Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елімізде бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға
Астана Декларациясы жарияланғанда туған ойлар
«Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдыздарға қарап жол табуға болады... Жұлдыздар болмаса, адасуы мүмкін». 2010 жылғы желтоқсан айының 2-сі күні сағат түнгі он екіде еліміздің бас қаласында Астана Декларациясы қабылданған сәтте менің ойыма Мың хадистегі ғұлама данышпандарды жұлдызға теңеген осы бір айтары анық, бояуы қанық бейнелі сөздер оралды. Астана Саммитінде бас қосқан 56 елдің басшылары өңшең ақылман, өңкей «сен тұр, мен айтайын» сынды ығай мен сығайлар ғой. Өз елдерінде мыңдардың ғана емес, миллиондаған адамдардың көшін бастап жүрген олар «Мың хадисте» айтылғандай аспандағы жұлдыздар емес пе? Қараңғы түнде адамдардың жұлдыздарға қарап жол табатыны рас қой. Ендеше, Астана Саммитінде өз елі, өз халқының мүддесін қорғап, сөз сайысына, ой жарысына түскен саясат саңлақтарын аспандағы жұлдызға теңесек айып па? Жұлдыз болуды да Жаратқан ием елдің бәрінің маңдайына жазбаған. Олай болса, жұлдыз болу да бақыт. Ал, жан-жағына сәуле шашқан жарық жұлдыз болу – адамды таңдап табатын, талғап қонатын аса үлкен бақ, сирек бақыт. Астана Декларациясын қабылдау барысында пікір алуандығынан туған қиын сәтте қиялап жол тапқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мен жұлдыздардың сұлтанына – жарық жұлдызға теңедім. Асыра сілтеп артық мадақтады демеңіздер. Нұрекең біздің мадағымызға зәру де емес. Мақтау, мадақ керек болса, 55 елден келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өкілдерінің бәрі де Нұрекеңе деген құрметін жасырмай, мақтауын асырды. Біздің Елбасымыздың атына айтылған жылы лебіз, мадақ сөздерін сауысқаннан да сақ, жоғары баға беруге өте сараң шетелдік саясатшылардың елдің бәріне бірдей бұлай ағынан жарылып, ақтарыла бермейтіні тағы талассыз. «Бәрін айт та бір айт, коллективтің жырын айт», деп Бейімбет Майлин айтпақшы, бәрінен бұрын Астана Саммитінің ұтымды да ұтқыр, сәтті де шебер ұйымдастырылып, табысты өткенін айтсаңшы! Елбасым үшін алаңдамас кезім жоқ, Елім мен Елбасы – Ұлт Көшбасшысының тілеуін тілеп жүрген өз басым. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланысты соңғы жылдары талай толқу мен толғанысты бастан кештім. Ең алдымен төраға болып, төрге озсақ деп армандадым. Сосын Мадридтен төрағалыққа сайланғанымыз жайлы қуанышты хабар келгенінде, Елбасымыз жыл басында төрағалыққа байланысты бейнеүндеу жариялағанда, Алматы маңындағы Ақбұлақта 56 елдің сыртқы істер министрлері кездескенде, онан кейін Ауғанстанда сан елдің саңлақ саясатшылары бас қосқанда тәуелсіз елімнің тілекшілерінің бір ретінде қуаныш, толқу, толғаныс сезімдерін бастан кештім. Сол ой, сезімдерімнің бәрін дер кезінде жазып, газеттерде жарияладым. Астана Саммиті кезіндегі сезімдердің орны тіптен бөлек. Саммит басталғанда өрекпіген жүрек орнына түсіп, теледидарға телмірдік. Сәтті басталған Саммит жақсы жүріп жатыр деп қуандық. Желтоқсан айының 2-сі күні түс кезінде болатын қорытынды мәжілісті асыға күттік. Ол қайта-қайта кейін шегерілген сайын 56 көзқарастағы 56 елдің бір мәмілеге келуі өте қиын болып жатқанын сезіп, «Жаратқан Ием, бір өзің жар бола гөр, Қазақстанның биікте жанған жұлдызын көмескілендірмей, онан әрі жарқырата түс!» деп Алла тағаладан тілек тіледік... Ақыры асыға күткен сәт те жетті. Түнгі сағат 12-де қорытынды баспасөз мәслихаты мәжіліс басталды. Оны ашар сәттегі Елбасының шаршаған жүзіне қан жүгіргенін көріп, Астана Декларациясы қабылданған екен деп қуандық. Сезім шіркін алдамапты, тілектес жүрек жаңылмапты. Астана Декларациясы қабылданыпты. Уралап, бөркімізді аспанға аттық. Тәуелсіз Қазақстанның жұлдызы тағы да биіктен жанды. Кемел ойлы кемеңгер ел – Қазақстан тағы бір асқаралы биікке көтерілді. Астана Декларациясының қабылдануы – Қазақстанның жаһандық деңгейдегі, әлемдік биіктегі тарихи ұлы жеңісі! Бұл, ең алдымен, Н.Ә.Назарбаевтың арқасында келген жеңіс. Астана Декларациясын қабылдау барысындағы қиындықтардан қиялап алып шыққан Нұрекеңнің халықаралық биік беделі ғана емес, жаратылысынан данышпан болып туған Ұлт Көшбасшысының ұлылығы! Әріптестеріне сөзін өткізе білетін алғырлығы! Жүзінен нұр төгілген Нұрекеңнің сүйкімділігі мен адамдармен тіл табыса алатын ақылдылығы. Тұла бойында сан адам санап тауыса алмас талай қасиеттер тоғысқан Нұрекеңдей көсемі бар қазақ халқы бақытты. Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтсақ: «Назарбаев – халықтың бағы». Бағымызды бағалай білейік, ағайын. Басқа қонған бақыт та құс сияқты, бағалап, баптасақ өзіңмен өмір бақи бірге болады, бағасын біліп, қадіріне жетпесек, үн-түнсіз ұшып кетеді. «... Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға! Сондықтан, бұл біз үшін мыңжылдықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын тарихи жағдай! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін тарихи құжат – Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік! Сондықтан еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған алқалы саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін», – деді Астана Саммиті жайлы Елбасы Н.Ә. Назарбаев. Мұншалықты ұлы іс, ұлы күш-жігер, асқан ұйымшылдық пен іскерлік, білім-біліктіліктің арқасында жүзеге асты. Елбасы атап айтқандай: «Оған ел болып атсалысып, еңселі ел екенімізді көрсеттік». Аса ауқымды шараның жоғары деңгейде өтуіне оған қатысқандардың бәрінің де белсене атсалысқаны анық. Тікелей араласпаған мың-миллион отандастарымыздың тілекші болғаны тағы талассыз. Осынау жаһандық ауқымдағы тарихи ұлы істегі жүктің ауырын көтерген, Астана Декларациясын қабылдауда шешуші рөл атқарған Н.Ә.Назарбаев екені анық. Ұлт Көшбасшысының халықаралық биік беделі мен даналығының арқасында қол жеткен жеңіс бұл. «Біз Италияны құрдық. Кәне, итальяндық болайық», депті Біріккен Италияның тұңғыш премьер-министрі Камило Ковур (1810-1861). Осы ұлағатты сөздің үдесінен шыққан халқымыз тарихи қысқа мерзімде – небәрі он тоғыз жылда Қазақстанды құрып, қазақстандық бола білді. Енді, міне, Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы жалпыға ортақ бөлінбейтін және ұжымдық қауіпсіздікке арналған, аса маңызды мәселелерді талқылаған Астана Саммитін өткізіп қана қоймай, Астана декларациясын қабылдап, тағы бір биікке шықты. Бұл – Қазақстанның арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы оқиға! Қуаныш ұзағынан болсын, ұлы Елім! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, «Парасат» орденінің иегері. Алматы.