• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2016

Бағытымызды айқындаған басты мақала

526 рет
көрсетілді

Ұлы дала елі – ұлы арман жолында

Отандастарымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегін қызу қолдауда

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген тақырыппен бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Бұған себеп, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталған еді. Шын мәнінде, бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдаудың маңызы зор екені белгілі. Оның үстіне, олар бізді қазақстандық арманымыз – осы ғасырдың ортасына қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу арманымызға жетелейтіні анық. Сондықтан, газет жарық көрісімен қазақстандықтар Елбасының елдігіміздің ертеңіне ерекше бағдар беретін мақаласымен тек танысып қана қоймай, өздерінің жүрек түкпірлерінен шыққан лебіздерін де білдіруге асыққан болатын. Қазіргі таңда қоғам арасында Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын талқылау қызу жүргізілуде. Сондай талқылау кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп, оған бірқатар сарапшылар қатысты. Алдымен сөз алған Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясының Этнос­аралық қарым-қатынастарды зерттеу орталы­ғының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Ғылыми-сарапшылық кеңесі төр­ағасының орынбасары, социо­логия ғылым­дарының докторы Айгүл Сәдуақасова Елбасы өз мақаласында Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғандығын көрсеткендігіне ерекше назар аудартты. Соның ішінде бес институттық рефор­маның ең негізгісі – бірлігі жарасқан ұлтымыздың негізі мен бірегейлігін қалыптастыру. «Ұлттың бірлігін нығайтудағы қандай іс-әрекеттерді және қандай жоспарларымыз бар екенін атап өтті. Қазақстан биылғы жылы өз тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына аяқ басты. Осы жылдар ішінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеген кең-байтақ Қазақстан өзінің ғасырлар бойы жинақтап келе жатқан құндылықтарын басым еткізіп, өтпелі кезеңді бастан кеше отырып, экономикасы нығайған мемлекетті нық аяқтан тұрғызды», деп атады Айгүл Кәкімбекқызы. Бұл ретте, сарапшы қазіргі таңда әлемде көптеген қауіп-қатерлердің орын алып отырғандығын да тілге тиек ете кетті. Соның ішінде экономикалық дағдарыстар мен әскери қақтығыстар орын алып отырғандығына да назар аудартты. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы ең басты құндылық ретінде елдің бірлігі екендігін де ескерте кетіпті. Біздің татулығымыз деп рефор­малардың ішінде бірегейлік және бірлік деген бағытты атап өтеді, деді А.Сәдуа­қасова сөзін сабақтай түсіп. Осы бағытты қалып­­­тастыру үшін екі негізгі тетік қалып­тасқан. «Біріншіден, Қазақстан халқы Ассамб­леясы институты. Жүзден астам этнос­­­тық топтар тұратын Қазақстан жері олар­дың нақты Отаны. Бұл жерде «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымымыз бен бірлігімізді сақтап келе жатқан елміз. Бүгінгі таңда соны мақтан етеміз. Екіншіден, бұл жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясы. Елбасы осы идеяны 2012 жылы бірінші рет айтқан еді», деп атап көрсетті Айгүл Кәкімбекқызы. Соның ішінде, негізгі елдің құндылықтарын дәріптеп, болашақтан «Мәңгілік Ел» ұрпағын қазірден бастап тәрбиелеу үшін қандай жоспарларды жүзеге асыруымыз керектігі де нақты көрсетіліпті. Әсіресе, үштілдік білім жүйесіне ауысу жайы да назардан тыс қалмаған. Осы орайда сарапшы әлеуметтік, тіпті, мемлекеттік қызмет саласының ішінде де ешқандай нәсілдік, этностық қатыстығына қарамастан елімізде Конституциямен бекітіл­ген қазақстандықтардың барлығы­­­ның да мүмкіншіліктері бар деген қағидаты сақталғандығын атады. Елбасы өз мақа­ласында елімізде жүріп жатқан қарқынды модернизациялау процесінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген ең дамыған елдердің отыздығының қатарына кірумен ұштасып жатқандығына және ол былтырдан бері іс жүзінде жүзеге асып жатқандығына ден қойды. «2015 жыл бүкіл елімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы бары­сында «Үлкен ел –Үлкен отбасы» бағдар­ламасы басталып кетті. Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік жобалар да іске асырылып жатыр. Жалпы, елдегі тұтастықты және бірлік­ті нығайту – басты мақсат. Негізі бірегей­лік азаматтық негізінде қалыптасуы және нығаюы керек деген Елбасының тапсыр­ма­сы осы құжаттар арқылы іске асы­ры­луда», деді Айгүл Кәкімбекқызы. Соны­мен қатар, бірегейлікті және бірлікті нығай­ту мен дамыту тұжырымдамасы, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының даму тұ­­жырым­дамасы осы өткен жылдың соңғы күн­дері бекі­тіліп, үстіміздегі жылдың қаң­тары­нан бастап жүзеге асырылуда екені де аталды. Сондай-ақ, кешегі брифингте­ Эко­номикалық зерттеулер институты басқар­масының төрағасы Мақсат Мұқанов, осы институт төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиев және институттың кәсіп­керлікті дамыту орталығының директоры Нұрлан Құлбатыров мәселеге эконо­микалық тұрғыдан келді. Атап айтқанда, Жо­ғарғы заң шығару органы тарапынан қабылданған 59 заң экономиканың жаңа көрсеткіштермен дамуына негіз қалап отыр. Әсіресе, Елбасы мақаласында шағын және орта бизнеске, жалпы кәсіпкерлікке ерекше ден қойылғандығы ерекше аталды. Елімізде жүргізіліп отырған реформалар халықаралық қоғамдастық тарапынан бағаланып, елімізде іскерлік белсенділікті арттыру бағытында жеке бастамаларға қолдау білдіріліп, инвестициялық тартымды елге айналдыру бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».