• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2016

Атырау тұрғындары 5,8 млн. теңге өтемақы алады

260 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 14 қаңтар. Атырау облысында жыраға құлап өлген малдың иелеріне 5,8 миллион теңге төленетін болды. Бұл туралы Исатай аудандық әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұған дейін аталған аудандағы екі кен орны аралығында газ құбыры үшін қазылған жыраға құлаған жылқылардың қырылғанын хабарлаған едік. Осыған байланысты кеше Исатай аудандық әкімдігі ресми мәлімдеме таратып, төменде анықталған деректерді жария етті. «Мұнай компаниясының тапсырысы бойынша ілеспе газ құбырын салу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстар үшін ұзындығы 13 шақырым шұңқыр қазылған. Бұл жұмысты «Монолит Инвест Компани» ЖШС орындаған. Желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының бастапқы күндеріндегі жауған қалың қар мен борасын шұңқырларды толтырып бітеп тастаған. Осы себепті далада жүрген малдар қардан байқалмайтын шұқырларға түсіп өлген. Аудан әкімдігі бұл оқиғаға байланысты шұғыл мамандардан мен құқық қорғау органдары өкілдерінен арнайы топ құрып, мәселені жан-жақты қарау және өлген малдардың иелерін анықтау жұмыстарын жүргізді. Акт жасалды. Нәтижесінде 39 жылқы, 1 түйе малының өлекселері табылды. Малдың түрі, түсі, таңбасына қарай иелері анықталды. 13 қаңтарда мердігер мекеме – «Монолит Инвест Компани» ЖШС бас директоры Бибінұр Юсуповамен аудан әкімдігінде кездесу өткізіліп, қалыптасқан жағдайға байланысты алынатын шаралар келісілді. Компания мал иелеріне (17 адам) 5,8 миллион теңге өтемақы төлеуді мойнына алды», – делінген Исатай аудандық әкімдігінің ресми мәлімдемесінде. Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековпен бірге тапсырыс беруші жақ пен мердігер мекеме, құқық қорғау органдары басшылары оқиға орнына барып, тұрғындарға қолға алынатын шараларды түсіндірді. Маңдай терімен тапқан малынан айырылған тұрғындарға өтемақының төленуі аудан әкімдігінің бақылауына алынып отыр. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облысы, Исатай аудандық әкімдігі. Сурет: ktk.kz.