АСТАНА. 12 қаңтар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасарлары тағайындалды. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада: «2016 жылдың 12 қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасарлары болып Алик Шпекбаев пен Талғат Татубаев тағайындалды», – делінген.
Алик Шпекбаев құқық қорғау органдары саласында мол тәжірибеге ие білікті маман. Әр жылдарда ол Алматы облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, Ішкі істер вице-министрі, Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
Ал өз кезегінде Талғат Татубаев Сыбайлас жемқорлық істерін ашу жөніндегі департамент басшысының орынбасары және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі болды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның баспасөз қызметі.
Сурет: tengrinews.kz.