Әдеби сын болмаса, әдебиеттің өркен жаймасы белгілі жәйт. Кеңес одағының тұсында әдеби сын едәуір дамыды. Тәуелсіздік тұсында аталған салада аз-кем кідіріс байқалды. Дегенмен «сын – шын болсын» дейтін принципті ұстанатын қаламгерлер жоқ емес. Соның бірі – Бақыт Сарбалаұлы.
Қазақ қоғамы Бақыт Сарбаланы сонау 1981 жылы шыққан «Қызыл алма» атты әдеби сын мақалалары топтастырылған шығармасынан біледі. Одан кейін «Ақиқат сын» және «Өткірдің жүзі» атты жинақтары жарық көрді. Сыншылықтан бөлек, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын дендеп зерттегені әдебиет сүйер қауымның жадында. Оның сыртында, журналистикадағы жолы да бір төбе. Алматы облысы, Іле аудандық «Ильич жолы» газетінен басталған соқпақ әр жылдары «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас», «Жалын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді газет-журналдарда жалғасты.
Өмірде біртоға, салмақты қаламгерді әдеби орта шыншылдығымен мойындайды. Өздігінен әлдебір мансап-марапатқа ұмтылмайтын Бақыт Сарбала осыдан бірер күн бұрын Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық мәслихатының шешімімен «Ауданның құрметті азаматы» атағына ие болды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламының ұшымен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген қаламгерді осынау қуанышымен құттықтаймыз!
Ержан Байтілес.