• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Қаңтар, 2017

Балалар мүддесі басты назарда болуы тиіс

7250 рет
көрсетілді

Заңдарды жетілдіру құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемаларды жою мақсатында жүзеге асырылады десек, ең алдымен, заңдылықты жетілдіруді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі – ата-аналарынан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру мәселесі дер едік. Себебі, өткен жылдардың статистикалық көрсеткіштері алимент өндіру туралы сот шешімдерін орындау саласындағы жағымсыз жағдайдың қалыптасып отырғандығын көрсетеді.

Неке және отбасы туралы кодекс­тің 138-бабына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке тол­ма­ған балаларын күтіп-бағуға мін­детті. Кәмелетке толмаған бала­лар­ды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес ай­қын­дайды. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алы­нады. Кодекстің 139-бабына сәй­кес, алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке тол­маған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.

Бұл үлестердің мөлшерін сот тарап­тардың материалдық немесе от­басылық жағдайларын және назар аударар­лық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Кодекстің 169-бабына сәйкес, алимент төлеу туралы атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі. Осы кодекстің 139-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өн­діріп алу кезіндегі орташа айлық жал­ақы­ның мөлшері негізге алына отырып айқындалады.

Ерекше алаңдаушылық туғыза­тын жағдай – «әлеуметтік-маңыз­ды» санаттағы құжаттарды орын­­дау және атқару (алимент, жал­ақы). Сот орындаушылары та­ра­пынан қағазбастылық, атқару­шы парақты және өндірісті жоғал­ту фактілері орын алуда. Борыш­кер­лер кірістерін жасырады, өздері ты­ғылады, оларды іздеумен еш­кім айналыспайды. Барлық әлеу­мет­тік маңызы бар санаттағы атқа­ру құжаттары (алиментті және жал­ақыны өндіріп алу) жаңа жылдан бас­тап жеке сот орындаушылар қарауына кірді. Сондықтан, жеке сот орындаушылары қызметінің қолжетімсіздігіне байланысты азаматтардың наразылығы туындауда. Бұл проблеманың шығуы менің ойымша, жеке сот орын­дау­шы­ларының сот шешімін тез орын­дамауы. Демек, әділет орган­дарының тарапынан қатаң бақылау қажет. Қазіргі кезде осы мәселені Бас прокуратура құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде қарастыруды жоспарлап отыр.

Елбасымыз 2012 жылғы «Қазақ­­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен бала­ға қарсы бағытталған қыл­мыс үшін, оның ішінде алимент төлемегені үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейту қажеттігін атап өткен болатын. 2015 жылға дейін балаларын күтіп-бағуға арналған қаражат­ты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару үшін жауапкершілік 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 136-бабында қарастырылған болатын. Осы бап бойынша қыл­мыс­тық істер жеке айыптау істері­не жатқызылып, өтініш білдіру­шілер кінәлілерді жауапқа тарту мақсатында тікелей сотқа жүгі­нетін. Соңғы жылдардағы ке­йбір мәлімет бойынша, осы санат­тағы 2 304 өтініштің ішін­де ақтап алу негізінде 1 қыл­мыс­тық іс тоқтатылған; ақталмайтын негіздер бойынша – 1 284 қылмыс­тық іс қаралған; 170 адам сотталып, қал­ғандары келесі жылға өт­кен. Іс­тің көбісі аяқталып, кінәлі азам­ат­­тар жауапқа тартылған болатын.

Ал бұрнағы жылы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының 139-бабына сәйкес қылмыстық істер жеке-жария айыптау істеріне жатқызылып, сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын ішкі істер органдары жүргізетін болды. 2015 жылы ішкі істер органдарына ата-ананың кәмелет­ке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз ба­лаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамағаны туралы 8 487 құжат жолданған. Оның ішінде ақтап алу негізінде 7 882 және ақталмай­тын негізде 210 құжат бойынша қылмыс­тық істер тоқтатылған. 104 қылмыстық іс сотқа жолданып, 61 адам сотталған. Осы орайда, ішкі істер органдары сотқа дейінгі тексеру барысында жауапқа тартылған азаматтар жұмысқа қабілетті болса да, олардың жұмыссыздығын алға тартып, жауапкершіліктен босатып, қылмыстық істердің 92%-ын ақтап алу негізінде тоқтатты. Бұл – кәмелетке толмаған балалардың мүддесін емес, олардың тұр­мыс-тіршілігіне қажет қаражатты төлеу­ден жалтарып жүрген жауап­сыз әкелерді қорғаудың айғағы.

Сондықтан балаларын күтіп-бағу­ға арналған қаражатты төлеу­ден жалтарып жүрген адамдардың жаза­­­сын заңнамамен күшейту қажет деп санаймын.

Балаим КЕСЕБАЕВА,

Мәжіліс депутаты