• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Биік рух, ерен еңбек керек

463 рет
көрсетілді

Мемлекет тарихында ерекше бір кезеңдер болады. Мұндай уақыт елдің болашақтағы дамуында шешуші рөл атқаруы мүмкін екені белгілі. Қазіргі кездегі сырттан келген дағдарыс әсері қазақстандықтарды да сын тезіне салып тұр. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан дағдарыстың отандық экономиканы аз шарпуын қамтамасыз ету үшін барлық іс-шаралар қолға алынып келеді. Бұдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет алдында тұрған сын-қатерлерге жауап беретін Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялаған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік деңгейдегі дағдарысты еңсерудің жолдарына арналды. Биылғы Жолдау біздерді, бірін­шіден, «қиындықты Құдай салды, мен көндіммен» еркін, саналы түрде қабылдауға, екіншіден, қабылдай отырып, еңсені түсірмей, биік рухпен қиындыққа қарсы тұрып, жеңіске жетуге психологиялық тұрғыдан жұмы­луға шақырады. Өйткені, аз уақытта жоқтан бар жасап, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан ойып орнын алуға жігері жеткен елде қа­лай­­ша дағдарыс болуы мүмкін, дағ­­да­рыс біздің санамызда сияқты. Сол се­­бепті де Елбасы «Нұр Отан» пар­тия­сы мүшелеріне, басқа да саяси пар­­тия­ларға, үкіметтік емес ұйым­дар­ға жағдайды түсіндіру жұмыс­та­рын тиянақты жүргізуді жүктеп отыр. Шынында да біздің ғасырымыз – психологиялық тұрғыдан мықты адамдардың ғасыры. Әлемдегі беделді сарапшы орталықтардың бірі саналатын Стэнфорд университеті ғалымдарының зерттеуінше, адам­дардың 95 пайызы өмірдің негізгі қағидаларын естиді, түсінеді, келіседі. Бірақ қажетті ішкі сезімдерінің жетіспеушілігіне байланысты өмірде қолдана алмайды екен. Осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізген ХХ ғасырдың белгілі психологы Зиг Зиглар: «Бұл мәселені шешудің бір жолы – басқа адамдардың тәжі­ри­белері арқылы өз қажеттілігіне қол жеткізу», дейді. Ал танымал зерттеуші-ғалым Джон Максвелл: «Көп адамдардың жетістіктерге жете алмауы, кімдердің соңына ілесуді білмейтіндігінде», деп көрсетеді. Ұлы Абайдың да «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп жырлауы бізді адамзаттың оң тәжірибелерінен бой тартпауға шақырғаны деп білеміз. Елбасы да үнемі әлемдік дағда­рысты еңсеру мүмкіндіктерін саралап, кез келген қиындықтың әркімге арналған жетістікке жетудің жаңа баспалдағы деген көзқарасты ұстанып келеді. Ал Қазақстан үшін бұл қиындықты еңсеру соншалықты ауыр дей алмаймыз. Себебі, елін сара жолмен бастап келе жатқан басшымыз бар. Біз Елбасының 25 жыл бойы қолданып жүрген болашаққа сеніммен қарау, кез келген жағдайдан мүмкіндіктер табу сияқты ерекше қасиеттерін үйренуге және жүзеге асыруға мүдделі болуымыз керек. Кезінде, 2009 жылғы Жолдауында «уақыт өтеді, содан кейін біз осы дағдарысты да еңсергеніміз туралы айтатын боламыз» деп сабырға шақырған салиқалы сөзі бүкіл қазақстандықтарға жігер беріп, үлкен жетістіктерге жеткенімізді ұмытқан жоқпыз. Сөйтіп, билік пен халық арасындағы сенім арта түсіп, еліміз жаңа белестерді еңсеруін жалғастырды. Бұдан алар сабақ, мемлекет басқаруда Ел басшысына деген сенімді ештеңе алмастыра алмайды. Мемлекет басшысына сенім болмаған жерде елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, сеніммен бірге, біз Елбасын мақтағаннан гөрі, әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек ету арқылы қолдағанымыз дұрыс. Ендігі жерде әрқайсымыз өзі­міз­дің мүмкіндігіміз туралы қате тү­сі­­ніктерімізді жоя алсақ, халқы­мыз­дың ұлы қоры – еліміздің бір­тұ­тас ерік-жігерін, ішкі бірлігі мен тұрақ­тылығын пайдалана отырып, барлық қиыншылықтардан жеңімпаз болып шығуға болады. Уинстон Черчилль: «Қоғам қы­сым­ға ұшырағанда, жеке адамдар біріксе, жаңа жетістіктерге қол жет­кі­зудің мүмкіндігі мол», дейді. Бірақ Карл Маркс жазғандай, «ең алы­нуы қиын қамал – адамның бас сүйегі» екені де рас. Дегенмен, адам санасын өзгертуде осындай кезеңдерді дұрыс қолдану туралы Елбасының ұстанымын оңды пайдалану – жетістікке жеткізер тура жол. Кешегі экономикамыздың қауырт өсу кезеңіндегі «тынышталған» сананы дүр сілкіндірер уақыт қайта келді. Уақытты бекер уайымға жібермей, нақты шешім қабылдауды заман талап етіп отыр. Осы талапты оң пайдалана білген мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар, әрбір азамат қана бұл қиындықты пайдамен еңсереді. Ал Қазақстан бұдан қалай шығады? Ол бүкіл Қазақстан халқына байланысты. Оның ішінде мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Себебі, Елбасы айтқандай, «Қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие». Жолдаудағы инвестиция тарту, сырттағы капиталды әкелу, тең­гені құрметтеу, ұлттық өнімді арттыру, көлеңкелі экономикадан бас тарту сияқты мәселелердің сыртында ұлттық мүдде тұр. Сонымен бірге, осындай ұлттық мүддеге біріге оты­рып, ұлттық ар-ождан, ұлттық сана, ұлттық намыс бірлігіндегі кем­ші­ліктерді азайтамыз, еліміз дамуын­дағы ерекше рөл атқаратын ұлттық қадір-қасиет, ұлттық мінез-құлықты, ұлттық рухты шыңдай ала­мыз. Осылардың нәтижесінде ел бірлігі бұрынғыдан да нығая түсетін болады. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы өзінің Жолдауын­дағы барлық міндеттерді жүзеге асы­руда «Нұр Отан» партиясына ерекше жауапкершілік артқаны белгілі. Партия Төрағасының бұған дейінгі де тапсырмалары аясында бүгінгі күнге «Нұр Отан» біршама дайындықтармен келіп отыр. Басым бөлігін «Нұр Отан» партиясының мүшелері құрайтын Парламентте «Нұрлы Жол» бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты 60-тан астам заң қабылданды. Партия да өз алдындағы міндеттерді орындау мақсатында құрылымдық өзгерістер жасап, регламенттік құжаттар қабылдады. Басым күштерді жергілікті бастауыш партия ұйымдарына (БПҰ) беру арқылы әрбір партия, фракция мүшелерінің, депутаттардың жауапкершілігі арттырылуда. Орталық аппараттың жаңаша ұйымдастыру негізінде әрбір ақпарат БПҰ – аумақтық-аймақтық құрылымдар жүйесі арқылы жер­гілікті тұрғындарға жеткізілу жұмыс­тары орындалуда. Олардан күнделікті ахуал жайлы мәліметтер алу жолға қойылып, кері байланыс орнатылды. «Нұр Отан» партиясының филиалы, мәслихаттағы фракция, мәслихат байланысы күшейіп, жергілікті жер­лердегі өкілеттілік құзыреті артты. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жыл­дарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын орындау мақсатындағы әзірленген «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Аталмыш құжат қоғамдық институттар мен азаматтардың мемлекет­тік органдар қабылдайтын шешім­дерге кеңінен қатысуы арқылы қоғам­дық жауапкершілікті арттыруға бағыт­талған. Ендігі жерде, Қоғамдық институт мүшелері елімізде, облыста атқарылып жатқан жарқын істерді насихаттаумен қатар, жалқаулық, масылдық, керітартпалық, ысырап­шылдық, жөнсіз мәлімет тарату, дә­лел­сіз арызқойлық сияқты қоғам­дағы жағымсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарына да ар-ождан тарапынан жауапты болады. Жолдауда көрсетілгендей, дағ­да­рыс­тың барлығы өткінші, өтеді де ке­теді. Жаңа әлеуметтік саясат адам­дардың өмір сапасын арттыру жұ­мысын бұдан әрі де күшейте түсе­тінін Жолдаудан оқып-білдік. Алай­да, «мемлекеттің шектен тыс қам­қорлығынан ортақ іс-әрекеттің қуаты зардап шегеді» деген теорияны да естен шығармайық. Күні кеше ғана өмірден өткен заманымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы айтқандай «Бүгінгі отан­шылдық – төзім, бүгінгі ерлік – са­быр, бүгінгі елдік – тыныштық» жолын­да бір болайық! Шығыс дана­лығы «адамдардың пайдалысы – адам­дарға пайда келтіргендер» дейді. Олай болса, «бәріміз біріміз үшін, бі­рі­міз бәріміз үшін» биік рух, ерен еңбек­пен Ұлы Дала елін дамыта берейік! Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Қызылорда облысы.