Лейпцигте мигранттарға қарсы ірі шеру өтті
Қаңтардың 11-і күні Германияның Лейпциг қаласында антиисламдық ПЕГИДА қозғалысының бастамасымен бірнеше мың адам қатысқан мигранттарға қарсы шеру өтті. Бұл шеру жаңа жыл қарсаңында Кельн қаласында мигранттардың әйелдерге тиісуінен кейін орын алды. Сондықтан, полиция өкілдері бұл мәселеге негізінен мигранттар жауапты деп отыр.
Шеруге қатысушылар ұлттық ұрандармен шыққан. Сондай-ақ, былтырғы жылы миллионнан астам мигрантты қабылдау жөнінде шешім шығарылғаны үшін канцлер Ангела Меркельдің атына қорлау сөздерін айтқан.
Дегенмен, неміс баспасөзі шеруге қатысушылардың саны күткендегіден аз болғандығын атап көрсетуде. ПЕГИДА қатысады деп күткен жүз мыңдаған адамдардың орнына, әртүрлі мәліметтер бойынша, көшеге шыққандардың саны бір жарым мыңнан екі мыңға дейін адамды құраған.
Осымен бірге, қалада ұлтшылдыққа қарсылық білдірушілердің акциясы да өткен. Олардың саны мигранттарға қарсылық көрсетушілер санынан едәуір асып, екі мыңнан үш мыңға дейінгі адамды құраған. Бір жақсысы, осы екі шараға қатысушылардың бір-бірімен кикілжіңге келуі байқалмаған. Бұл орайда оқыс оқиға тіркелмеген.
Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерлері ішкі істер министрі Ральф Егер мұның алдында әйелдерге шабуыл жасаушы барлық күдіктілер Германияға жуықта ғана келген Солтүстік Африка мен араб елдерінің адамдары екендігін мәлімдеген болатын.
Азиядан шыққандарға шабуыл жасалды
Бұдан бұрын хабарланғанындай, Кельн қаласында 10 қаңтар күні Азиядан шыққан мигранттарға қарсы кемінде екі шабуыл жасалды. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, шамамен 20 адамнан құралған топ алты пакистандыққа шабуыл жасаған. Осының салдарынан екі шетелдік жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Мұнан кейін DPA агенттігі бес адамның 39 жастағы Сирия азаматына шабуыл жасап, қысым көрсеткенін мәлімдеді. Осы оқиға салдарынан сириялық жеңіл жарақат алған. Әзірге орын алған осы екі оқиғаның, яғни екі шабуылдың арасында қандай да бір байланыстың болған-болмағандығы анықталған жоқ.
Кельннің Express газетінің хабарлауынша, рокерлер мен футбол бұзақылары Facebook әлеуметтік желісінде Кельн орталығында «шетелдіктерді аулау» жөнінде алдын ала келісімдер жасасқан. Бұл қылмыстардың жат-жерліктерге қысым көрсетуге қаншалықты негізделгендігін жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары анықтамақ. Бұл жайында 11 қаңтар күні полиция өкілі мәлімдеген.
Міне, осы уақыт аралығында неміс БАҚ-тары Лейпсиг және Гамбург қалаларында мигранттар тарапынан жыныстық тұрғыда қысым көрсетуге негізделген жаңа оқиғалардың тіркелгендігін, сондай-ақ, сириялық және ауғанстандық босқындардың Путтгардендегі паром стансасында еврей ұлтының өкілі болып табылатын 49 жастағы француздық бизнесменге шабуыл жасағандығын хабарлады. Шабуыл жасаушылар әуелде бизнесменді сөзбен қорлап, содан кейін аяғынан шалып құлатып, әмияны мен ұялы телефонын алып кеткен. Алайда, бұл екі бұзақы босқындарды уақытша орналастыру орталығына қарай бағыт алып бара жатқан пойыз ішінде ұсталған.
Екі жүзден астам индонезиялық елге әкелінді
2015 жылдың ішінде «Ислам мемлекеті» топтарымен байланысқа түсті деген 210 Индонезия азаматы шетелдерден шығарылып, өздерінің тарихи отандарына жіберілген. Бұл жайында елдің сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Аталған министрліктің Индонезия азаматтарын және заңды тұлғаларын қорғау департаментінің директоры Лалу Мухаммед Икбалдың берген түсініктемесіне қарағанда, бұл индонезиялықтардың көпшілігі (193-і) Түркияның аумағында ұсталған. Олар отбасын құрайтын бірнеше адам түріндегі шағын топтармен Сирия шекарасын кесіп өтпек болған. «Олардың бірқатары Сирия шекарасынан өтуге әрекет еткендіктерін мойындады. Енді бір бөлігі осы жағдайға байланысты өкініштерін білдіруде», деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің өкілі. Оның айтуынша, шетелдерден экстрадицияланған индонезиялықтармен қазіргі күні терроризммен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің мамандары жұмыстар жүргізуде. Бұл мамандар олардың «ислам мемлекеті» деп аталатын топтарға қаншалықты қатыстары бар екендіктерін анықтауда.
Қос бомбамен ақша қорын құртып жіберді
Бұған дейін хабарлағанымыздай, америкалық ұшақтар «Ислам мемлекетінің» ақша қоры сақталған ғимаратты жойып жіберді. Осы оқиғаға байланысты ақпараттар таратқан бірқатар ақпарат құралдары бұл оқиғаның терроршылардың мұнан кейінгі қызметіне кері әсерін тигізетіндігін хабарлаған. Өйткені, америкалық билік өкілдері осылай деп есептеп отырған көрінеді.
CNN телекомпаниясының хабарлауынша, Ирактың Мосул қаласындағы ғимаратқа екі қуатты бомба тасталған.
Осы оқиғаға байланысты Пентагонда «Ислам мемлекетінің» валюталық қоры сақталған ғимаратты қалай анықтағандықтары туралы нақты ақпарат берілмеген. Бірақ бейресми көздердің мәлімдеуінше, арнайы қызмет өкілдері содырлардың қай жерге ақша таситындықтарын анықтаған. Осыдан кейін операцияны әзірлеу жұмыстары жүргізілген.
CNN-нің хабарлауынша, АҚШ-тың қорғаныс министрлігіндегілер ақша қоймасының жойылуы «Ислам мемлекетінің» қаржы жағдайын айтарлықтай қиындатады деп есептейді. Өйткені, мұнда сақталынған ақша Сирия мен Ирактағы әскери қимылдарға қатысушы содырлардың жалақылары үшін жұмсалып келген.
БҰҰ бағалауы бойынша содырлар әр күн сайын Сирия мен Ирактағы мұнайды заңсыз сату арқылы 1,7 миллион доллар кіріс қаратады екен.
Жыныстық қысым көрсету оқиғасын жасырып келіпті
Швеция полициясы мигранттар тарапынан 11-12 жастағы жас қыз балаларға жыныстық тұрғыда қысым көрсетілгендігі туралы оқиғаны жасырып келіпті. Бұл оқиға 2014 және 2015 жылдары Стокгольмдегі «We Are Sthlm» музыкалық фестивалі кезінде орын алыпты. Bild газетінің швед билігіне сілтеме жасай отырып 11 қаңтар күнгі жазған хабарында осы мәндес бірқатар оқиғалар орын алған көрінеді. Өйткені, жыныстық қысым көрсету мен зорлау оқиғалары туралы кемінде 38 шағым тіркеліпті.
Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, мұндай әрекеттермен көбінесе Ауғанстаннан шыққан жас босқындар айналысқан. «Олардың бірқатары қысым көрсету барысында ұсталған. Сондай-ақ, төбелеске қатысушылар да болған», деп хабарлады полицейлердің берген есебіне сүйенген «Швеция Радиосы» бұқаралық ақпарат құралы. Осы БАҚ көзінің хабарлауына қарағанда, топқа біріккен шетелдік жастар қыздардың соңына еріп, ізіне түскен. Осы оқиғаға байланысты екі жүзге тарта мигрант күдікті деп табылып, фестиваль өтіп жатқан аумақтан шығарылып жіберілген. Бірақ бұл тәртіп бұзушылық жайында полиция ешқайда хабарламаған.
Сол кезде фестиваль тыныштығы күзетінде болған полиция тобының бастығы Петер Огрен кейіннен Dagens Nyheter газетінде бұл жайында ашық мойындап, өздерінің бұл туралы ақпараттарды жарыққа шығармағандықтарын айтқан. Өйткені, полиция жыныстық қысым көрсету бағытындағы мұндай оқиғалар «Швед демократтары» деп аталатын оңшыл консервативті партияның дау-жанжал ұшқындатуына әсер етеді деп шешкен. Аталған партия мүшелері болса елдегі босқындардың санын азайту үшін күрес жүргізуде.
Швед премьер-министрі Стефан Левен бұл оқиғаны «екіжақты сатқындық» деп атады. Ол бұл оқиғаны жыныстық тұрғыдағы қысымға ұшыраған әйелдер үшін де, сондай-ақ, «үлкен демократиялық проблемаға» ұрынған ел үшін де жасалынған сатқындық деп білетіндігін жеткізді. «Біз мұндай жағдайға көзжұмбайлықпен қарап, теріс бұрыла алмаймыз. Біз бұл күрделі проблемамен айналысуға тиістіміз», деп мәлімдеді премьер-министр. Оның бұл сөзі Expressen газетінде келтірілген.
Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».