• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2016

Петропавлда спорт түрлерінен халықаралық жарыс өтті

287 рет
көрсетілді

Петропавл. 13 қаңтар. 9 –19 жас арасында Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған халықаралық жарысқа 140 акробат қатысты. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Анна Пенькова хабарлады. Анатолий Ямпольский – Қызылжар өңірінде спорттық акробатиканың негізін қалаушылардың бірі.  Ол жаттықтырушы, тәлімгер қызметтерін атқара жүріп, балалар мен жасөспірімдер мектебін ашты. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды.  Марқұмды еске алу турнирі былтыр тұңғыш рет өткізілсе, биыл халықаралық мәртебеге ие болды. Үш күнге жалғасқан сайысқа еліміздің 7 қаласынан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан сайдың тасындай іріктелген спортшылар қатысып, акробатика, акробаттық жолақ, батутта секіру бойынша күш сынасты. 15 және одан төмен жастағылар арасында (спорттық акробатика) павлодарлық қос жұп тұғырдың ең биік тұғырына көтерілді. 12-13 жас аралығында батутта секіруде Сергей Галицкий (СҚО) жеңімпаз атанды.  Акробатикалық жолақта   Қызылжар өңірінің түлектері Алина Мұхамеджанова (10 жастан төмен), Екатерина Морозова (15-17 жас) алтын медаль иеленді.  Ерлер арасында Алексей Перепаданың (Петропавл) бағы жанды. Акробатикалық жолақта өз топтарында Виталий Дель, Олег Ремигайло, Александр Шашковқа (СҚО) тең келер ешкім табылмады. Жалпы командалық есепте әйелдер арасында Иркутск қаласының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші, үшінші орындарға павлодарлықтар мен петропавлдықтар жайғасты.  Ерлер арасында   алаң иелерінің мерейі үстем болды. Өмір Есқали. Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.