АҚТАУ. 12 қаңтар. Маңғыстау облысында зейнеткерге үкім шықты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қылмыстық іс Түпқараған аудандық сотында қаралған. Сот отырысында анықталғандай, зейнет жасындағы азамат 2015 жылдың қыркүйек айында Ақшұқыр ауылындағы өз үйінің ауласында орналасқан сарай ішінде үш адам болып арақ ішіп отырып, олардың біреуімен келіспей қалған. Нәтижесінде зейнеткер қарсыласының кеудесінен итеріп жіберген кезде, ол еденде жатқан жастыққа сүрініп, абайсызда шалқалаған күйінде артында тұрған шкафтың бұрышына желке тұсымен соғылады. Жәбірленуші арада 1 ай 13 күн өткенде облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Сотта сотталушы өзінің жасаған қылмыстық әрекетін толық мойындаған. Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігімен (абайсызда қазаға ұшырату) кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге шартты түрдегі жаза тағайындалған. Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сурет: trkterra.ru.