер бойынша өзара іс-қимылымызды күшейту үшін қо­лайлы мүмкіндіктер туғызады», деп жазады. Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауларды Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Король­дігінің Патшайымы Елизавета II, Сан-Марино Республикасы капитан-регенттері Дж.Ф.Уголини мен А.Зафферани, КХДР Жоғары Халық Жиналысы Президиумының Төрағасы Ким Ен Нам жолдаған.