• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2016

Барымызды бағалай білейік

362 рет
көрсетілді

Қой жылына өкпеміз жоқ. Қиындықтарынан гөрі биік асу-белестерімен көбірек есте қалды. Шүкіршілік, еліміз бо­йынша ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз баршылық. Енді, міне, Мешін жылының арайлы таңы атып, қарышты қадамдарға жетуді белгілеп отырмыз. Елбасы жаңажылдық құттықтауында Тәуелсіздігімізді баянды ету, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту жолындағы қазақстандықтардың өлшеусіз еңбегін атап өтіп, алда өкпегі көп бұралаң жолдардың күтіп тұрғанын, бірақ бұл өткелден де қиналмай шығатынымызға сендірді. «Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жос­пар» деген еді Президентіміз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында. Ондағы мақсат–қазақ ұлты мен жүздеген этностар мекендейтін ортақ Отанымызды әлемдегі дамыған елдің қатарына қосу, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету. Жаңа жаһандық сын-қатерлерге қарсы Мемлекет басшысы белгілеп берген біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоя отырып, жұртшылық болып еселі еңбек ететін болсақ, тұғырымыздың биік болары анық. Ұрыс кірген үйден ырыс қашатыны белгілі. Оның тала­йын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарып жүргенде кезіктірдік. 90-жылдардың басында жетпіс жылдан астам уақыт дәуірлеген Кеңес Одағының мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарының іргетасы сөгіліп, қабырғаларының те­мір құрсаулары күйреп, жан-жақты бытырап кетуінің себебі, «тоқырау» деп айдар тағылған күйзеліске ұшырау, «қайта құру» бағдарламасының жүзеге аспауы, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің сыр беруінен еді. Нұрсұлтан Әбішұлы дүниежүзі мемлекеттерінің барлығы дер­лік ертеден бейімделіп, атқа­ратын еркін экономика­лық шаруашылық жүйесіне ауысу, тоталитарлық басқарумен, бұй­рықпен атқары­латын істерді либералды саясат жолымен шешу жолдарын терең ұғынып, тәуелсіз даму бағыттарын тынымсыз іздестірумен болды. Еңсесі түскен халықтың санасын ояту, рухын көтеру, болашаққа сенімін бекіту, хал-ахуалдың жақсаратынына сендіру, жасампаз істерге бастау ұзаққа созылған сын уақыты болса да, елдігімізді шыңдайтын өліара тұстан аман-есен өттік. Ендігі міндет, ортақ шаңырағымыздың игілігі үшін «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» қағидасын берік ұстана отырып, жинақтаған тәжірибелерімізді, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына сіңіру болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден аса денсаулық нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы бой көтеріпті. Алдағы бақуатты тұрмысымызды жақсартатын әлеуметтік міндеттемелерді бар­лық салалар бойынша ұшыратуға болады. Ендігі мәселе, әркімнің жеке басының іскерлігінде, жауап­кершілігінде, басшылардың қарамағындағы қызметкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдыра білуінде, халықтың сенімін ақтай білуінде. «Үкімет бар, асырайды» деген психологиядан арылып, еліміздің алдында тұрған тарихи жауапкершілікті терең түсіну арқылы биік талаптар үдесінен шыға білсек, Мешін жылы да мерейлі белестерге толы болары анық.  Құдайберген ҚАЛИЕВ, «Құрмет» орденінің иегері, облыстың құрметті азаматы. Солтүстік Қазақстан облысы.