Өткен дүйсенбіде Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен сынға түсті. Тартысты өткен ойын нәтижесінде астаналықтар 4:1 есебімен басым түсіп, қатарынан бесінші рет жеңіске жетті.
Кездесудің бар болғаны 30-секундында қонақтар есеп ашты. «Ә» дегеннен алға ұмтылған «Барыс» ойыншылары Найджел Доустың дәл соққысының арқасында алға шықты. Үзіліске дейін айдын иелері таразы басын теңестірудің амалын тапты. Атап айтқанда, 15-минутта ойыншы басымдығын жүзеге асырған ресейліктер Дмитрий Воробьевтің көмегімен есепті 1:1-ге жеткізді.
Екінші кезең тағы да біздің команданың белсенділігімен басталды. Нәтижесінде 22-минутта Найджел Доус дубльдің авторы атанды. Соңғы кезеңнің алғашқы минутында «Барыс» ойыншылары есепті еселеді. Бұл жолы көк жолақтың бойынан қарсыластар қақпасын дәл көздеген Брэндон Боченскидің мерейі үстем болды. Арада 4 минут өткенде Доус үшінші шайбасын соғып, хет-трик жасады. Ойынның қалған уақытында есеп өзгерген жоқ.
Осы жеңісінен кейін Андрей Назаровтың шәкірттері 72 ұпаймен Шығыс конференциясындағы 7-орнын сақтап қалды. «Барыс» келесі кездесуін бүгін қонақта Ярославльдің «Локомотивімен» өткізеді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».