Қытайдың бұрынғы қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары Ли Дуншэн пара алғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Елдің орталық телевидениесі CCTV-ның хабарлауынша, үкім Тяньцзинь қаласындағы сотта шығарылған.
Қылмыстық іс 2015 жылдың тамыз айында қозғалған болатын. Ли Дуншэн қызметтік лауазымын теріс пайдаланып, өзге адамдардың мүдделерін алға қойғаны, сондай-ақ, жалпы сомасы 21,98 млн. юань (шамамен 3,3 млн. АҚШ доллары) болатын пара алғаны үшін кінәлі деп табылған. Экс-шенеуніктің 1 млн. юаньды құрайтын жеке мүлкі тәркіленбек. Соттың бұл үкіміне бұрынғы саясаткер шағымданған жоқ.
Айта кетейік, 2013 жылы желтоқсанда Қытай коммунистік партиясы Ли Дуншэнді «тәртіпті өрескел бұзуға күдікті» болғаны үшін барлық атқарып отырған лауазымдарынан босатқан еді. Қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары қызметінен бөлек, Ли Дуншэн министрліктегі партком хатшысының орынбасары және Қытай коммунистік партиясының Бас хатшылығы мен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінде сектанттықтың алдын алуды басқарған. Ол қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары қызметіне 2009 жылы тағайындалған. Ал 2012 жылы қараша айында өткен Қытай коммунистік партиясының XVIII съезінде Ли Дуншэн партияның орталық комитеті мен оның саяси бюросына мүшелікке қабылданған еді.
Ернар МҰХАМБЕТ.