• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2016

Қиындықтар құрсауында

296 рет
көрсетілді

Сириядан Канадаға тағы да 1,8 мың босқын барады

Ең кемінде 1,8 мың сириялық босқын 2015 жылдың соңына дейін Канадаға келуі тиіс. Бұл жөнінде өткен жексенбіде CTV телеарнасы хабарландыру таратты. Телеарна хабарламасы бойынша 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін Монреалға (Квебек провинциясы) тағы да 6 әскери-көліктік ұшақ келіп қонады. Олардың әрқайсысында 300-ге тарта босқын болады. Оның үстіне 100 босқын Канадаға мемлекет есебінен жеткізіледі. Ал көпшілік бөлігінің елге жеткізілуі жеке адамдардың есебінен өтеледі. Қазіргі уақытта Канадаға 2,2 мыңға жуық сириялық босқын жеткізілген болатын. Енді 3,6 мың­нан астамы осы елге келу үшін барлық қажетті құжаттарға ие болды. Қазіргі күні Канадада 19,5 мыңға жуық сириялықтың осы елге келу жөніндегі өтініштері қаралу үстінде. Өткен аптаның соңында Имиграция, босқындар және азамат­­тық істері жөніндегі министр Джон Маккаллум бұры­нырақта беріл­ген уәдеге қара­мастан 2015 жылдың соңына дейін 10 мың сириялықтың Канадаға келмеуі де мүмкін екен­дігін атап көрсетті. Оның айтуына қарағанда, мұның себебі әртүрлі жағдайларға байланысты. «Мәселен, олардың жыл соңына дейін келіп үлгеруіне қолайсыз ауа райы жағдайы немесе адамдардың өз сапарларын кейінірек мерзімге қалдыруы да әсер етуі мүмкін», деді министр. Ол сонымен қатар, 2016 жыл­дың ақпан айының соңына дейін Канададағы билік органдары 25 мың сириялықты елге әкелу жөніндегі өздері қабылдаған міндеттемені орындап шығуды ұйғарып отырғандықтарын жет­кізді. 2015 жылдың желтоқсан айының басында Маккаллум Кана­даның 2016 жылдың нау­рыз айына дейін өз аумағына 35 мың сириялық босқынды әкеліп орналастыруға дайын екендігін мәлімдеген болатын. Соның ішінде босқындардың 25 мыңы мемлекет есебінен, ал 10 мыңы жеке азаматтардың төлемінің есебінен жеткізілетіндігі хабар­ланған еді. Мұнан сәл кейінірек Маккаллум Канаданың 2016 жылдың соңына дейін Таяу Шығыс елдерінен шық­қан 50 мыңға дейін босқынды қабылдай алатындығын айтқан болатын. Ал осы босқындар мәселесіне қатысты ең бастапқы әңгімеде Джастин Трюдоның үкіметі өзінің сайлауалды берген уәдесіне сәйкес 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін 25 мың сириялық босқынды қабылдайтындығы хабарланған еді.

300-ге жуық отбасы Бейрутқа көшіріледі

«Сирияның солтүстігіндегі шиит елді ме­кен­дерінен шамамен алғанда 300 отбасы кө­шірілетін болады. Оларды көшіру 4 қаңтардан басталады», деп хабарлады Рейтер агенттігі рес­ми көздерден алынған ақпараттарға сілтеме жасай отырып. Қазіргі күні елдің солтүстік-батыс бөлігіндегі Идлиб провинциясындағы бейбіт тұрғындар осы өңірді басып алған қарулы жасақтардан зардап шегуде. Сондықтан мұндағы тұрғындардың бір бөлігі Түркия шекарасына дейін жеткізіліп, одан әрі Бейрутқа жөнелтілмек. Осы агенттіктің тағы бір ақпараты бойынша Дамаскіден 30 шақырымдай жерде орналасқан Забадани қаласындағы көтерілісші тұрғындар Қызыл Крест ұйымының қолдауымен Бейрут әуежайына жеткізілетін болады. Сонан кейін олар Түркияға жөнелтіледі. Бейбіт тұрғындарды көшіру жөніндегі келіссөздер осыдан бірнеше ай бұрын БҰҰ қолдауы­мен басталған болатын. Қыркүйек айының соңында Дамаск қа­сын­дағы қалашықта үшінші рет әскери іс-қи­мыл­дарды тоқтатудың сәті түскен еді. Сирия әскер­лері мен террорлық топтар арасындағы келіссөздерді жүргізуге Түркия мен Иран жағы араағайын ретінде қатысты. Тараптар арасындағы келіссөздер өз нәтижесін берді. Әскерилер Забаданиде қоршауға алынған көтерілісшілер мен олардың отбасыларына осы өңірден шығып кету үшін қауіпсіз дәліз ұсынбақ. Ал «Джебхат ән-Нусра» мен «Джейш әл-Фатх» қарулы жасақтары өздеріне жасалынатын осындай қолайлы жағдай үшін шиит елді мекендеріндегі тұрғындарды қауіпсіз жағдайда көшіруге гуманитарлық дәліз ашатын болады. Осының алдында екі рет, тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында бейбіт тұрғындарды көшірудің және Идлибе елді мекенінен гуманитарлық көмек жеткізудің сәті түспеген еді. Өйткені, бұған терроршылар бөгет жасап, бейбіт келісімшарттарын бұзды. Сириядағы шиит елді мекендерінің тұрғын­дары соңғы екі жылдан бері қоршауда қалып отыр. Мұнда 25 мыңға жуық адам апатты гума­нитарлық жағдай деп есептелінеді. Олар­дың қатарында таяу маңайдағы қалалар мен ауыл­дардың тұрғындары да бар. Қазіргі күні қаланы халықтан құралған жергілікті жасақтар қорғап тұр. Олардың қатарында шииттермен бірге сүнниттер де бар екен.

Бейжіңде газбен қамтуға шектеу енгізілді

Қытай астанасының үкіметі өнер­кә­сіптік кәсіпорындар, мемле­кеттік мекемелер, офистік орталықтар және басқа да ғимараттарды газбен қамту мәселесіне уақытша шектеу­лер енгізді. Бұл жөнінде Синьхуа агенттігі хабарлады. Агенттіктің хабарлауы бойынша бұған қытайдың CNPC ком­па­ниясының жұмысында импортты газды жеткізу жөніндегі кешік­тірулер себеп болған. Ауа райы­­ның күрт бұзылуы осындай қолайсыздықтардың туындауына әсер еткен секілді. «Порт­қа келіп жеткен корабльдер ауа райының қолайсыздығына байланысты газды уақытында түсі­ріп үлгермеді», деп жазады агенттік Бейжіңнің муни­ципалдық үкіметінің мәлім­демесіне сілтеме жасай отырып. Шенеуніктердің мәлімдеуінше бұл шектеу шарасы тұрғын үйлерге жылу беру жүйесіне ешқандай бір қатысы жоқ. Синьхуа агенттігінің атап көрсет­кеніндей, қазіргі күні астаналық билік органдары қаланың газбен қамту жүйелеріне көгілдір отынды беру ісін тезірек қайтадан қалпына келтіру жөнінде CNPC компаниясымен келіссөздер жүргізуде. Бұл мәселе көп кешіктірілмей шешіліп, қаладағы газбен қамту қиындықтары жойылады деп күтілуде.

Бразилиядағы су тасқынынан 2000-нан астам отбасы өз үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды

Бразилияның оңтүстігіндегі Риу-Гранди-ду-Сул штатында ұзаққа созылған күшті жаңбырдан кейін су тасқыны орын алды. Осының салдарынан 2,2 мыңнан астам отбасы өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл жайында Globo телеарнасы хабарлаған. Телеарнаның мәліметтері бойынша елдің 12 муниципалдық штатында аталған табиғи апат салдарынан төтенше жағдай жарияланған. Соның ішінде ең ауыр жағдай елдің Аргентинамен шектесетін тұсындағы Уруг­вайана қаласында орын алған. Өткен сенбіде Бразилия пре­зиденті Дилма Руссефф зардап шеккен аудандарда болып, табиғи апат салдарын жоюға федералдық бюджеттен қаржы бөлетіндігі туралы уәде берді. «Адамдар қалыпты өмір жағдайына не­ғұрлым тезірек қайта оралуы үшін федералдық, өңірлік және му­ниципалдық билік органдары өзара әрекеттесе отырып, жұмыс істеулері қажет. Біз қазір өте күр­делі жағдайда қалып отырмыз. Өйткені, осы оқиғаның мерекелер кезінде орын алуы көңіл-күйге үлкен әсер ететіндігі анық», деді мемлекет басшысы. Су тасқынына тек Брази­лия ғана емес, сонымен қатар, Оңтүстік Американың Арген­тина, Парагвай, Уругвай секілді үш елі ұрынып отыр. Бұларда су тасқынынан зардап шеккен адамдардың жалпы саны 160 мыңнан асып жығылады. Сонымен қатар, үздіксіз жаңбыр мен қатты желдің салдарынан 6 адамның қаза тапқаны мәлім болды. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».