Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылында ешкі өсіру фермасының құрылысы басталды. Республикамыздағы екінші жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Мұнда болашақта 5000 бас асыл тұқымды түлік өсірілмек. Ферманың өндірістік алаңы 10 гектарды құрайды.
«Зеренді асыл тұқымды шаруашылығы» аталатын ЖШС құрылтайшылары Хамит Фаезов пен Ермек Лұқпановтың айтуынша, ферма алдағы көктемде жұмысын бастайды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірінші кезекте Еуропадан алып келінетін асыл тұқымды мал жайғасатын қора мен сүт зауыты салынады. Жабдықтар келісімшарт бойынша Италиядан жеткізіледі. Сүт өндірудің толық циклін қамтитын жұмыс түгелдей автоматтандырылған. Мұнда 30-50 аралығында жұмыс орны құрылады. Олар италиялық мамандардан сабақ алады.
Өңірде бұрын болмаған жоба авторлары орта есеппен әр түліктен 800-ден 1200 литрге дейін сүт алынады деп отыр. Тұтыну нарығына ешкі сүті, айраны, майы, кілегей мен ірімшігі шығарылмақ. Бұл өнімдерге Италия мен Қытай қызығушылық танытып отырғанын білдік.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.