ПЕТРОПАВЛ. 12 қаңтар. Биыл облыс орталығында 1011 пәтерлі 11 көп қабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы құрылыс алаңдарында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Береке ықшамауданында орналасқан Гастелло көшесі бойында 220 пәтерлік 3 көпқабатты үй бой көтереді. Бұдан тысқары 296 пәтерлі үш үйдің құрылысы жақын арада қолға алынады. Мердігерлікпен айналысатын «ПМК-5», «Стройкомпания», «Основание» компанияларының басшылары жергілікті құрылыс материалдарының сапалық, беріктік қасиеттерімен таныстырды. Юбилейный көшесі бойында тоғыз қабатты үйдің құрылысы аяқталып келеді. Қолданысқа берілсе, жалдамалы-коммуналдық баспанаға 126 отбасы ие болмақ.
«Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның қаражатына тоғыз қабатты екі тұрғын үй салынуда. Мамыр айында қолданысқа беріледі. Бас мердігерлер – «ДорСтройТрест» және «Руслан сервис ЛТД» компанияларының өкілдері жұмыстың кесте бойынша ұйымдастырылғанын жеткізді. Бүгінде 4 қабат тұрғызылды, инфрақұрылымдық желілер тартылды.
Тұтастай алғанда, облыс орталығында барлығы 1011 пәтерлі 11 үйді пайдалануға беру көзделген.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.